️8 сәуір кешкі сағат 18:30 шамасында “Метро“ сауда үйінің жанындағы екі көшенің қиылысында жүргізушісі басқаруынсыз автобус қарсы бағытқа шығып кетіп, жаяу жүргінші жолағында келе жатқан 6 адамды қағып кеткен. Бұл туралы
телеграм арнасында хабарланды.Салдарынан екі әйел мен жасөспірім оқиға орнында және кәмелетке толмаған қыз жансақтау бөлімінде көз жұмды. Тағы екі адам ауруханаға жеткізілген болатын. Ауруханада жасалған жансақтау шараларына қарамастан, тағы бір адам алған жарақатынан көз жұмды. Бұл туралы Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады. Осылайша, көз жұмғандар саны 5 адамға жетті.
Ал тағы бір 18 жастағы қыз қалалық клиникалық ауруханада жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, зардап шегуші нейрохирургия бөлімшесінде ем қабылдап жатыр, жағдайы тұрақты.
Оқиға орнына жеткен Шымкент қаласы ПД-нің жедел-тергеу тобы жүргізуші соңғы аялдамадан қарсы бағытқа бұрылып, автобусты қол тежегішінде қалдырып, көліктен шығып кеткенін анықтады.
Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, автобустың жұмысқа жарамдылығын тексеру үшін автотехникалық сараптама тағайындалды.
Жүргізуші уақытша тергеу изоляторына қамалды.