Басты бет » Жаңалықтар » «ЗЕРДЕДЕ» ОҚЫП ЖҮР ЗЕЙІНДІ ҚАЗАҚ БАЛАСЫ

«ЗЕРДЕДЕ» ОҚЫП ЖҮР ЗЕЙІНДІ ҚАЗАҚ БАЛАСЫ

Дана қазақта «Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас, қардың суы секілді тез суалар» деген сөз бар. Күллі игілік атаулы еңбекпен ғана келетінін ұмытуға болмас, әсте. Қашан көрсеңізде тынымсыз ізденіс үстінде жүретін еңбекқор жандарды көргенде жанымыз жадырап, көңіліміз марқаятыны рас. Мәселен, Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы Подстепный ауылының тұрғыны Гүлнафис Джәлміш нағыз еңбектің адамы десек, артық айтқандық емес.

Оның кіндік қаны Жәнібек ауданы Жақсыбай ауылында тамған.

– Балабақша мен бастауышты Сырым ауданы, Аралтөбе ауылынан аяқтадым. 1996 жылы Ақсай қаласындағы негізгі мектепті бітіріп, 1999 жылы №15 Бөрлі кәсіптік техникалық лицейінің 3 жылдық оқуын тәмәмдадым. Сол жылы №12 Орал кәсіптік техникалық лицейінің бір жылдық курсын аяқтадым. Осы барлық оқу орындарынан тігін мамандығы бойынша білім алдым.

2000 жылы Орал шаһарындағы Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжіне оқуға түсіп, 2003 жылы мемлекеттік тілде оқымайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі мамандығы бойынша дипломға ие болдым. Еңбек жолым Бөрлі  ауданы, Облавка ауылынан басталды. Сол жерде жұмыс істей жүріп, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың сырттай оқу түрін оқып, жоғарғы білімге қол жеткіздім, – деген кейіпкеріміз өмір жолынан сыр шертті.

Гүлнафис қандай да болмасын істі талғамай, білек сыбана кірісіп кететінін бірден байқадым. Өйткені, ол – тігінші, ұстаз, тіпті Оралдағы ХҚКО-да он жылдай инспектор қызметін де атқарыпты. Бір сөзбен айтқанда, білімді, адаммен тез тіл табыса алатын қасиеті бар. Бүгінгі таңда жолдасы екеуі төрт бала өсіріп отырған көп балалы отбасы. Бала демекші, Гүлнафис Сағатқызы бала күтіміне байланысты декреттік демалысында да қол қусырып отырған емес.

– Ойды ой қуады. «Ылғи мемлекеттік қызметте жүрген екенмін, енді өз-өзіме неге жұмыс жасамасқа?» деп әрі-бері ойланып, кондитерге барып торт пісіруден тәжірибе жинадым. Кезінде анам тәттілерді жақсы пісіретін, сол кісіден де үйренгенім бар.  Тапсырыс қабылдаймын, ол да табыс көзі. Сөйтіп жүріп бизнеске келдім. Оны таңдаған себебім, бір жұмысқа байланып қалмай, еркін боламын. Балаларымды үйірме,  балабақша, сабақтарына апарып жүруіме уақыт та бар. Тоқетері, балаларым қараулы, жұмыс та жүріп тұрады, – деді өз сөзінде.

Бүгінде ауданда кәсіпкерлік саласы кеңейіп келеді. Шағын және орта бизнесті дамыту үшін үкіметтен көрсетілетін қолдау көп. Әмәнда, қолдау бар жерде – самғау бар екені сөзсіз. Тек тың жобаларды жүзеге асырып, бағдарлама бағытын барынша байыту керек.

Теректінің топырағында кәсібін өрге домалатып, өңіріміздің өркендеуіне үлес қосып жүрген жас кәсіпкерлердің бары көңіл қуантады. Жеңілдетілген несие, қайтарымсыз қаржы алып, өз кәсібін дөңгелетіп отырғандардың қарасы күн артып өсіп келеді. Олардың қатарында ГүлнафисДжәлміш те бар.  Ол ең алдымен  кәсіп саласы бойынша білімін жетілдіріп, сертификатиеленді. Сосын бизнес жобасын сәтті қорғап, мемлекет тарапынан 1 225 200 теңге көлемінде қайтарымсыз қаржыға қол жеткізген. Қазір Подстепный ауылынан «Зерде» оқу орталығын ашып отыр.

– Әуелі ауылдағы орталықтарды зерттедім, бірқатар оқу орындары бар екен, тек бастауыштан білім беретін орталық жеткіліксіз. Болашақ сапалы білімнің іргетасы бастауыш сыныпта қаланады ғой, сол себепті балдырғандарға қосымша сабақ береміз. Бүгінде 10 оқушы білім нәрімен сусындауда. Олар аптасына  үш рет келеді.

Шағын бизнес болса да, Күләйім  Зинешқызыдегенбизнес серіктесім бар. Ол кісі зейнеткер, 35 жыл еңбек өтілі бар педагог зерттеуші, білімі мықты. Екеуміз бірге бастадық. Оқу орталығының өркендеуіндеол кісінің еңбегі көл-көсір. «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар»демекші, білімді адам рухани көкжиегі кең, ақыл-парасаты мол, елінің абзал азаматы болады. Біздің мақсат – осындай жас ұрпақты тәрбиелеу, – деген кәсіпкеріміз, келешекте мектепалды даярлық тобын да  іске қосқысы келетінін тілге тиек етті.  Себебі, сұраныс бар.

Қазақ халқының сүйікті жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың «Жақсы адам  -магнит. Магниттің бірнеше темір шегені өзіне тартып ала алатыны сияқты, жақсы адамның да жанына жұрт көп үйіріледі»  деген керемет сөзі бар.  Кейіпкеріміз өмір табыстырған жақсы адамдарды да назардан тыс қалдырмауды жөн санайды.

– Осынау іске бел буып келуіме жолдасым, отбасымның қолдауы мол болды. Подстепныйлық кәсіпкер Анар Қайрекенованың еңбегі ұшан-теңіз. Ал көп балалы ана, «TUGURYM» қоғамының жетекшісі Айнұр Арыстанованың ақыл-кеңесі үнемі жадымда, –деп ақжарма тілегін ақтарды.

Айтпақшы, Гүлнафис Сағатқызы – Подстепный ауылдық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы. Құрамында 10 адам бар кеңес  бизнес-идеяларға, жобаларға қолдау көрсетіп, өз ісін енді бастаушы кәсіпкер қыз-келіншектерге ұйымдастырушылық, әдістемелік, кеңес беру және ақпараттық тұрғыдан көмектеспек.

«Еңбек – ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы».

Ырысыңыз артып, еңбегіңіз елене берсін, Гүлнафис Сағатқызы!

 

Самал ЖАМЕТ,

Батыс Қазақстан облысы

Теректі ауданы