Басты бет » Жаңалықтар » Елдос Сметов Астанада жас дзюдошылармен кездесті

Елдос Сметов Астанада жас дзюдошылармен кездесті

Олимпиада чемпионы Астанада Kodokan Spirit дзюдо орталығының тәрбиеленушілерімен кездесу өткізді, деп хабарлады Jastar janary порталы елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.


Салтанатты іс-шарада Елдос Сметов Астананың дарынды жас дзюдошыларына спортта сәттілік тілеп, өз қолтаңбасы бар мерейтойлық кимоноларды сыйға тартты.
Бүгінгі кездесуде жасөспірімдер Олимпиада чемпионына көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды.

«Олимпиададағы ең қиын белдесуім 2023 жылғы әлем чемпионы Франсиско Гарригосқа қарсы өтті. Жеңіске жету жолымда ол бір ғана мүмкіндік берді. Нәтижесінде өз сәтімді тиімді пайдаланып кеттім. Жалпы қай жерде болмасын, түсінген адам жетістікке тек отбасының қолдауы арқасында жете алады. Ата-ананың дұғасы, разылығы – жеңіске жетудің басты кілті», – деді Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов.

Енді ғана осы спортқа ден қойған жас спортшы Елдостан дзюдода өткерген ең қиын сәтін сұрады.
«Өзбекстандағы халықаралық жарыста 40 келіде күресуім қажет еді. Бірақ салмағым 44 келіні құрады. 4 келіні тез арада қуған сәтім әлі күнге дейін есімнен кетпейді», – деп жауап берді ол.
Айта кетейік, ауданы 1 200 шаршы метрді құрайтын жаңа Kodokan Spirit дзюдо орталығында мыңнан астам бала дзюдомен айналысады. Спорт кешені 180 орындық стендпен, олимпиадалық сападағы жапон татамиімен, заманауи желдеткішпен және жарықтандырумен жабдықталған. Негізгі залдан басқа, спорт кешенінде көп функциялы жаттығу залы, топтық сабақтарға арналған екі шағын зал, ата-аналарға арналған ыңғайлы күту алаңы және асханасы бар.


Астана дзюдо федерациясының президенті Ғайса Жұмалиевтің айтуынша, елордада әлемдік аренада ең жоғары нәтижелерге қол жеткізуі мүмкін көптеген дарынды спортшылар бар. Kodokan Spirit дзюдо орталығында жаттығу жасайтын Астана ересектер құрамасы алғаш рет Қазақстанның 20 өңірінің арасында жалпы командалық есепте үшінші орын алды.