Басты бет » Біз де студент болғанбыз » Төрегелді ШАРМАНОВ: «Сол бір ғана сәт менің өмірім мен тағдырымды түгелдей игеріп әкетті»

Төрегелді ШАРМАНОВ: «Сол бір ғана сәт менің өмірім мен тағдырымды түгелдей игеріп әкетті»

Төрегелді  Шарманов, Медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ тағамтану академиясының президенті:  
Қарағанды медицина институтында 2-ші курста оқып жүрген кезім. Кітап дүңгіршегінде кезекте тұр едім, алдымдағы қос бұрымын арқасына жіберген қыз маған жалт қарағанда жүрегімді тіліп өткендей. Міне, сол бір ғана сәт менің өмірім мен тағдырымды түгелдей игеріп әкетті. Есіл-дертім кетіп ғашық болдым.
Күлзиям бізде 1-ші курста оқыды. Орыс мектебін бітірген, ал менің орысшам шамалы. Комсомол жиналыстарында «почему» деген сөзім көбейіп кеткен болуы керек, құрбыларына «Почемучко» келе жатыр деп әзілдеп тиісіп сөйлейтін көрінеді. Сол қыздың көңілін жаулап алу үшін әрі жақсы оқуға, әрі жұрттың алдына көрінуге тырыстым. Орысшаны тез үйреніп алдым. Ақырын осылай тіл табыса, біртіндеп жақындай бере, ақыры қатар жүруге, сөйлесуге, өзіме қаратуға дейін бардым. Өйткені, қаншама жігіттер соңынан жүгірді. Мен оны сездім, білдім.
Үйленгенге дейінгі 6 жылды тек қол ұстасып қыз бен жігіт арасын жалғаған алтын арқау сезімнің құшағында өткіздік. Шынайы сезімім мені алдаған жоқ. Сезім жас келе бала арқылы өрбіп, өсіп зорая берді. Отбасында жетіспеушілік кезінде де бізді ұстап қалған сол сезім еді.
Адам баласында махаббаттан асқан биік те құдіретті сезім жоқ. Ендеше, әркімде осындай сезім болса, осындай сезім билеп тұрса, сезімнің жетегінде тұрмысқа шықса, ондай отбасының берекесі шалқиды. Біз сол қол ұстасқан қалпымызда өмір бойы қалдық. Сол сезім өмірімдегі 52 жылға азық болды. 52 жыл сезім құшағында жүрдім. Күлекең өмірден өткелі қайғыратыным да, жоғалтқаным да, жарты дүниемді кем деп есептейтінім де сол сезімді аңсаймын.
Осы жасқа келгендегі түйгенім – адамда сезім құдіреті әруақытта, әр жаста болады екен. Бірақ, сол сезімді сана болмаса ұстай алмайсың. Яғни, сезіммен бірге сана да тәрбиеленуі керек. Ал сүйіспеншілікті дамытып, аялап, сақтауың үшін рухани байлығың күшті болуы шарт. Материалдық байлықтың түкке тұрмайтынын мен де, ол да жақсы білдік, пендешіліктен биік тұрдық.
Күлекең жетіспеушілікті де, докторлық диссертациямды атқорада отырып жазғанды да, доспын деп жүргендердің айналып кеткенін де, елімнен қуылып Мәскеуді паналап жүрген жылдардағы қиындықтарды да көрді. Ең бастысы, бойымыздағы рухани байлықты бағаладық. Ол материалдық байлыққа бас ұрмайтынын өзінің түсінігімен, ісімен көрсетті. Соншама жасқа келгенше жарықтық не бетін боямады, не иіс су жақпады, не алтын-жақұт тақпады. Бірақ, есесіне сөзжұмбақты қалай шешетін. Білімді, математикалық ойлау жүйесі жоғары еді. Жалпы саналылық сезімділікте емес, оның ұғымталдығына, түсінігінде ғой. Бар нәрсені тез ұғып, тез жауап беретін.
Бір-бірімізді тереңдікке қарай бағыттадық. Тілді ол үйренсе, мен де үйреніп білімімізді жарыстырып отырдық. Марқұм компьютердің неше түрлі бағдарламарын үйде отырып-ақ үйреніп алатын. Немерелерімен математика, физиканың есептерін шығарып, Пушкиннің өлеңдерін, басқа ақындардың поэмаларын жатқа айтатын. Ол деген ғажап дүние емес пе?
Toregeldy Sharmanov

Фейсбук парақшасынан