ТАКСИСТ

Таңмен таласа такси шақырттым. Шынымды айтсам, сол сәтте жаныма жарық сыйлаған адамды жолықтырдым. Таң қалғаным сонша, екі күн қатарынан кездескеннің бәріне сол туралы айтып тауыса алмай жатырмын. Сомен, такси келді, отырдым. Жүргізуші жымиды. Мен де жымидым. Бірақ есіл-дертім телефонда. Жұмыстағы сауалдарға жауап қатып жатырмын.

— Сізге жел соғып тұрған жоқ па?

— Жоқ, рақмет, бәрі жақсы.

— Жаурап қалмадыңыз ба?

— Жо-жоқ, рас айтам, бәрі жақсы.

— Кәмпит жегіңіз келе ме? Қазір ғана дүкеннен алып шықтым. Өте дәмді екен! Желе қосылған. Мен осындайларын қатты жақсы көрем! Әдетте жолаушыларға же деп дігірлемеймін. Ыңғайсыз. Бірақ сізге ұсынғым кеп кетті. Жеңіз! Өте дәмді! Жейсіз бе?

— Жейін.

Ол кәмпит салынған қорабын тұтасымен маған ұстата салды. Мен әзілдеп, «неге рейтингі жоғары екенін енді түсіндім» дегендей мақтаулар айттым. Бағдаршамға тоқтадық. Көліктің жанына гүл сатқан балалар жақындады.

— Гүлді жақсы көресіз бе?

— Жақсы көрем.

Ол балақайларды тоқтатып, маған гүл әперді. Екі көзім жарқ етті. Екі езуім екі құлағымда, келе жатырмыз. Не боп кетті деп ойлап қоям. Таң енді атып келеді. Әлі ұйқым ашылмаған секілді. Бала туралы әңгіме қозғадық. Оның қызы екінші курста Польшада оқиды екен. Қызы туралы айтқаны мені тіпті тәнті етті.

— Білесіз бе, Зоя, бұл өмірде балам барына мың мәрте шүкір деймін. Зайыбым бар. Жұмысым. Осының бәрі маған қатты ұнайды. Кейде қызым қоңырау шалып, ақша сұрайды. Ол алыста, Польшада. Сағынады ғой. Мен оның карточкасына ақша сап жіберем. Сол кезде жаным қалай рақаттанатынын білсеңіз ғой. Өмір ғажап боп кетеді! Өз балама жақсылық жасағаныма шексіз қуанамын. Қиырда жүрген балапаным өзіне орамал сатып алатынын, достарымен пицца жейтінін ойласам, жаным жай табады, көңілім көншиді. Зайыбымды маникюрге апарғанда ылғи ақысын өзім төлеймін. Мұндай кезде де өзімді керемет сезінемін. Ол сосын екі апта бойы маған әдемі маникюрын көрсетіп, балаша мәз болады. Оны қуантудан қалай әсерленетінімді білсеңіз! Мен отбасыма жақсылық жасадым деп қуанамын. Содан кейін көңіл күй шат болады.

Осы жеріне келгенде шалып жатқан қоңырауларды сөндіре бердім.

— Білесіз бе, Зоя, көшеден бақытты адамдарды аз көрем. Қараңызшы, алдымызды кесіп өтіп жатқандардың ішінен өзім сияқтыларды көрмеймін. Өмірге көңілі толатындар көрінбейді. Бәрі асығыс, әбіржіңкі, шаршау. Соңғы бірнеше күнде маған қарап күлген жалғыз адам сіз болдыңыз. Жақында таныстарымды кездестіріп қалдым. Олардың екі баласы бар. Үлкені 3 сыныпта, екіншісі 1 сыныпқа барды. Солар қазіргі таңда баланы мектепте даярлау қандай қиын екенін айтты. Балаға оқулық, форма әперу удай бопты, курсқа жазу тіптен қымбаттапты… 15 минут соны айтты. Түрден түр жоқ. Содан мен оларға мұның шешімі бар дедім. Не айтқанымды білесіз бе? Егер бала бағу қиын болса, балаларыңды үйдің іргесіндегі балалар үйіне тапсырып кетіңдер дедім. Сонда мектеп, киім деп уайымдамайсыңдар дедім. Олар маған, «оның не, жоқ, болмайды, олар біздің баламыз, жақсы көреміз ғой» десті… Бала сендердікі болса, Құдайға ақыл-есі бүтін, он екі мүшесі сау бала бергені үшін разы болыңдар. Жер бетінде қаншама адам бір балаға зар болып, күн кешеді. Ал, сендерде бала бар. Тағдырдың сыйы. Балаларыңды жақсы көріңдер. Олар үшін қолдан келгеннің бәрін істеңдер. Жақсы көре алмасаңдар, балалар үйіне тапсыра салыңдар дедім. Неменеге шағына бересіңдер? Қарасам, елден ерек бақытты жандар, бірақ сонысын байқамайды. Көп адам сондай боп кеткен, ә? Ол ары қарай бір нәрселерді айтты. Мен үндемей тыңдадым. «Маникюрын төлеймін», «балам үшін бір нәрсе істесем рақаттанам» деген сөздер миымда жазылып қалды.Бұл жүргізуші кәсіпкер емес, инвестор емес, тіпті саясаткер де емес. Менің таныстарым секілді ТОП 100 азамат деген санатқа енбейді. Ол қымбат журналдың мұқабасында тұрмайтыны анық. Одан ешкім сұқбат алмайды. Ол тіпті мен сияқты көп ақша тапқанды да білмейді. Алайда оның өн бойынан өмір атқақтап тұрғандай. Сүйіспеншілігі, жарығы – телевизиялық жарық емес, жүректен шығатын жарық! – өмірімде жолықтырған адамдардың бәрінен де артық еді.

Айналамдағы еркектерге қарап, өмірді солармен өлшейтін едім. Қашан көрсең, қабағы қату. Әрине, ол кәсіпкер ғой. Ешқашан ешкімге жылы қабақ танытпайды. Ылғи қолы бос емес. Не істесе де қанағаттанбайтындар. Өмірден ләззат ала алмайтындар. Әйелін көрсе болды: «тағы да ақша соруға келдің бе?» дейтіндер. Олар үшін өмір күрес. Сынақ. Таксиден гүл құшақтап, кәмпит жеп, 100500 мақтау естіп түстім. Ол өзінің жарығын барлық адамға тарата ма екен? Таксиден түстім де, жүрегім жап-жарық боп кеткенін түсіндім. Мен үшін ғажап сабақ болды. Өмірге деген терең ілтипат сезіндім. Қанша тренингке қатыссам да, мұншама инсайт сезінбеген едім.Әр адам біз үшін ұстаз. Бүгін жақсы күн болды.

Зоя Торохова

Аударған Шынар Әбілда

(Шынар Әбілданың Фейсбук парақшасынан алынды)

Пікір жазу