Басты бет » Руханият » АПАСЫНЫҢ БАЛАСЫ

АПАСЫНЫҢ БАЛАСЫ

Ернар

 

Әкеміз ерте қайтыс болды да, тоғыз баланы асырап-жеткізу анамыздың мойнына түсті… Оны айтып та, жазып та жүрмін. Әрине, оңай болған жоқ… Бірақ, қайыспады, мүжілген жоқ, тіпті қиналғанын көрмеппіз…
Ұлын ұяға, қызын қияға қондырды… Бүгінде бала-шағасының: немере, шөберелерінің ортасында баянды ғұмыр кешіп жатқан бақытты ана.
Тұңғышымыз Ернарды туа сала бауырына салып алды. Бізді қалай тәрбиелесе, оған да дәл солай тәлім-тәрбие берді… Бар аналық махаббатын Ернарға төгудей-ақ төгіп келеді, жаны оның үстінде жүреді… Бір-бірін сондай жақсы көреді, ешкімге айтпайтын құпия-сырларына дейін бір-бірімен ғана бөліседі… Бізбен бауыр сияқты қарым-қатынас жасайды… Ол заңды да… Оған шын мәнінде қуанамыз…
Алғаш Алматыда мектепке барғанда сынып жетекшісі аты-жөнін сұрамай ма, сонда Ернар Әмірғалитегі депті де, қарап тұрыпты. Ұстазы:
– Әкеңнің аты кім? – дейді ғой. Сонда Ернар:
– Апа! – депті.
Мұғалімі «Апасы несі, мен сенің әкеңнің атын сұрап тұрмын ғой» десе де, «Апа» деп қайталай беріпті. Шыдамы таусылған ұстазы «Әй, шынымен де әкеңнің аты Апа ма?» – деп тықақтапты. Ернар саспай «Иә!» деп жауап беріпті. Содан амалы құрыған сынып жетекшісі «Қазақтар да атты қоя береді екен! Апасы несі?!» – депті де, журналға Ернар Апаұлы Әмірғали деп жазып қойыпты. Кейіннен сол ұстазы «Апасының баласы апасына шын берілген коммунист екен!» деп ішегі қатады ғой!

Кішкентай кезінде айтатын: «Мен үлкейгенде үйге келін әкеліп, апамды бағып-күттіріп қоямын. Ол апам екеумізге тамақ істейді, шай береді. Ал кешке мен апамның қасына жатам да, оны жалғыз жатқызып қоямын!» деп жиі айтатын. Бала қиялы ғой! Қазір осыны өзіне айтсақ, жылы жымияды да қояды…
Апасының баласы Астанада мектеп бітірді, бірақ телефонында тыным болмайтын… Қашан көрсең де апасымен сөйлесіп жататын, әңгімелері бітпейтін… Содан «жоғары оқу орнын апамның жанына барып оқимын, қасында тұрамын» деді де Алматыға тартып кетті. КИМЭП-ке түсті. Құдай бұйыртса, келесі жылы бітіреді. Жақсы оқып жүр… Жыл сайын бір жағымды жаңалық естіп қуанып қаламыз да, «Апасы тәрбиелеген бала жаман бола ма?!» – деп Құдайға тәубәшілік айтамыз…
Спортпен айналысады. Тіпті доп теуіп футболдың Меккесі атанған Испанияға дейін барып келді. Бокспен айналысты… Бірақ спортты қумады…
Мемлекеттік басқару, менеджмент, бизнес мамандықтарын таңдады. Талабына қарсы шығып, тауын шаққан жоқпыз. Бәрібір бізбен көп ақылдаса қоймайды… Бәрін апасы екеуі ақылдасып шешіп алады да, содан нақты шешімді ғана апасы бізге айта салады… Болды… Біздікі үнсіз мақұлдай беру… Мақұлдамай көр!… Не боларын?!. Басымыз да, жанымыз да екеу емес, тыныштық керек!..

 

16864726_599893610221548_4425471469507752406_n

Есесіне жылда көңіл серпілтер бір жаңалық естіп қуанып қаламыз… Былтыр өзі оқитын КИМЭП-тің депутаты атанды… Оның алдында «Ең үздік спортсмен» деген аталымда бақ сынаған. Енді биыл студенттер арасында «Ең үздік джентельмен» деген аталым бойынша сайысқа түсіп жатыр екен.
КИМЭП-тегі кейбір спорттық жарыстарды да өзі ұйымдастырып жүр… Жақында Алматыда өткен Универсиаданың да бел ортасында жүрді… Өйткені, КИМЭП-те сабақ тек ағылшынша өтеді ғой! Тілді жақсы білгеннен кейін Универсиаданы өткізушілер арнайы шақырыпты… Оны да абыроймен атқарып шықты…
Әрине, апасының баласының осындай кішігірім табыстарына кәдімгідей қуанып қаламыз, тақымымызды қысып отырамыз!
Апасының оған «Сенің жаман болуға хақың жоқ. Егер жаман болсаң, (бізді көрсетіп) мыналар, «тәрбиелегені осы ма?!» деп мені табаламай ма?! Мені сыйласаң, жаман атыңды естіртпе!» деп әзіл-шынын араластырып ақыл айтып жатқанын талай естігем.
«Апа-ау, менің жаман болуға хақым жоқ қой!» деп, өзің айтатындай, шынында да сенің жаман болуға хақың жоқ!
Апаңның атына кір келтірмей, аңсаған арманыңа, алдыңа қойған мақсаттарыңа шаршамай-шалдықпай жете бер, айналайын!

Думан Рамазанның «Фейсбуктегі» парақшасынан

Пікір жазу