Астана қаласы әкімдігінің Дінмұхамед Қонаев атындағы № 66 мектеп-лицейнің 7-сынып оқушылары үшін биылғы оқу жылы бұрынғыдан өзгерек басталды.
Бірыңғай сынып сағатында кәсіби қызметінде елеулі жетістіктері бар, еңбексүйгіштік, білімге деген ұмтылыс және отаншылдық құндылықтарының жарқын көрінісі болып табылатын құрметті қонақтың қатысуы ұсынылған-тын.
Білім күні қарсаңында шақырылған ерекше қонағымыз «Qazaqstan» ұлттық арнасының басты саяси ток-шоуы – «Ашық алаң» бағдарламасының белді жүргізушісі, сөйлесе сөз сойылын дөп соғатын шоқ тілді, қаламы қарымды, танымал журналист Ерқанат Көпжасарұлымен болған сыр-сұхбатымыз – балалардың жүрегінде өзіндік із қалдырғаны сөзсіз.
«Білімдіге дүние жарық» тақырыбында өткен танымдық сабақта Ерқанат Көпжасарұлы кәсіби журналистің болмысы мен басты қағидалары туралы, сондай-ақ өзі тізгінін ұстаған саяси ток-шоу «Ашық алаң» бағдарламасының басты мақсаты туралы әңгімеледі. Оқушылар қойған сұрақтарға жауап бере отырып, қызығы мен шыжығы мол, талабы мен таланты ұштасқан журналистика саласының соны соқпақтары туралы тілге тиек етті.
Жас ұрпақты білімді болуға, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге, ана тілін қастерлеуге, халықтың мол мұрасы ауыз әдебиеті мен әлем әдебиетінен сусындауға шақырды.
«Әділетті Қазақстанның болашағы – білімді, табысты, бәсекеге қабілетті адал ұрпақ, сондықтан көп оқы және оқығаныңды көңілге тоқы, ғылыммен айналыс, жаңалық аш, ұлт мүддесі үшін, еліңнің ертеңі үшін аянбай күрес» деген аманатын жеткізді журналист.