Айсұлу Өскенбайқызы, Ə. Қастеев атындығы өнер музейінің қызметкері, суретші.
– Бұл салаға қалай келдіңіз?
– Суретшілік өнерге құштарлығым бала шағымнан бастау алды. Анамның қасында отырып, оның тіккен тігістеріне, жасаған бұйымдарына қарап көп нəрсе үйрендім. Сол кезде суретші болуды армандайтынмын. Міне, сол арманыма жеттім.
Жалпы өзім Т. Жүргенов атындағы өнер академиясында бакалавр мен магистратураны оқып бітірдім. Енді болашақта докторлықты сонда қорғамақ ойым бар. Қазіргі таңда 2 қыз, 1 ұлдың анасымын. Мен шығармашылыққа жақын болғандықтан олар да кішкентайларынан сурет салуға деген қызығушылықтары болды. Салу өнерін жақсы түсінеді. Бірақ əлі де жаттығуды талап етеді əрине.
Суреттен бөлек балаларымды əртүрлі үйірмелерге беремін. Бала кішкентай кезінде тез қабылдайды ғой. Сондықтан оларды ағылшын курстарына беремін.
Қыздарымды домбыра, фортепиано, флейтаға беремін. Ұлымды каратэ джиу джитсуға беріп жүрмін.
Үйіміз суретшілер шеберханасының 2-қабатында орналасқан. 3-қабатында шеберхана бар.
Ол жерде музейден бөлек түнде келіп жұмыс жасаймын. Преспективамен айналысамын. Гобелен тоқимын. Өз жұмысымнан лəззат аламын.
– Сурет салғанда қарап саласыз ба, əлде ойша елестетіп саласыз ба?
– Суретші тек қана қарап салатын болса ол суретші емес, көшіруші. Суретші ойынан да шедевр туғыза білу керек. Қиялдан туған суреттер бағалы болады.
– Сурет салу үшін шабыт керек пе?
– Құлшыныс болса қарап сала беруге болады. Ал, шабыт келсе ол бөлек. Жарыққа шығармайынша тыным таппайсың. Кейде не ойласаң сол жаққа күн-түнге қарамай кетіп қаласың. Мысалы, осы жазда Қапшағайға барып күн батқаны мен таң атқанын салдым.
– Суреттер дұрыс шықпай қалғанда не істейсіз?
– Сурет дұрыс шықпай жатса түртпектей бермей қоя тұру керек. Ойдан сурет салып əдемі ету үшін біршама уақыт кетеді. Кейде дұрыс шықпағаны үшін аяқталмай, бір жылдай тұрып қалатын суреттер болады.
– Сіздің өміріңізде қатты əсер берген сурет немес салу барысында қатты əсер қалдырған оқиға?
– Менің ішімде мені түртпектей берген оқиға болды. Сол оқиғаны сурет етіп жазғым келді. Ол суретті «Бостандық» деп атадым.
Олай атау себебім – бала кезімде қатты санамда қалып қойған, өз басымнан кешкен оқиға болатын. Ол кезде мен 2 жастамын. Алатаудың баурайында ауылда тұрамыз. Сол кеңес заманында əр алты үйде бір теледидар болатын. Соның бірі – біздің үйде. Сонда көрші апамыз үйге келіп теледидар қарап отыратын. Тура жаңа жыл күні бір бағдарлама болмақшы болып түнгі сағат ондар шамасында көрші апамыз үйге келген. Ата-анамыз қонаққа кетіп, үш əпкем жəне мен үйде қалған едік. Біздің үйдің іші қатты ыстық, көйлекшең жүре беретінбіз. Үйдің есігі тек сырттан құлыптанатын. Сыртынан құлыптап кілтті қолымыз ғана сыятын терезенің тесігінен беріп жіберетін. Сол апа келіп бағдарлама қарап отырған кезінде мен сыртқа шығып келе қояйын деп көйлекшең далаға кетіп қалғанмын. Қайта келсем үйдің есігі жабық. Сонда көп уақыт та болғам жоқ. Үйдегілер есікті жауып, мені ұмытып көрші апаның үйіне келіні босанды деп кетіп қалған екен.
Мен сол жерде қатып жылап, есік ашылмаған соң ата-анама барам деп жүріп кете бердім. Түн тас қараңғыда ештеңе көрінбейді. Менің ізім артымша жауылып қала берген. Сонда келе жатып қатты жылап қайда келе жатқанымды анық білмеймін. Сол кезде бір шарбақтан өте бергенде тура жанымнан: «Мына жерден жыламай өт. Үлкен ит бар, қауып алады» деп айтқан қап-қара адамды көрдім. Сол жерден шынымен де жыламай өттім. Өтіп болған соң бір рет даусымды шығарып жылап тура алдымда тұрған үлкен өрік ағашының түбіне барып отыра қалыппын.
Сол өрік ағаш əлі бар. Сонда менің дауысымды көрші үйдегі бір жеңгей естіп қалған екен. Бірақ бір жəй дауыс шығар деп мəн бермепті. Үйдегілер мені естеріне түсіріп, үйге жүгіріп барса мен жоқпын. Олар жан-жақтан мені іздеген. Алайда мен жоқпын. Көршінің иті мені сол өрік түбінен көріп қатты үрген екен. Көрші үйдегі ағамыз сол иттің үрген жеріне барып қараса мен қатып мұз болып отыр екенмін. Мені дереу алып үйге келіп көрші баланы менің ата-анама жіберген. Көрші баланың түрі бұзылып тұра жүгіріп əке-шешеме барып қараған бойда əкем ештеме сұрамай үйге қарай жүгіріп кеткен екен. Бір нəрсе болғанын сезген ғой жарықтық. Анам болса тұра алмай отырған жерінде жылай беріпті. Үйге келсе мен ыстық пештің үстінде көкпеңбек болып қатып жатыр екенмін. Тек жүрегім соғып тұрыпты. Анам қатты қорыққаннан не істерін білмей жылқының майын үстіме жаға беріпті.
Ертесіне ұзақ жатқаннан соң көзімді ашсам пеш үстіндемін. Əпкем сынып қалған шанышқыны алып келіп көрсетіп тұр. Түнде менің тісімді ашамын дегенде сынып қалған екен. Міне, сол оқиғадан кейін бір жыл бойы қатты ауырыппын. Ішкен тамағымды қайта шығарып тастай бергеннен тері ішінен сүйегім көрініп тұрады екен. Бір күні төбеде асылып тұрған шикі етті көріп анама жеймін деп айтқан екенмін. Анам жылап соңғы қалауын сұрап жатыр деп берген екен. Адам дүниеден өтер кезінде қалауын сұрайды еке ғой. Шикі ет жейді екенмін. Қазір қинаса да жей алмас едім. Сөйтіп жүріп бір күні асқабақты көріп қалып жеймін деп жылаған соң анам əкеп берген. Мен тағы жеймін деп үлкен асқабақты бітіріппін. Анам ішкенін қайта құса ма екен деп уайым жеген. Бірақ сол асқабақтан кейін ауыруым тиылыпты. Бұл оқиғаны анам айтып берген. Содан болар мен оны біліетіндей сезіледі. Бірақ бұл оқиғаның ішінде бір сəт менің есімде қатты қалып қойды. Ол қап-қара киіп алған адамның сойлегені. Сол оқиғаның есімде қалғанын суретке жазып «Бостандық» деп атадым. Өйткені ішімдегі сол бөлікті өзімнен босатқан болатынмын.
Сұхбаттасқан
Айбике Жұмабай