Жастардың «ессіздікпен» ермек еткен дүниелерін айтпасақ та көп. Оның ішінде шылым, алкоголді сусын, есірткі мен жануардың нәжісіненжасалатын психотропты заттар. Тіпті қымыздың да құрамына алкоголь араластырып өндіретіндер бар екен. Өкінішті-ақ, алайда «адам жаман дүниеге тез үйренеді» демекші, бұл дүниелерден алшақ болу, әсте, қиын болып тұрғаны көбімізге мәлім. Нәтижесінде қараңғы қапастың қатыгездікке толы бөлмесінде жалғыздықтың құрбаны боласың, не болмаса аурухана төсегінде шарасыз «тірі өліктің» күйін кешесің.

«Өмірде бәрін көру керек, өмір – жалғыз» деген сөздер тізбегі бүгінде адам санасына бұрыс бағыт қалыптастырған секілді. Ойсыздықпен өмірім біреу екен деп, өмір сүруге зар болып қалғандарды көріп таңғалмаймыз. Жалпы жоғарыда атап өткен дүниелердің зияндылығынан бөлек, оған тәуелділік тек денсаулыққа ғана кінәрат түсірмейді. Айта берсек көп, түбінде қор болатын тек өзіміз. Қоғамды құрдымға апаратын да осы немқұрайлылық.

Ересектерден бөлек бұл құрылғыға мектеп жасындағы балалардың да қызығушылығы мен тәуелділігі жоғары. Қазір жас жеткіншектердің 10%-ы электронды шылымға әуес. Тығылып жүріп, түтіні бұрқыраған вейптен қандай қатер келетіненен бейхабар. Әрине, білместіктен болар. Әлде, қайдам… Қазір оның кесірі туралы жазылмаған мақала, айтылмаған ақпарат жоқтың қасы. Бірақ неге электронды темекіге балалар аса құмар? Сұрақтың сауалын балалар психологінен білгіміз келді.

– Баланың мұндай дүниелерге әуес болуына отбасындағы тәрбие, оның ішінде ата-ананың жас жеткіншектің өміріне селқостықпен қарауы әсер етеді. Ата-ана тарапынан қадағалаудың аздығы түйткілді мәселеге айналуы мүмкін. Қазіргі ата-ананың көбі баламды қатарынан қалдырмайын деп тынымсыз еңбектенеді. Алайда уақытында жеткілікті көңіл бөлмеу баланың тәрбиесіне кері әсер етіп, олар немқұрайлылықтың әсерінен ойына келгенді жасауға да тайынбайды. Яғни баладағы бос уақыттың тиімді ұйымдастырылмауы, қосымша айналысатын үйірменің болмауы жеткіншектің босаңсуына немесе өзге де теріс мінез-құлық қалыптастыруна әкеліп соғады.

Сондай-ақ еліктеушілік процессі жастар арасында көп орын алады. Алдын алу үшін, ең алдымен, ата-ана өз баласымен көп жұмыс істеуі керек. Баласына мейлінше көп көңіл бөліп, бірге уақыт өткізуге, баламен сырлас болуға тырысу қажет, – дейді балалар психологі Аружан Ордабай.

ЗАҢ БАР, АЛ ЖАУАПКЕРШІЛІК ШЕ?

Әлемнің 33 мемлекетінде ресми түрде электронды шылымға тыйым салынған, ал 79-ында жарнамалауға, қоғамдық жерде тұтынуға шектеу қойылған. Әйтеуір дегенде, биылғы жылдың маусым айында электронды шылымға елімізде тыйым салынды. Бұл туралы сыбыс шыққанда, вейпке шектеу қойылмасын деп петиция жарияланды. Мемлекет басшысы қол қойған заң бойынша электронды вейп өнімдерін, хош иістендіргіштерді және оларға арналған сұйықтықтарды сатуға, таратуға, жарнамалауға болмайды. «Адамнан айла аспайды» деген, күшіне енген заңның қаһарынан қорқып жүрген жан сирек.

Вейп шетелден транспортталады, осыны ескере отырып, шекарада бақылау күшейді. Ал заң не дейді?

Электронды шылымды сатқан адам мемлекетке 700 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуге тиіс. Сондай-ақ 200 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылып, тіпті 50 күнге абақтыға қамау жазасы да қарастырылған. IIM өкілдері тыйым салынған вейпты ел шегарасынан кіргізіп, сату айналымына жібергендер 7 млн теңге көлемінде айыппұл төлейді дейді. Тауардың көлеміне қарай 1200 сағаттық қоғамдық жұмысқа жегіледі. Аталған қылмысты топ болып жасалғандығы анықталса, 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады. Вейпті белгіленбеген жерде шеккендер дәстүрлі темекі тұтынушылары секілді 11 мың теңге айыппұл төлейді.

КЕСЕЛДІҢ ҚҰРБАНЫ БОЛМАЙМЫН ДЕСЕҢІЗ…

Түрлі білгіштер электронды темекінің зияны былай тұрсын, оны пайдалы деп пайымдап жүрген көрінеді. Темекіден құтылғысы келгендер өзін алдау мақсатында осы құрылғыны жөн көреді. Ал сыныққа сылтау іздегендер (темекі шегуге қорқатын, бірақ қызығатын адамдар) әсері удай, бағасы қымбат құрылғыны сатып алып әлек. Дерттің дәруі жоқ, себебі әлі зерттеу үстінде.

Бірақ мамандар вейпті дәстүрлі шылымнан гөрі залалды деп біледі. Себебін былай деп түсіндірді: қыздырылатын табактың құрамында химиялық зат көп. Құрылғының құрамында резинка өндіруге арналған токсинді формальдегид атты химиялық заттар адам ағзасына тек кері әсер етеді. Сондай-ақ стиктердің фильтрінде күйік қалдықтары болады, ол бауырға зиянды қосылыстар бөледі. Ал стиктен бөлінетін хош иіс тек қолданып отырған адамнан бөлек, жанындағылардың да ағзасына зақым келтіреді. Аллергиялық реакция тууы, сондай-ақ бедеулік секілді дертке шалдығу қаупі жоғары.

Вейп ингалятр секілді. Ішінде сұйықтық болады, ол қайнағанда бу шығады. Көптеген бала осы түтінге қызығады. Сұйықтықтың құрамында бірнеше зат бар: глицерин (бауыр мен жүрек органдарына зиян), пропиленгликоль (іріңдеу процессінің басталуына мұрындық болады, бүйрек пен бауырдың жұмысына кедергі келтіреді, сондай-ақ аллергиялық реакцияның басталуына да әсер етеді), хош иісті қоспалар, никотин (кейде қосылады).

Мамандардың айтуынша, атап өткен қоспалардан бөлек 2000-нан астам химиялық қоспа бар. Вейптағы синтетикалық никотин дәстүрлі шылымға қарағанда 10 есе көп. Жасөспірімдер арасында вейпке қызығушылық олардың денсаулығына қалай әсер етеді?

– Жастар арасында зиянды құралдың кеңінен қолданыста екені өкінішті. Қоғамдық орындарда, аялдамаларда, көптеген демалыс аймақтарында вейпті қолданып тұрған өрімдей жас қыз-жігіттерді көріп жүрміз. Әрине, көшеде көрсем ақылымды айтамын, бұл құрылғыны тұтынбауға шақырамын. Себебі жас ұрпақтың денсаулығы – ел болашағына бірден бір әсер ететін маңызды фактор. Тоқтауды кез келген ел азаматы жасау керек, бұл – парыз.

Вейптің маңызды бөлігі – никотин. Ол адамның физикалық және психологиялық тәуелділігіне әкеледі. Егер дәстүрлі шылым мен вейп салыстырмалы түрде қарастыратын болсақ, олар бір құрамдас болып келеді екен. Бұл зерттеулер нәтижесі бойынша айтылған тұжырым. Бірақ вейп адам ағзасына аэроазот болып түседі. Яғни, қанға тез сіңеді. Оның құрамында глицерин және пропиленгликоль химиялық зат болады. Олар бір бірімен араласып, қызған кезде формалин және окрилин деген химиялық зат бөледі. Атап өткен қосындылардың барлығы дерлік консоригентті заттар болып есептеледі. Яғни, вейптағы қоспалардың бір арнаға тоғысуы онкологиялық ауруға душар еткізу әбден мүмкін.

Адам вейпты бір рет тартқан сәтте, өкпедегі альвеолаға (тыныс алатын кішкентай қапшықтарына) түседі. Ал одан кейін зиянды қоспалар артериялқ қанға енеді. Ал артериялық қан, ол біздің бүкіл ағзамызды оттегімен қамтамасыз ететін маңызды тамыр. Қан айналым арқылы химикаттар ішкі органдарға түседі. Бірден әсер етпегенімен, тигізетін зияны өте зор. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, бойымызды вейп секілді тәуелді ететін химикалық қоспадан сақтағанымыз жөн, – дейді пульмонолог дәрігер Жаннат Аманжолқызы.

АУАҒА КЕТКЕН АҚША

Вейп шағын құрал және оның түр-түрі бар. Әртүрлі хош иіспен жасалатын бұл өнім жұмыс істеу уақытының ұзақтығына байланысты бағасы өзгеріп отырады. Заң күшейіп, жаза қатаң болса да, «антибатырлар» түрлі жолын тауып, сатуын азайтқан жоқ. Tiktok және Telegram секілді әлеуметтік желі арқылы олардың саудасы ыстық бәліштей тез. Бүгінге дейін ашық дереккөздердегі мәліметтерге сүйенетін болсақ, 18 мың қылмыстың беті әшкере болған. Бұл заң күшіне енгеннен кейінгі нәтиже екенін ескергеніміз жөн.

Ұлт санасы мен денсаулығын улаған бұл құрал түйткілді жағдай. Тамырынан тәркілеу – мәселенің маңызды шешімі. «Төзушілік» қасиетті доғарып, қылмыстың алдын алайық, ел келешегін сақтайық.

Нұршат НЫШАНОВА