Басты бет » Жаңалықтар » Гүлназ ӘБСАТТАР: ҚАЛЫПТЫ ӨМІРДІҢ ҚАДІРІН ТҮСІНДІК

Гүлназ ӘБСАТТАР: ҚАЛЫПТЫ ӨМІРДІҢ ҚАДІРІН ТҮСІНДІК

Театр өнері – көрермендерге беймәлім мерзімде, белгісіз жағдайда дайындық жүргізіп, мінсіз спектакль ұсынатын, ұсынып қана қоймай, рухани өсуіңізге әсер ететін өнер ордасы. Сол ордада жас буын артистердің өсу жолы, олардың театр өнеріне тереңдеуі де өзінше үлкен мектеп. Орта буын артистердің мектебінен тәлім алып жүрген үздіксіз ізденістегі актриса, Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театрының жас буын артисі –  ӘБСАТТАР ГҮЛНАЗ ҚАНАТҚЫЗЫМЕН сұхбаттасудың сәті түсті.

  • Қайырлы күн, Гүлназ ханым! Қашықтықтан жұмыс жасау артистер үшін оңай емесі анық. Қандай қиындықтар мен қызықтар орын алды?
  • Қайырлы күн! Шыны керек, карантиндік шектеулер арқылы қалыпты өмірдің қадірін түсіне бастадық. Үйде отырғанымызға қарамастан кішкентай көрермендерімізге бұрынғыдай көңіл-күй сыйлау үшін онлайн форматта жұмыс жасадық. Сонымен қатар, кесте бойынша дәрістер, дайындықтар ZOOM платформасы арқылы өткізілді. Үйреншікті дүние болмаған соң, алғашында қиынға соқты. Қазір толықтай меңгеріп алдық. Дегенмен, театрдағы жұмысқа жетпейтіні анық.
  • Өнердің дамуына әр театр, әр артист өздігінше үлес қоспай, бір шеңберге шектеліп қалса даму болмайды. Жас буын ретінде өнерге қандай үлесіңді қосқың келеді?
  • Театр өнері соңғы жылдары жаңа бағыт, өзгеше қарқынмен дамып келе жатыр деп айтсам болады. Бұл салада әлі теңізге тамған тамшыдай үлес қоса алдым деп айта алмаймын. Бірақ, болашақта үлкен мақсаттарым бар. Өнерді бір адам жасамайды. Біздің буынның өз жетістіктері болады деп ойлаймын.
  • Қалай ойлайсыз, осы кезеңнен кейін театрда жаңа тыныс, бұрын-соңды болмаған қарқын пайда болды ма?
  • Карантин тек театрларға ғана емес, бүкіл әлемге бір өзгеріс алып келеріне сенімдімін. Себебі, бұл жағдай бүкіл әлемдегі өмір сүру қалпын өзгертті. Ендігі жаңа қойылымдар ерекше қарқында болады деп сенемін.
  • Сіздер, Мемлекеттік қуыршақ театры қандай жаңа қойылымдар дайындап жатырсыздар?
  • Театр жаңа спектакльдерге дайындық жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығына орай «Өмір-Өзен» музыкалық спектаклін сахналадық. Еліміздегі жағдайға байланысты спектакль премьерасы театрдың YouTube арнасында онлайн форматта өтті. Сонымен бірген кішкентай көрермендерімізге балалардың сүйікті ертегілерінің бірі «Күлше қыз» спектаклі дайындалып жатыр.
  • Гүлназ Әбсаттар есімін қалыптастыру үшін жұмыс жасайсыз ба әлде жан рахаты үшін бе?
  • 50/50 деп айтамын. Себебі, екі нәрсе де өмірде маңызды.
  • Театрға ғана емес,  кино саласында да алғашқы жұмыстарыңызға куә болып жүрміз. Жалпы, қазақ кинематографиясының дамуына деген көзқарасыңыз?
  • Кино әлемінде соншалықты қарқынды даму болып жатыр деп айта алмаймын. Бірақ, талпыныс көбірек. Алдағы уақытта сапалы дүниелер шығатынына сенімім мол. Себебі, көптеген фильмдер, сериалдар түсіріліп жатыр. Саны артып жатқан қазақ киноларының, сапаға ауысатын кезі алыс емес.
  • Жақсы, ендеше соңғы уақытта көрген үздік деген үш фильмді атасаңыз? Отандық немесе шетелдік?
  • Карантин уақытында театр режиссері ұсынған авторлық фильмдер көрген болатынбыз. Солардың ішінде, ресейлік «Ученик» атты фильм ұнады. Сонымен бірге шетелдік «Капернаум» атты кино, мелодрама жанрында «До встречи с тобой» фильмін ұсынамын.
  • Ұстаздарыңыз жөніндегі сөз қозғасақ?
  • Театр өнеріндегі алғашқы ұстазым – Ерғалым Төкеев. Алғаш Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына қабылдап, жан-жақтылыққа, жалпы өнердің әліппесін үйреткен ұстазым сол кісі. Соңғы курста театр режиссері, кино актері Мұрат Ахманов ағайымыз жетекшілік етіп, шеберлігімізді шыңдады. Барлық ұстаздардан өзімізге керектіні ала білдік деп ойлаймын. Жалпы, өміріңде кезіккен әрбір адам – ұстаз. Бастысы, өзіңнің рухани өсуіңе, дамуыңа керектісін ала білу қажет.
  • Әдемі әңгімеңізге рақмет! Осы сұхбатты пайдаланып оқырмандарды театрға шақырсаңыз болады.
  • Сіздерге де үлкен алғысымды білдіремін. Ал, құрметті оқырмандар! Сіздерді Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының қойылымдарын көруге шақырамын! Біздің театрда көрермендер жасына шектеу жоқ. Ертегілер әлемін жақсы көретін, ізгілікке құштар әрбір адамды біз асыға күтеміз!

Сұхбаттасқан: Бейбіт Әлкеева, театртанушы

Пікір жазу