Алижан Тұрғали 2011 жылдың маусым айында дүниеге келген. Дарынды балаларға арналған Сәкен Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 9-сынып оқушысы. Дина Нұрпейісова атындағы балалар музыка мектебінің түлегі, «Ақберен» жас ақындар мектебінің шәкірті.
Облыстық «Сәкен оқулары», «Абай оқулары», «Махамбет оқуларының», «Жайық толқыны» фестивалінің Бас жүлде, облыстық «Тартынбай сөйлер асылмын» оқушылар айтысының 2 орын иегері, Хамит Әбілов атындағы сыйлықтың лауреаты.
Шығармашыл оқушылар арасындағы «Ақберен» республикалық өнер байқауының жеңімпазы.
ҮШ РУХ
1.Дала рухы
Күмбір-күмбір…
Күрең дала кісінер,
Күрең дала сырын кімдер түсінер?!
Естілгенде өр даламның дүбірі,
Басқаға жат, жанға тылсым күш енер.
Жасыл далам, дархан далам, боз далам,
Мен де сенің бір түйірің – бозбалаң.
Алға мейлі, болсын тіпті артқа да,
Бір өзіңмен қозғалам!
Көрдің қанша – қырғын, жалған жаладай,
Кейбіреулер дұрыс тарих қаламай,
Сан өшіріп,
Айырған-ды нар ұлдан,
Сұм жүректі тұра алмас таламай!
(Далам-ай, қайран, далам-ай!)
Қайран далам, қайғы жұтқан – қара мұң,
Мен де өзіңмен қайғы жұтып барамын.
Неге десең,
Қанша жылдар өтсе де,
Тигізбейтін пенделер көп табанын!
Табан тайса, ержігітке тұру сын,
Ал тарихын далам жайлы бұру сын!
Сындырғанмен төл жұртының тағдырын,
Сындыра алмас,
Өр даламның Рухын!
Арылғанбыз!
Кезең басқа, мұң-зардан,
Құламаспыз, енді қайта шың-жардан!
Далам,
ділім,
тілім асқақ – Рухым,
Аласармас, тұғырында тұрғаннан!
2.Діл рухы
Біз – пендеміз!
Мен де, сен де, басқа да,
Қарамайды ақыл, ойға, жасқа да.
Ұлт жүректі адам болып тудың ба…,
Қазақылық діліңді еш тастама!
Бірді жығар күші тасқан білекті,
Мыңды жығар білімі мол – «тірі епті»
Ең бастысы, адам болғын!
Абайша,
Бірге ұста ақыл, қайрат, жүректі!
Жақсы адамдар азаяды күнімен,
(Ұрпағымын, алып жырдың үні – мен!)
Ділін білмеу, тілін білмеу мәңгүрттік,
Сол жүректі жалмайды көп шынымен.
* * *
Жүрегімді ауыртқанмен, аза мұң,
Тіл туралы, діл туралы жазамын.
Күннен, діннен ада болып жатса да,
Таза ділден айырылмасын қазағым!
Үш Рухым – үш бағыты сөзімнің,
Біз-қазақпыз, жаны сірі, төзім мың!
Ділім асыл тілімменен тыныстас,
Тіл тынысы – ешкім емес, өзіммін!
3. Тіл рухы
Қаншама тіл әлемде бар?!
Жүздеген…
Тіпті мың бар!
Әркім бөлек өзгеден.
Тек бір тіл –
Қазақ тілі – Азат тіл!
Тамыры мен тарихын бек үзбеген!
Бұл – мақтаныш, берілмеген ешкімге,
О, ұлы тіл, талай азап кештің бе?
Күнде күндіз сөйлеп жүрген тілімнің,
Сырын іздеп бастадым тек кеш-түнде.
Қазақ тілі – Бәйтерек тіл! Алып-ты,
Қанша ғасыр өтсе де, тік қалыпты!
Қанша елдер болса, бірақ…
Бұл тілді –
Дәл қазақтың ауызына әкеп салыпты!
Біріктірген мың-сан жанды, талайын,
(Баз өмірге өлең-өрнек салайын)
ҚАЗАҚ деген ҰЛЫ ТІЛден айырылсақ,
Осы мен-ақ, тілсіз болып қалайын!
Далам сүйсін шарықтаған қыранын,
Тілім сүйсін ұлттың асқақ ұранын!
Тілім менің – Ұлттығымның рухы,
Тілін сүйген мен де, Қазақ, ұланың!
АМАНАТ
(Жұбан Молдағалиевке арнау)
Жұбан ақын жырының,
Алған нәрін бірімін!
Ақын туған ұлы жер,
Мен де Жайық ұлымын!
Жайық-ақын жанысың,
Шабыт берген ағысың!
Жұбан жарын оқысам,
Көтерілер намысым!
«Мен қазақпын!»
Ірімін!
Биік ұстар ұғымын!
Ұлттың мұңын жырлаған,
Мен – Жұбанның тілімін!
Болсын деген азамат,
Жұбан жыры-ғаламат.
Кейінгіге жырлары,
Қалған мұра-аманат!
КҮЗ. ҚАЛА. МЕН
Күз де түсті.
Жаңбыр жауды.
Бұлт жөңкіді аспанменен таласқан,
Түнеріп-ақ тұрғандай ма…
Барлық қала, бар аспан?
Шашылыпты түрлі түсті жапырақтар сәнімен,
Ағаштарға жарасқан.
Мен келемін.
Түн ортасы…
Көше, қала ақ жауынға бөленді.
Жалғыз мен-ақ шабыттанып, ойша жазған өлеңді.
Тыныш көше.
Тыныш даңғыл…,
жүріп келем мен енді.
Аялдама, аялдама…
Көліктер де тоқтамайтын аялдама бұл енді.
Тыныш қала.
Тыныш көше.
Көрінбейді ешбір жан да маңайда.
Бірлі-жарым көліктер бар алайда.
Тыныс ашар ақ жауын да –
Арманымның жұпары.
Сол арманға жетемін мен қалайда!
ДОМБЫРА
Қатарласқан бар киелі пернесі,
Үнін тапқан қос ішектің кермесі.
Екі ішек серпілгенде үндескен,
Бірі – Исатай,
Ал біреуі –
Өр Махамбет жебесі!
Шанақ сұлу –
Шаңырағы – Қазағымның мақтаны,
Қонақкәде – домбыраның беттақтайын қаққаны.
Сықырлауық – жардай жалғыз тиегі,
Домбыраның сонда үлкен – Киіз үй боп шыққаны.
Құлақтарын – әрбір Қазақ біледі,
Бұрасаң сол екі құлақ – ойнайды да күледі.
«Ортасында тесігі бар»,
Тесігі емес, ойығы! – Домбыраның жүрегі!
Домбыра бұл – қазақ үні самғайтын,
Бабалардың аманатын жалғайтын!
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы
