Басты бет » Даналық дәптері » Жалындап өткен жас ғұмыр

Жалындап өткен жас ғұмыр

 

Қайтейін, бұл да өмірдің өктемдігі,

Қап-қара тұман басып, бар мұңымды.

Тоқырап мәңгілікке кеткен күні,

Топырақ жоғалтады арманымды! – деп Ақжайықтың арыс ұлы, жырдың асыл берені, айтыскер ақын Асылбек Миразатұлы Ищанов жырлаған еді. Осылайша, жастық арманымен бірге мәңгілік мекенге аттанған ақынның артынды жалынды жырлары қалды. Сол мұраны көпшілік игілігіне жарату бүгіннің еншісінде. Қаймана қазақ жұрты барда Асылбектің биігі аласармақ емес.

Асылбек Миразатұлы 1984 жылы 5 тамызда Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы Жаңажол ауылында дүниеге келген. 2001 жылы Айдархан орта мектебін бітіріп, Орал гуманитарлық колледжіне оқуға қабылданады. Кейін М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік Университетінің филология факультетін тәмамдады. Жас ақын жоғары оқу орнында оқып жүрген кезінен-ақ облыстық, республикалық ақындар айтысына қатынасып, жүлделі орындарды иеленіп, өзін алысқа баартын дарын иесі екендігін дүйім жұртқа танытады. Асылбек қатысқан ең ауқымды шаралардың бірі 2006-2007 жылдары Алматы қаласында Қазақстан Ұлттық арнасының ұйымдастыруымен өткен айтыс чемпионаты еді. Айтыс аламанының екі айналымында да қарсыласын жеңіп, үшінші айналымға өткен болатын. Амал нешік келешегінен зор үміт күттірген Жайық жұртының дарынды ұлы, аяулы ақыны қапыда қайғылы қазаға ұшырады.

Жарқырап шыққан алмас қылыштай жарқ еткен жас ақынның жасындай жарқын ғұмыры, қияға қонған тұғыры, өткір де тапқыр жырлары ешқашан ұмыт қалмайды. Осы мақсатта ақын атына бірнеше мәрте республикалық ақындар айтыс өтті, білім алған мектебінде Асылбекке арналған шағын мұражай ашылды. Оқушылар раасында жыр мүшәйралары ұйымдастырылды. Жақында ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен тұңғыш рет өткізілген «Білімдіге дүние жарық» атты республикалық жас ақындар айтысында Асылбек Ищанов атындағы арнайы жүлде тағайындалды. Осының барлығы өмірі кенеттен үзілген жас жас дарынға деген елдің құрметі, кейінгі жас ұрпаққа үлгі ету мақсатында атқарылып жатырған игі істер.

Біз бүгін Асылбек Ищановтың бір топ жырларын оқырмандарымыздың назарына ұсынып отырмыз.

 

Асылбектің термесі

 

Айта алмасам арлы сөз,

Болады тіл мен жаққа сын.

Қиқулап елім қолдаса,

Ал жіберейін ат басын.

Біз, қазақ деген ел едік

Ғасырдың ашып қақпасын.

Бөрі де болған бұл қазақ,

Замана жүгін арқалап,

Бүгілмей келе жатқасын.

Бұғыны да емген бұл қазақ,

Түлкінің ізін баққасын

Біз болмаған не қалды

Талайдың дәмін татқасын,

Барыстыққа бет алып,

Көш түзедің баққа шын.

Олай болса, ағайын,

Келешек мына ұрпаққа,

Ұлылар сөзін жақтасын!

Қаймана қазақ баласын,

Шошқа болудан сақтасын.

 

 

Өзімді таныстыру

 

Азаттың бір ұлы Асылбекпін,

Арғы атам Ыбырайқұлдай асыл тектім.

Ұранымыз Ағатай, руым Беріш,

Ұрпағымын, жалынды ақын Махамбеттің.

 

Менің сыншым қашан да қалың қазақ,

Бірі күліп, біреуі етер мазақ.

Сыйынып  сөз бастадым бабаларға,

Арғысы Балапанға бергісі Азат.

 

Басы майда, түбі сайда құрақтың,

Өзгелердей мен де ойымды құраппын.

Алмасаңдар өз сөзім өзімдікі,

Демеймін мен сөзбен қамал құлаттым.

 

Шабытпен тілдесу

 

Айтайын саған күлсең де,

Өлеңім қалды бүрсеңдеп.

Жырларымның күші жоқ,

Сан қайтара өрсем де.

 

Шашырап шыққан көлеңдей,

Жырларым қалды еленбей.

Өзім де қалдым дәрменсіз,

Шабытсыз жазған өлеңдей.

 

Қалдым ғой саған кездесіп,

Жырымнан үміт үзбеші.

Қаңғырып жаным кезбесін,

Кетпеші, шабыт, безбеші.

 

Жанымнан шабыт кетпеші,

Жырымды талақ етпеші.

Дәрменсіз жүрген жанымды,

Теппеші, кейін,

Теппеші!

 

 

Сағыныш

 

Жүрдім сені қия алмай,

Үнің кетпей құлақтан.

Өткіземін қиялдай,

Армандаумен әр ақ таң.

 

Күдерімді үзбестен,

Күтудемін бір хабар.

Түсінбедің неге сен,

Күтіп талды қос жанар.

 

Неге хабар айтпадың,

Арман қылдым өзіңді.

Жанға сырды айтпадым,

Аңсадым ғой көзіңді.

 

Ойланбай-ақ айттың ба?

Сонда айтқан сөзіңді.

Сол ойыңнан қайттың ба,

Тауыстың ғой төзімді.

 

Сені түнде ойлаймын,

Суретіңді тақап ап.

Тәтті қиял бойлаймын,

Өртегенде махаббат.