Жақсы жаңалықты Павлодар қалалық білім беру бөлімі мәлімдеді, деп хабарлайды Jastar janary.
«Құрметті қала тұрғындары!
Біз жергілікті тұрғындардың тілектерін ескере отырып, «Достық» ықшам ауданында салынып жатқан жаңа «жайлы мектепте» оқыту қазақ тілінде жүргізілетінін хабарлаймыз», – делінген Павлодар қалалық білім беру бөлімінің инстапарақшасында.
Жазылған ақпаратта бүгінде қарқынды түрде дамып жатқан «Достық» ықшам ауданында мектеп жасындағы 747 бала тұрады. Олардың 80%-дан астамы мемлекеттік тілде білім алады, бірақ көрші №21 орта мектепте және Тәшенев, Момышұлы мектептерінде, Бөкейхан атындағы лицейде, сондай-ақ ықшам ауданнан тыс жерлерде оқуға мәжбүр. Жаңа «жайлы мектеп» бұл балаларға өз үйлеріне жақын жерде білім алуға мүмкіндік беріп, болашақта «Достықтың» жас тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасайтыны айтылған.
Сонымен қатар көршілес қазақ сыныптары бар мектептердің жүктемесін азайту жоспарланған. «Дачный» ықшам ауданындағы 1200 орынға арналған №21 мектепте қазір 2 134 оқушы, ал «Достықтан» балалар келіп оқитын Кенжекөл орта мектебінде 1 020 орынның орнына шамамен 1 500 оқушы білім алуда, олардың 917-сі қазақ тілінде оқиды.
Сарапшылардың болжамы бойынша, өңір мен облыс орталығында қазақ тілінде оқытуға сұраныс тұрақты түрде арта бермек. Соңғы 5 жылда 2 жаңа мектеп пен 3 қосымша ғимарат салынғанымен, жаңа білім беру нысандары бұл тапшылықты толық жоя алмады – олардың ішінде тек бір мектепте (Бөкейхан атындағы) білім беру мемлекеттік тілде жүргізіледі. Қаладағы 43 мектептің тек 10-ы ғана қазақ тілінде оқытады. 2018 жылдан бері Павлодардағы 15 орыстілді мектепте алғаш рет қазақ сыныптары ашылды, бірақ бұл мәселені шешуге жеткіліксіз болды.
– «Достық» ықшам ауданында 1 200 орынға арналған жаңа жайлы мектеп тек тұрғындардың сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, сонымен қатар павлодарлық жас ұрпаққа мемлекеттік тілде білім алуды қолжетімді етуде маңызды қадамы болатынына сенімдіміз, – дейді Павлодар қалалық білім бөліміндегілер.