Басты бет » Жаңалықтар » Елорда кинотеатрында есірткіге қарсы акция өтті

Елорда кинотеатрында есірткіге қарсы акция өтті

Астанада кинотеатрлардың бірінде «Астана – есірткісіз қала» ауқымды акциясы аясында келушілермен есірткі құралдарының зияны туралы профилактикалық әңгімелер өткізілді, деп хабарлайды Jastar janary порталы елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Есірткіге қарсы акция фильм көрсетілмес бұрын Keruen сауда ойын-сауық орталығының кинотеатрында өткізілді. Елордалық жастарға есірткінің зияны және оларды таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік туралы айтылды. Сондай-ақ келушілерге есірткі қылмысына қарсы күресті қолдау үшін футболкалар мен бейсболкалар таратылды.

«Менің ойымша, акция мен фильмнің басты мәні – есірткі ешқашан жақсы нәрсеге әкелмейді, бұл сіздің болашағыңызды бұлыңғыр ететін теріс жол. Жеңіл ақша – бұл қайғылы салдарға әкеп соқтыратын уақытша эйфория», – деді кинотеатр қонағы Әмір Зікіриянов.

Іс-шара Астана қаласы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастамасымен өтті.