Басты бет » Жаңалықтар » Ерте жүктілік: қателік пен қатер

Ерте жүктілік: қателік пен қатер

 Ерте жүктілік қоғамдағы ең өзекті мәселеге айналып барады.  Өйткені соңғы жылдарда жас бойжеткендердің ерте жаста ана атану көрсеткіштері өскен. Мәселен, статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 5 жылда 29 487 жасөспірім қыз жүкті болған болса, 5 792 қыз жасанды түсік жасатқаны белгілі болып  отыр.

Сурет: ашық интернет көздерінен

Ерте жүктіліктің зияны қандай? Жалпы, ерте жүктілік қыз бала ағзасына қауіпті ме? Жүктілік кезінде ағзаның жүрек қан тамыры, эндокриндік жүйесі мен ішкі органға жүк түсетіні рас па? Жас аналардың денсаулығы қалай қадағаланады?

Маманның пайымынша, ерте жүк­тілік – бұл жыныстық тәрбие туралы білімнің жетімсіздігі. Бірқатар отбасында аталған тақырып төңірегінде әңгіме-сөздің қозғалмауында. Қыз бен анасының арасындағы жылы қарым-қатынас пен етене байланыстың жоқтығынан да орын алуы мүмкін. Мәселен, көптеген жанұяда бұл тақырып жабулы қазан күйінде қала беретіндігінде. Әйткенмен, бұл – дұрыс емес. Маман пікіріне назар салайық…

Осы орайда акушер-гинеколог дәрігер Айзат Жұмажанованың klinika1.kz порталында жарияланған ерте жүктілікке қатысты ақпаттарын жариялаймыз.

Ерте жыныстық белсенділіктің салдары:

  • Жыныстық жолмен берілетін инфекцияларды жұқтыру. Тіпті, жасөспірімдердің ұялу немесе қорқып айтпау себебінен және белгілерін жасыратындығына байланысты созылмалы түрге ауысатын жыныстық жолмен берілетін инфекциялар пайда болуы.
  • Өсудің тежелуі және жасөспірім денесінің қалыптасуының бұзылуы.
  • Мектептегі үлгерімнің және жалпы қызығушылық төмендеуі.
  • Бірінші серіктестің көңілін қалдырғандықтан, отбасын құра алмауға дейін қарсы жыныстағы қарым-қатынастағы мәселелер.
  • Қалаусыз жүктілік.

Ерте жүктілік баланың ересек адамның физикалық ерекшеліктерін дәйекті түрде алу кезеңі, бұл жетілу күйі мен бала көтеру қабілетін анықтайды. Жасөспірім кезіндегі жыныстық қатынас әдетте келесі себептерге байланысты болады:

  • зорлық-зомбылыққа ұшырау.
  • өзін ересек екенін дәлелдеу құралы ретінде,
  • назарын аударуға және серіктес болуға ұмтылу,
  • алкогольдік ішімдік тұтыну салдарынан,
  • материалдық пайда,
  • өзін растау үшін.

Жыныстық жолмен берілетін инфекциялар – бұл жыныстық таралу жолымен біріктірілген клиникалық гетерогенді (әртүрлі) аурулар тобы.

Жыныстық қатынастардағы ең бастысы физикалық жақындық емес, рухани өзара түсіністік және болашақта берік және гүлденген отбасын құру мүмкіндігі. Ол үшін адам физикалық жағынан ғана емес, рухани және әлеуметтік жағынан да белгілі бір жетілуге жетуі керек!

 

Ерте жастағы жүктілік туралы фильм жарыққа шықты

 

Жақында «Ерте жастағы жүктілік» атты деректі фильмі жарыққа шықты. Шырақ Байназар есімді журналист жыныстық сауаттылық тақырыбында біраз жылдан бері қалам тербеп жүрсе, аталған мәселені көтеріп түсірген фильмін көптің назарына ұсынды.

Жарты сағаттық фильм көп адамға ой салары анық. Өйткені фильмнің кейіпкерлері шынайы өмірлерін баяндай отырып, өзгелерге сабақ болардай ойларымен бөліседі. Фильмге 15-18 жастағы бойжеткендер түскен.

– Соңғы 4 жыл бойы жыныстық сауаттылық туралы подкастар жасадым. Бастаған ісімді алғашында көп адам түсінбеді. Жыныстық сауаттылықтың не үшін керек екенін түсіндіретін деректі фильм түсіру туралы идея да сол себепті келді. Бұл идеяны фильм продюсері Ғалия Токареваға ұсындым. Ол бірден қолдады. Кейіпкер табуда біраз қиындықтар болды. Алайда шын өмірде осындай жағдайға тап болған кейіпкерлер таптым. Арасында келісіп, соңғы сәтте бас тартқандары да болды, – дейді Шырақ Байназар.

Деректі фильмде ерте жастағы жүктілік жайлы төрт оқиға баяндалады.

Ал репродуктивті денсаулық бойынша эксперт Камила Тұяқбай жауапкершілікті ер адаммен теңдей бөлісіп үйренбеген қоғамда әйелдердің зәбір көруі жалғаса бермек дегенді айтады.

– Ер балалар жауапкершіліктен оңай құтылып кетуінің себебі, біз бала тәрбиесінде баланы тууды да, асырауды да, жүктіліктің дұрыс болуын да әйел адам мойынына іліп қойғанбыз. Бұл жауапкершілікті ер адаммен бөлісіп үйренбегенбіз.Ұятты ортада өскен қыздар үлкендерге жүктілігі туралы айтудан соншалықты қорқатындығынан өлімге дейін барады, – дейді маман.

Статистика бойынша, соңғы 5 жылда 5 792 қыз жасанды түсік жасатса. 47 ана баласын өлтіруге дейін барған. Ал «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 150-бабы бойынша кәмелетке толмаған қыз ата-анасының рұқсатынсыз аборт жасатуға болмайды. Алайда жүктілігін үлкендерден жасырған жасөспірімдер қыздар қылмыстық жолдарға барып,  тұрмыстық түсік жасатып жатады.

– Қыздар әдейі қатты заттарға ұрылып, қолда бар құралдармен баланы түсіріп тастауға тырысады. Тұрмыстық аборттарда да уксус қолданылады. Тұрмыстық және қылмыстық жасанды түсік инфекциялық шокқа, іріңді қабынуларға, жатырды алып тастауға бедеулік пен өлімге әкеледі,– дейді Камила Тұяқбай.

Деректі фильмнің мақсаты аталған мәселеге мектепте «Жыныстық сауат» тақырыбын ашық талқыламайтын Оқу-ағарту министрлігінің, Денсаулық сақтау министрлігінің, тиісті органдардың назарын аударту. Сондай-ақ фильмде ер балалардың жауапкершілігі мәселесі сөз болды. Қоғам жүкті болған қыздарды ғана айыптайды. Ал заңсыз жыныстық қатынасқа түскен жігіттердің жауапкершілігі жайлы айтылмайды.

– Елімізде ерте жастағы жүктілік статистикасы жоғары. Бұл статистика Еуропада 6-7 есе төмен. Себебі Еуропа елдері жыныстық сауаттылық туралы балаға мектеп кезінен бастап оқытады. Неғұрлым бұл тақырыпқа тиым салған сайын, ақпарат аз болған сайын жастар бұл қадамды іс-жүзінде көруге асығады. Ал егер қорғанбаған жыныстық қатынастың салдарын білсе, жасөспірімдер салдарын түсінер еді. Білмегендіктен, білімнің аздығынан ерте жүктілік мәселесі туындайды,– дейді фильм авторы Шырақ Байназар.

Негізінен, біздің қоғамда аталған тақырып жиі қозғалмайды. Мәселенің себеп-салдарына ешкім үңілгісі келмейді. Ерте жастағы жүктіліктің тағы бір салдары бар. Ол туралы нақты статистика жүргізілмейді. Жасөспірімдер арасында суицидтің жоғары. Ал солардың арасында осындай қыздар да бар. Егер жас бойжеткендерге жыныстық тәрбие берсек, осындай күрделі жағдайдан олар өздерін қорғап үйренер еді.

 

Айман Рысқали