Басты бет » Жаңалықтар » Гримердің сиқырлы әлемі

Гримердің сиқырлы әлемі

17522647_437372123274311_5836167553018968324_n

Әдеттегідей М. Байджиев «Құдалар» қойылымның алдында сомдайтын образыма байланысты киімімді киіп алғаннан кейін, грим салуға беттедім. Грим бөлмесінде, құдды бір мұражайға кіргендей боласыз. Қабырғада ілулі тұрған екі жаққа өрілген бұрымдар, арнайы орында неше түрлі париктер, сақал-мұрт, басқа да гримдеу өнеріне қажетті бұйымдар тұр.

Күні бойы еңбек етуден тыным таппайтын Гүлнар Галиакбарова қашан барсақ та ілмекпен тоқу тоқып, әртүрлі бұйымдарды дайындап отырады. Бүгін де солай. Ол өз ісінің хас шебері, грим арқылы кейіпкеріңізді кез келген жас ерекшеліктеріне қарай жасартып, есейтіп немесе жасын ұлғайтып көрсете алады. Бұл еңбек қаншама жауапкершік, шыдамдылық, күш-жігерді қажет етеді десеңізші!

Қойылымға бірнеше сағат бұрын ертерек келіп жайғасып отырып, амандық, саулық сұрасып, «бұл мамандықты таңдауыңызға не себеп болды?» деп әңгіме бастадым. Образ жасаудың қыр-сырын меңгерген білікті маман, гример-суретші Гүлнар:

– Мен үйде баланың үлкенімін, 1969 жылы 18 тамызда Орал қаласында дүниеге келдім. Бұл мамандыққа қалай келгенімді айтар болсам, әкем Шуйтасов Ақылбек көлік жүргізушісі, ал анам Екатерина Максимовна шаштараз қызметінде жасады әрі әуесқой суретші болды. Анамның суретшілігі маған дарыса керек,  бала кезімнен қолыма түрлі түсті бояу мен ақ қағаз түссе болды табиғатты, кез келген мүсінді әсіресе адамның кескін-келбетін қағаз бетіне түсіруге құштар болдым. Анамның салған суреттеріне қарап, мен де суретші болғым келді. Атақты суретші болсам деп те армандайтынмын. Сол  алға қойған мақсатыммен мектеп бітіргеннен кейін 1985-1988 жылдары Ақтөбе мәдени-ағарту училищесінің көркемсурет-безендіру бөлімінде оқыдым. Оқу бітіріп келгеннен кейін, жап-жас, тұлғалы, ішкі істер органының қызметкері Махамбет Галиакбаровқа тұрмысқа шықтым. Содан біраз жыл бала күтімінде байланысты демалыста болдым. Қанша дегенмен шығармашылық адамы ізденгенді жақсы көреді. Содан 1997 жылы осы киелі шаңыраққа суретші-гример керек болып жатыр деп естідім. Жүрегімнен туған ұшқыр қиялым жетелесе керек, театрға келдім. Ол кезде бас режиссер Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сердеш Қажымұратов ағамыз біліміме, еңбегіме қарай жұмысқа қабылдады. Алғысым шексіз, содан бері театрда еңбек етіп келемін. Жалпы грим сөзі француз тілінен аударғанда «фр. Grime – қызықты» және «grimo – әжім басқан» деген мағынаны береді екен. Әр қойылымның алдында қатысатын кейіпкерлер тізімін жасаймын. Негізі суретші-гример адам бетіне бедерлейтін суретші екенімді естен шығармай, өз алдына визажист, кез келген шаш үлгісін жасайтын парикмахер әрі психологпын (күліп). Себебі адамдардың мінез-құлқы, жас ерекшелігіне қарай грим жасау оңай емес, режиссермен ақылдасып, ойға ой қосып, небір қиялдарымды қосып жұмыстанамын. Мен өз мамандығымды жақсы көремін. Әсіресе бүкіл оқулықтарды оқи отырып, тарихи кейіпкерлерді, портреттік гримді салғанды ұнатамын. Мысалы, Абай Құнанбаев, Жәңгір хан, Нұрғиса Тілендиев, Мұқағали Мақатаев, Александр Пушкин, т.б. тұлғалар. Дегенмен біліміңді де ұштап біліктілігіңді арттырмасаң тағы болмайды, – дейді.

s7Fd3muXnak

Гүлнар 2009 жылы қазақтың М. Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрында ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, доцент, ұстаз, суретші-гример Виктор Алексеевич Щербаковтың шеберлік курсына барып, грим жасаудың қыр сырларын үйренді. Кәсіби ұстаз оның жасаған жұмыстарына қарай талдай отырып еңбегін өте жоғары бағалады. Ал 2013 жылы Астана қаласында Мәдениет министрлігінің театр өнері қайраткерлерінің ХІІІ республикалық практикумына қатысып, сертификатқа ие болды.

– Менің түсінгенім, қай мамандықта болмасын талпынсаң, табысқа жетесің. Шама келсе, бос уақытты қалт жібермеу керек, міне өзің көріп отырғандай арнайы құрал-жабдықтармен сақал-мұртты өзім дайындап, жасай беремін. Ал енді гримді жақында театрымыздың басшысы Салтанат Мақсотқызы Мәскеу қаласына жіберіп алдырды. Алда драматург С. Мрожектің «Мен» қойылымының премьерасы. Режиссер Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері Данияр Базарқұлов пен қойылымның суретшісі, Грузия мемлекетінің үздік сценографы Тамара Охикянмен бірлесіп жұмыс жасаудың қызықты сәті түсіп тұр. Көрермендердің асыға күткен әр спектаклі мен үшін ізденіс пен жаңалыққа толы, – дейді кейіпкеріміз.

Өз ісінің шебері Гүлнардың еңбегі еленіп, 2018 жылы салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіптік одағының «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды. Гримдеу де үлкен ізденіс пен шеберлікті талап ететін үлкен өнер екендігі ешкімге дау туғызбайды. Осындай ерекше өнердің майталманына айналған Гүлнар Ақылбекқызына шалқар шабыт тілейміз!

 Самал Әбуов,

Х. Бөкеева атындағы қазақ драма театрының

режиссері әрі актері

Пікір жазу