Басты бет » Жаңалықтар » ДҮБІРЛІ ДОДА МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

ДҮБІРЛІ ДОДА МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

Биыл Батыс Қазақстан облысы Теректі аудандық жастар орталығының «Іс үшін» жастар қоғамдық бірлестігіне 20 жыл толды.
IMG_8529.JPG
Осы жылдар ішінде аталмыш бірлестіктің ұйымдастыруымен аудан аумағында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру үшін көптеген мәдени-спорттық, танымдық, семинар-тренинг пен интелектуалды ойын, сынды іс-шара өтті. Аудандық деңгейден оза шапқан үздіктер облыстық жарыстарға қатысып, Теректі намысын қорғап келеді.
Жақында шағын футболдан Теректі ауданының 2024 жылғы чемпионаты мәресіне жетіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды. Дәстүрге айналған аталмыш чемпионатқа жастардың қызығушылығы артып, әртүрлі салада қызмет етіп жүрген спортшы саны көбеюде. Бесінші рет ұйымдастырылған жарысқа аудан бойынша 14 команда, 200-ге жуық жас қатысып, бақ сынады.

Марапаттау рәсіміне аудандық мәслихат төрағасы Әлжан Нұрғалиев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жандос Сұңғатов, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Мирхат Ибраев қатысты. Сөз алған Жандос Әміржанұлы жастардың басын қосып, бірлігін бекемдейтін мұндай сайыстарға қолдау табылатынын жеткізді. Бұл чемпионат 2018 жылдан беріп өтіп келеді. «Теректі лигасы» һәм «Теректі кубогі» турнирлерінен тұрады. Өзара мықтыны анықтау үшін аудан жастары тамыз-қыркүйек айларының әр апта демалысында жүздесті.Сонымен, «Теректі кубогі 2024″ турнирінде «Подстепный жастары» командасы 3-орынға, «Бозай» командасы 2-орынға, «Сүйін ұрпағы» командасы 1-орынға ие болды. Ал аудандық «Теректі лигасы 2024″ турнирінде қола жүлдені «Сүйін ұрпағы» місе тұтса, күміс жүлдені «Аңқаты» командасы еншілеп, алтын жүлдеге «Подстепный» командасы лайық болды.
IMG_8551.JPG
Мықтылар анықталған рәсімде үздік ойыншылар да қалыс қалмады. Атап айтсақ, «Үздік сұрмерген» аталымымен шалқарлық Бекзат Жонасов, «Үздік қақпашы» аталымымен ақсоғымдық Мейрамбек Нуханов, «Үздік қорғаушы» аталымымен теректілік Аслан Бекенов, «Үздік шабуылшы» аталымымен подстепныйлық Азамат Сағындықов және «Үздік ойыншы» аталымымен аңқатылық Асылбек Оразов марапатталды. Чемпионатта ерекше шеберлігі
мен белсенділігі арқылы көзге түскен ойыншылар да алғысқа ие болды.
Сондай-ақ бірлестік төрағасы Нұрлан Жасұланов доданы ұйымдастыруда азаматтық ұстанымы мен спортқа деген жанашырлығы үшін Азамат Ибатовқа, Эльдар Есқалиевке, Еламан Каримовқа алғысхат табыстады.
Марапаттау рәсімін аудан өнерпазы Бақытгүл Қабашева әсем әнмен түйіндеді.
Ақтілек ӘЛІБЕКҰЛЫ,
Батыс Қазақстан облысы
Теректі ауданы