Басты бет » Тіршілік ырғағы » Айман Қуатова: Мұқағали ақын мені «Мәншүктің сіңлісі» деп атайтын

Айман Қуатова: Мұқағали ақын мені «Мәншүктің сіңлісі» деп атайтын

SCAN0003

   Құрманғазының ұстазы болған Ұзақ күйшінің шөбересі, ҚР еңбек сіңірген мəдениет қызметкері, режиссер Қуатова Айман Сисенғалиқызы қазақ өнеріне сіңірген еңбегі зор адам. Саналы ғұмырында шәкірт тәрбиелеп, актер, режиссер болуды армандаған жас мамандарға даңғыл жол ашқан ұстазымыз. Бүгінде сексеннің төріне шығып, ұл-қыздары өмірден өз орындарын тауып, немере мен шөбере өсіріп отырған оның жүзінен нұр шашқан нағыз қазақ анасының бейнесін көресің. Жақында сәлем беріп, амандық біліп ұстазымызбен әңгімелесіп шер тарқаттық. Сөз барысында: “Айман апа шөбереңіз дүниеге келді деп естіп жатырмыз, бүкіл ел мақтанар азаматқа айналсын құтты болсын, ұзағынан сүйіндірсін! Қалай шөбере тәтті ме екен?”

Айман апа:

– Рахмет айналайын! Қазақ халқында нәрестенің дүниеге келуі үлкен қуаныш! Ең әуелі естігенде қуандым, одан қуаныштан жыладым. (күліп)

– Айман апа, өзіңіз өміріңіз жайлы айтып өтсеңіз, – дедім.

– Мен 1938 жылы 16 шілдеде Сырым ауданында ұстаздар отбасында дүниеге келдім. Әкем Сисенғали Жанғазыұлы Орынбор қазақ-қырғыз гимназиясын бітірген, талантты балаларды теріп жүріп оқытқан. 1947 жылы «Құрмет» белгісінің иегері атанған, Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі, ұлағатты ұстаз. Ұзақ бабаның інісі – әкем Сисенғали қырық бес жыл шәкірт тәрбиелеп, күйші ақынжанды, табиғат-ана сыйға тартқан атақты сынықшы, небір дүлдүл әншілер мен күйшілер шыққан Қаратөбе ауданының Аққозы ауылында дүниеге келген. Жезтаңдай әнші Ғарифолла Құрманғалиевке мектепте сабақ берген. Бала кезімізде  “Ғарекеңнің дауысы жеті қырдан асатын Мұхиттың дауысындай” деп айтып отыратын. Анам ақын, жазушы, драматург, фольклор жинаушы Рахметжан Малабаевтың қарындасы Қайырлы Құдайбергенқызы. Өмірге енді көзімді ашып үлгермей, небәрі бес жасымда анам дүниеден өтті де кетті. Одан кейінгі анам – Зүбәржат. Біз төрт бала тәрбиелендік. Үлкен апам Мария – ұстаз, Үміт – тарихшы, сосын мен, ал інім Бақытжан – математик.

SCAN0000

       Ең алғаш 1946 жылы Сырым ауданы, Ақырап негізгі жалпы білім беретін мектебіне бірінші сыныпқа бардым. Әр халықтың бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктері бар дегендей, менің әкем қазақ фольклорының лиро-эпостық шығармаларын жатқа соғатын. Соғыс басылып, ел ес жия бастаған кез. Әлі бәрі көз алдымда кеште соғыстан келген майдангерлер, үлкен кісілер біздің үйге жиналады. Сосын әкем «Қыз Жібек» жырын  домбырамен дауыстап оқиды. Ең қызықты жеріне келгенде кино сияқты үзіп тастайды. “Ал енді шаруаларыңа барыңдар, ертең жалғасы болады” дейді. Міне, біз осылай бала күнімізден халық ауыз әдебиетіндегі «Ер Тарғын», «Қамбар батыр», «Ер төстік» жырларымен сусындап, бәрін жатқа айтып өстік. Әдебиетті  жақсы меңгеруім, режиссер мамандығыма да көп пайдасын тигізді. 1956 жылы Сырым ауданы, Жымпиты ауылында Жымпиты (қазіргі  Қ. Мырзалиев) орта мектебін 102 бала бітіріп, Орал қаласындағы А.С. Пушкин атындағы педагогикалық институттың филология факультеті «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына әншi, композитор, Қазақ КСР-нің Халық әртісі Ескендір Өтегенұлы Хасанғалиевпен бірге оқуға түстім. Ол кезде “Я встретил девушку” киносындағы Рашид Бейбутов орындауындағы ән әйгілі болды. Соны қазіргі Достық-Дружба даңғылы, біздің кезімізде И.В. Сталин көшесі болды. Соның бойындағы жатаханада Ескендірмен бірге ән шырқағанбыз. Ең алғашқы ұстазым филология ғылымдарының докторы, профессор Ханғали Жұмашұлы Сүйіншәлиев. Бірақ өнерге қатты қызықтым. Содан бір күні әрі ойланып, бері ойланып құжатымды  алдым да ауылға бардым. Әуелі батылым бармай, сосын жәймен әкеме «мен оқытушы  болғым келмейді» дедім. Әкем салмақпен  «Онда сиыр бағасың» деді. Оған да амалсыз көнуге тура келді. Былай ренжіген жоқ әкем, өте байсалды, салмақты адам. Содан Жосалы ауылдық округіне қарасты, Былқылдақ ауылына «Елдімекенді қалаға теңейміз, жұмыс істейміз» деген ұранмен он алты қыз сауыншы болып бардық. КСРО басшысы Н.С. Хрущев малды бордақылау керек, сиыр сауу жұмысын тоқтатыңдар деді. Содан он алты қыздың үшеуі оқуға түсіп, қалғандары тұрмыс құрып, мені әншілік қабілетіме орай 1957 жылы Сырым ауданы, Жосалы мәдениет үйіне жұмысқа алды. Төрт жыл табандап тұрып концерттік шаралар өткізіп, спектакльдер  қойып, ауыл мәдениетін дамытуға күш салдым. Бір күні әкем «Оқуға  баруың керек» деді.  Жинақталып барып 1961 жылы  Ақтөбе қаласындағы мәдени-ағарту училищесінің режиссерлық бөліміне оқуға түстім. Онда көрнекті ақын, Қазақстанның Халық жазушысы Мәриям Хакімжанованың інісі Қазақ Мемлекеттік М. Әуезов атындағы академиялық драма театрының актеры Шәкен Кәкімжанов класында оқыдым. Оқуымды аяқтап, 1964 жылы Ақтөбедегі өлкелік радио және тедевидение комитетінде режиссердің ассистенті болып жұмыс істедім.

SCAN0004

Ағаң Өтеш Керейұлы Қуатов диктор болды. Өтеш Керейұлы екеуміз Жымпиты (қазіргі Қ. Мырзалиев) орта мектебін бірге оқып бітіргенбіз. Екеуміз шаңырақ көтеріп, отау құрдық. Өтеш ағаң 1965 жылы Орал облыстық радио және телевидение хабары студиясында Николай Баймұқашев екеуі бірінші дикторы болды. Ал мен екі жұма сынақ мерзімімен  облыстық «Орал өңірі» газетінің редакторы Хабер Нұрмұхамедов ағайға секретарь-машинист болып орналастым. Бұл жұмыс менің мақалаларды талдауыма, идеялық мазмұнын ашуға, кез келген шығарманың мазмұнын көркем тілмен жазуға дағдыландырды. Өтеш ағаң 1971 жылы Алматы қаласындағы жоғары партия мектебіне оқуға түсті. Содан әкем «Сәбиіңмен жалғыз қалма, қиын болады, бірге болыңдар» деп ақ батасын беріп шығарып салды. Алматыға барған соң, жұмыс іздеуге тура келді. Оған дейін Ұлттық ақпараттандыру академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Маданов Хамит Маданұлының көлемді диссертациясын машинкаға бастырып, теріп бергенмін.  Сол кісіге бардым, Хамит ағай мені көргенде қуанып кетті. Республикалық теле-радио хабарлар жөніндегі мемлекеттік комитетке жұмысқа орналастырды. Жұмыс тынымсыз өте ауыр болды. Үш айдан соң бірі күні ақын Ақұштап Бақтыгереева телефон шалды: «Айман! Сіздерді Алматыға келді деп естіп жатырмыз. Қазір барамын» деді. Содан келді, бар жағдайымды айттым. Ақұштап ертеңіне хабарласып: «Жазушылар одағына кел. «Жұлдыз» журналына сауатты секретарь-машинист керек, әрі болашақ режиссерлық жұмысыңа, сценарий жазуыңа көп көмегі тиеді» деді. Айтқандай бірден бардым. Ол кезде Қазақстан Жазушылар одағында, «Жұлдыз» журналының редакторы Тахауи Ахтанов. Жазушы, драматург Тахауи Ахтановтың шығармаларымен бұрыннан таныспын, барсам кабинетінде отыр екен. Тахауи аға: Сәлеметсіз бе? Отырыңыз. (орындықты нұсқап) Отырдым. Ұлы адамды көрем деп кім ойлаған. Сосын Тахауи аға: Ия, айналайын. Қандай шаруамен келдіңіз? Мамандығың не? Мен: Бірінші мамандығым режиссер, екінші секретарь-машинист дедім. Содан Жазушылар одағы «Жұлдыз» журналына жұмысқа орналастым. Ең бірінші күні поэзия алыбы Қадыр Мырза Әлі ағамен кездестім. Мені көргенде ағай таң қалып: «Қарындасым! Сенi мұнда кiм жұмысқа орналастырды?» дедi. Мен күліп Ақұштап қарындасыңыз дедім. Қадыр ағаның бір қасиеті өз шығармасын машинкаға өзі басады. Тағы бір қасиеті шығармашылық жұмыс  кезінде үйден шықпай, ағылып келіп жатқан өлеңдерін аяқтамай, ешкімге жауап бермейді. Сол кезде Жұбан Молдағалиев, Мұқағали Мақатаев, Сағат Әшімбаев, Оралхан Бөкей, Асқар Сүлейменов, т.б. бәрімен жүздестім. Жұмыс  қызық енді. Бір күні кезекті шығарманы машинкаға теріп отырғанмын Мұқағали келді өлеңді бұрқыратып. Отыра қалып әңгімесін айтып «Жауапты хатшы Қадыр Ғинаятұлына телефон шалсам жауап бермейді. Үйіне барып есігін қақсам, ашпайды. Бір кезде есіктің әр жағынан данышпан ағаң: – Салтанат есікті кілттеп кетті, – дейді. “Кешке Тахауи Ахтановтың мерейтойына шашуға салатын ақшадан көмек ет, терезеден лақтыр” дедім. “Жақсы!” деп келісті. Маған қарап: “Мәншүк батырдың сiңлiсi, данышпан ақын ағаңды әлгі Салтанат кілттеп үйден шығармайды. Сен соны білесің бе?” деп қалжыңдағаны есімде. Ұлы ақын Мұқағалимен таныстығым осылай басталды. Қадыр ағаның бір кереметі бір істі бастаса, аяғына дейін жеткізбей ешкіммен араласпайды. Бірін айтып біріне кетіп жатамыз.

SCAN0001

        Қадыр ағамен өмірінің соңына дейін отбасымызбен бір үйдің адамдарындай араластық. Оралға келгенде де тіке біздің үйге түсетін. Бірде осы Оралға келді де: – Өтеш, Айман мені сыртымнан кілттеп кетіңдерші, – деді. Біз кеткен кезде Қырымгерей мен Қатимолла келіпті. Есік қақса: – Айман  сыртымнан кілттеп кетті, – депті. Сонда Қырымгерей мен Қатимолла: – Басқасы басқа ұлы адамды сыртынан кілттеп кеткендерің қызық екен? – деп әзілдеп күлді. (күліп)

          Оралхан Бөкейдің де шығармаларын машинкаға тердім, мен оған: “Оралхан сен маған «диктовка» жасамай, жазып әкеліп берші” десем: «Айман, менің жазуым тиянақты емес, одан да осылай баяндап айтқаным дұрыс болар” деп отыратын жарықтық. Бір күні «Жұлдыз» журналының редакторы Тахауи Ахтанов басқа жұмысқа ауысып, орнына халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Шерхан Мұртаза келді. Шерхан ағаның қарамағында да жұмыс жасадым. Сол сəтте есікті тықылдатып біреу есік қағады. Қарасам кішкентай бойлы кісі. Бетіме қарап: «Тахауи бар ма?» деп сұрады.  “Ол кісі жоқ!” – деп жауап бердім. «Аа, жақсы», – дедi де кетіп қалды. Кейін қасымдағылардан “жаңағы кісі кім?” деп сұрасам, “Шәмші ғой танымайсыз ба?” деді. Мен таңырқап қалдым. Ұлы  Шәмшіні көрем деп кім ойлаған?..

     Оралға қайтатын уақытымызда Мұқағали Мақатаев: “Сен қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың сiңлiсiсің, ару Алматыны тастап Ақ Жайыққа кері оралып  барасың ба?” деді. “Иә, барамын” дедім. Сонда Мұқағали: “Саған бір өтінішім бар айтайын. Есіңде болсын! Егер елге оралып жатсаң, үйіңді бір қазаққа ауыстыр”. Сосын мен: “Неге?” дедім?.. Мұқағали: “Әлемге даңқы жайылған Алматы апортын өзге ұлт жегенше, бір қазақ жесін” деген. Қазақтың ақиық ақыны, мұзбалақ ақыны атанған Мұқағали Сүлейменұлын соңғы көруім екен… Сол дара тұлғалардың  өмірлік ұстанымы, ой толғамы, жүріс-тұрысы, сөйлеген сөздері қаз-қалпында көз алдымда қалды. Олар менің өмірлік ең мықты ұстаздарым, екі институт бітіргенмен бірдей болдым. Осылай «Ақжайықтың ақшағаласы» атанған ақын Ақұштап Бақтыгереева сіңлімнің арқасында, қазақ әдебиетi пен мәдениетiнің алтын ордасына жұмысқа орналасып, небір заңғар жазушы-драматург тұлғалармен жүздестім. 1975 жылы Өтеш ағаң оқуын бітіріп, кішкентайымыз Сәулені арқалап  елге оралдық. Батыс Қазақстан облыстық телерадио комитетінің телеарнасы Орал студиясына ағаң диктор мен дыбыс режиссеры болып орналастым. Күндердің күнінде жұмыста жүрегімнің талмасы ұстап, жедел жәрдеммен ауруханаға түстім. Денем дәрі қабылдамады. Білікті дәрігер невропатолог Александр Миронов сен сияқты өмір жолымды сұрады. Бес жасымда анамнан айрылғанымды, өмір жолымдағы қиындықтардың бәрін айттым. Бетіме қарап отырды да: “сізге ертең дәрігер психиатр-невролог келеді” деді. “Тағы бір айтқаным алдағы өмірді түс арқылы көріп отырам” дедім. “Бұл сирек кездесетін жағдай, бір ай емделіңіз сосын жұмысты ауыстырыңыз” деді. Содан жолымның болғаны шығар менімен бірге Қазталов аудандық идеологиялық секретарь Маржан деген апай жатты. Сол кісі уайымдамаңыз, мен сізге басқа жұмыс табуға көмектесемін. Осы Оралда халық шығармашылығы орталығы ашылып жатыр. Соның директоры Райса Шынтеміровамен таныстырайын. Ол кісіге режиссер керек. Айтқандай ертесіне Райса Шынтемірова хабарласып, 1980 жылы халық шығармашылығы орталығына режиссер болып орналастым. Ең алғашқы жұмысым Қаратөбе ауданына шабандар тойын өткізуден бастадым. Жолай Сырым ауданы Жетікөл ауылында әкеме соқтым. Сонда әкем: “Қызым небір қиындықтарды бастан кешіріп, аман-есен өттің. Енді ауырмайсың! Жолың ашық болсын!” деп батасын берді. Әкемнің  көріпкелдік қасиеті бар екенін сонда байқадым. Одан кейін егінші, Социалистік Еңбек Ері Мақаш Жүсіпов туралы Республикалық шара өткіздім. Сол сәттерде ол кісі туралы толық мағлұмат беріп көмектескен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Т. Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты, ақын Ғайсағали Сейтаққа алғысым шексіз. Үлкенді-кішілі түрлі-түрлі мәдени шаралар жұмыс қызу жүріп жатты.

    1986 жыл. Жаз айы. Москвада Бүкілодақтық көркемөнерпаздар үгіт бригадасының фестивалі өтті. Ол кезде белгілі биші Райхан Сабырқызы Қожекешова жап-жас, жанып тұр. Үш күн өте қатал іріктеу болды. Бізді ең соңына қойды. Фестивальге “Ана тілім – абырой, ар-намысым” деген бағадарламамен бардық. Он бес одақтас мемлекеттің барлық өнерпаздары қатысты. Москвада «Целинный» қонақ үйіне орналасқанбыз. Мен осы шараны уайымдап, ертеңгілік ас мәзіріне бармай қалдым. Бір уақыта есік қағылды. Ашсам сұңғақ бойлы, сұлу мүсінді, денесі тіп-тік Тельман Имашев пен суырыпсалма ақын Хатимолла Бердіғалиев келіп тұр. “Ал бөлмеге кіріңдер” дедім. Хатимолла: «Апа мен түс көрдім, түсімде бәріміз ұшақпен  ұшып бара жатырмыз, бас жүлде біздікі» деді. Мен естіген бойда көңілім жібіп, концерт залына бардым. Сағат онда біздің концертіміз басталды. Мың бұралған бишілерімен Райхан қалай биледі десеңші. Ал Хатимолланың әні бүкіл залды дүр сілкіндірді. Концерт бір демде өте шықты. Сөйтіп, біз байқаудың Гран-при жүлдесін жеңіп алдық. Ақындар мен батырлар мекені саналатын Ақжайық өлкесінде 1992 жылы  ұлт-азаттық қозғалысының аса көрнекті қайраткерлерінің бірі, Сырым Датұлы бабамыздың 250 жылдық  мерейтойын атап өттік. Батыр бейнесін сомдаған – табиғи дарынды актер Тельман Сатқанұлы Имашев. Содан Әміржан жүгіріп келіп: – Апа! Сыр елінен бабамыздың ұрпағы келген екен, сізді шақырып жатыр, – деді. Барсам киіз үйде еңгезердей тұлғалы кiсi: – Ой, айналайын! Мен саған батамды берейін. Өмір бойы Сырым бабамыздың рухы қолдасын! Шырағым, бағың ашылсын, көп жасаған кейуана бол! – деп ризашылықпен ақ батасын берді.

SCAN0006

    Білімді шәкірт тәрбиелеудің жауапкершілігі өте зор. Ғ. Құрманғалиев атындағы филармониясында режиссер, Дәулеткерей атындағы мәдениет және өнер институтында ұстаз болып өздеріңді оқытып, тәрбиеледім. Ұзақ жылдардағы еңбегім бағаланып, 1996 жылы 9 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Жарлығымен «Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атағын алдым.

            Өнер жолы – қиын жол. Кез келген адамның бағы жана бермейді… Соның ішінде нағыз таланттардың жолы өте ауыр болады. Нағыз таланттар  қызғаныштың қызыл итіне жем болып, күйіп кететіндері тағы бар… Сондықтан “Ақыл көпке жеткізер, өнер көкке жеткізер” деп ұстазым батасын берді.

           Халық өнерін дамытуға зор еңбек сіңіріп, білікті шәкірттер тәрбиелеген,  көргені де, айтары да мол мәдениет қайраткері, ұстазымыз Айман Сисенғалиқызына денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз!

                                              Самал Әбуов,

 БҚО  Х. Бөкеева атындағы қазақ драма театрының

                                                    актері әрі бас режиссері

 

 

 

Пікір жазу