Басты бет » Тамшы сыр » ЕРТЕ ОТБАСЫН ҚҰРҒАН ДҰРЫС ПА, ӘЛДЕ?…

ЕРТЕ ОТБАСЫН ҚҰРҒАН ДҰРЫС ПА, ӘЛДЕ?…

   images 

Қазақ атамыз кезінде 13-те отау иесі деп, мүшелге толған қыз бен ұлды ересек көретін. Ол заманда ерте тұрмыс құрып, үйлену қалыпты жағдай болған. Ал бүгінгі қоғамның айтулы мәселеге көзқарасы қандай? Ерте немесе кеш үйленудің қандай артықшылықтары мен кемшіліктері бар? Соны анықтап көрейік.

«Үйлену оңай, үй болу қиын» дегендей, қазіргі таңда күйдім, сүйдім деп, ерте отау құрып жатқандардың қатары жыл өткен сайын көбеймесе, азайған жоқ. Бесіктен белі шықпаған мектеп оқушыларының білім ордасын бітірмей жатып, тұрмыс құрып, үйленгендері де бар. Мұндай некенің көпшілігінің соңы ажырасу туралы қағазға қол қоюмен аяқталады. Немесе, керісінше, қыз кезінде жігіттерді менсінбей, кеудесін керген кей бойжеткендер оң жақтағы қыз атанып, ал ерлеріміз әлі күнге дейін сүр бойдақ болып жүрген жайы бар. Бұның бәрінің себебі неде? Әрине, өзге біреудің жеке өміріне қол сұғудан аулақпыз, біздің мақсат – қоғамда бар мәселе төңірегінде ой қозғау.
Сонымен, алдымен ерте үйленудің артықшылықтарына тоқталайық. Адам баласы ақымақ кезінде үйленіп алса, оның некесі берік болады дейді кейбіреулер. Яғни, бұл дегеніміз жас кезіңде тұрмысқа шығып алмасаң, кейін жасың жетіп, менсінбеушілік пайда болады деген сөз. Міне, бұл – бірінші себеп. Ал екіншіден, мансап қуамын деп ғылым мен жұмыстың соңына түсіп, уақытыңды жоғалтпайсың. Сенің замандастарың «жұмыс, жұмыс» деп бас ауыртып, үйленуге уақыт таппай, отызға таяп қалған шағында, сен балаңды балабақшаға жіберіп, карьераңды әрі қарай жалғастырып жүре бересің. Үшіншіден, қыз балаларға қатысты маңызды мәселе – алғашқы сәбиін көтеруге оңтайлы жас.
Таяқтың екі ұшы болатынындай, бұл мәселенің енді екінші жағын қарастырып көрейік. Ерте үйленудің салдары – жұбайыңды толық танымай, оның жаңаша мінездерін көріп, арадағы сезімнің салқындап, соңы ажырасуға алып келеді. Екіншіден, егер жоғары оқу орнында немесе мектепте оқып жүріп үйленіп кетсең, оқуыңа үлгермейсің, не болмаса ол мүлдем жайымен қалады. Сөйтіп, отбасы, бала деген маңызды шаруаң пайда болады. Сондай-ақ, албырт сезімге беріліп, ертерек үйленіп, бірақ кейін отбасыңды асырай алмай жүрсең, тағы қиын. Әрине, егер ата-ана тарапынан үнемі қолдау көрсетіліп, қаржылай қол ұшын созып тұрса, құба-құп.

%d0%b0348
Бұл – біздің күнделікті өмірде естіп жүрген сөздер, тіпті стеоротип болып қалыптасып кеткен десек те жаңылыспаймыз. Ал шын мәнінде қалай? Ерте үйленіп, тұрмыс құрғандардың өмірі не болып жатыр? Ол үшін нақты мысалдарға көшейік. Мәселен, Айнұр есімді бойжеткен 19 жасында тұрмысқа шығып, бір жылдан кейін ана атанған. «Әр адамның қалауы әр түрлі. Мен күйеуіммен бала кезімнен бірге өстік. Сосын бір жоғары оқу орнына түсеміз деп шештік. Екі жылдай жігіт пен қыз болып жүрдік те, үйленеміз деген ойға келдік. Бір жағынан кейде ерте шықтым-ау деп ойлаймын. Ал екінші жағынан, біз екеуміз кездескен барлық қиыншылық пен қуанышты бірге кешеміз», – дейді ол. Бүгінде 22-ге келген Айнұр екінші рет ана атанбақшы. Сонымен бірге, оқуын да қатар алып жүр. Отбасында түсініспеушіліктердің болып тұратынын да жасырмайды. Бірақ әр отбасының өзінің бір қиыншылықтары болады, ең бастысы кішіпейілділік пен сабыр сақтау керек деп санайды ол. Ал 45 жасар Майра есімді келіншек керісінше, жас кезінде өзіне көз салған бірқатар білімді, жақсы деген жігіттерді менсінбей, ақыр аяғында 42-ге таяған шағында қарапайым жігіттің етегінен ұстағанын айтады. Бүгінде бір баласын тәрбиелеп отырған ол, кезінде ерте тұрмыс құрмағанына өкінеді.
Ал өзге жастардың ерте үйлену жайында пікірі қандай? Осы сауалға жауап алу мақсатында, шағын сауалнама жүргізген болатынбыз.

images-1
Ажар Ерболған: Үйлену әр саналы адамның жеке жоспары деп ойлаймын. Әркім отбасылық жағдайына, оқуына, карьерасына және тағы да басқа өмірлік мақсатына қарай үйленуді де өз уақытын белгілеуі мүмкін. Әрине, бұл жағдайда мен тек субъективті пікіріммен ғана шектелемін және барлық адамның өмірі үшін жалпылама пікір айта салу да шындыққа жанаспас. Өз ойым, қазіргі заманда кім қай уақытта отбасын құрса да, өз жолынан адаспай, дұрыс таңдау жасаса болғаны.
Айбек Таңатбаев: Мен үшін қазір айхай 25-ті бағындырып, үйленуге дайындық басталған шақ. Ер жігіт үшін рухани және материалдық тұрғыдан өзін-өзі өмірге төсеп, қиындыққа шыдап, ата-анаға қызығын көрсету үшін, осы жаста үйленсе болады. Бұл менің жеке пікірім. Өмірде түйгенім көп. Айналама көз салып, қарасам, өзімнен ерте, 19-20 жасында үйленген достарым көп болса 2-8 ай тұрып, ажырасып жатады. Ал қыз бала, менің ойымша, 21-23 жаста тұрмысқа шықса, олар үшін дұрыс.
Айгюзель Кадир: Менің ойымша, ерте немесе кеш деген түсінік болмау керек. Әр адам өзі толысып, жетілдім деген шағында, тұрмыс құрады немесе үйленеді. Және қоғамның бір адамға «сен үйленуің керек, жасың жетіп қалды» деп қайта-қайта айтып, қысым көрсеткені де мүлдем дұрыс емес деп санаймын.

Әркімнің өз таным көкжиегінде әртүрлі көзқарасты ұстанатыны анық, әрине. Сонымен, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түйіп, ойымызды қорытындылайтын болсақ, үйлену үшін қандай да бір жас мөлшерінің біреуге ерте, біреуге кеш болатыны анық. Бұл әр адамның өміріне, сана сезіміне, отбасылық және материалдық жағдайына байланысты екеніне дауымыз жоқ. Сондықтан кісі баласын ерте я кеш үйлендің деп те жазғыруға қақымыз жоқ. Дей тұрғанмен, қай уақытта болмасын, әйтеуір өмірлік адал жарын, айнымас үзеңгілесін таба білгенге не жетсін? Мүмкін Алла тағала оған ерте үйленуді нәсіп еткен болар? Тек «Кімде кім үйленуге мүмкіндігі бола тұра, үйленбесе, менің үмбетімнен емес» деген Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың осы бір хадисін жадымыздан шығармауымыз керек.

Айгүл МЫРЗАҒАЛИҚЫЗЫ

Пікір жазу