– №5513 әскери бөліміне сарбаз болып келгенде алып денелі, көп жұмыстың белортасында жүретін старшинаны байқадым. Әскери бөлімдегі әр кірпіш сол кісінің қолынан өтеді десем, артық айтқандық емес. Қасындағы қызметкерлерге ақыл-кеңесін айтып, сарбаздарға білгенін үйретіп жатады. Бақылау-өткізу бекеті бойынша кезекшінің көмекшісі болып жасаққа түскенде ол кісінің жұмысқа ерте келіп, кеш қайтатынын аңғардым. Уақыт шіркін жүйрік қой. Арада біраз уақыт өткенде асай-мүсейімді арқалап, старшина мырзаның өзімен әңгімелесуге арнайы бардым. Ол кісі өтінішіме қарсы болмады. Қойған сұрақтарыма қысқа әрі нақты жауап қайтарып отырды. Мақаламызға арқау еткелі отырған жан – Пехотин Михаил Михаилұлы. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланының Тараз қаласында орналасқан №5513 әскери бөлімінде, екінші Жедел мақсаттағы баталонының алтыншы Жедел мақсаттағы ротасының старшинасы болып қызмет атқарады. Ол 1971 жылы 19 тамызда Алматы облысының Сарқан ауданына қарайтын Алажиде ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. 1986 жылы 8-сыныпты тәмамдаған. Жамбыл қаласындағы (қазіргі Тараз – Ж.Б) №14 техникалық училищеге оқуға түсіп, механизатор мамандығын алып шыққан. 1989-1991 жылдар аралығында Күршім шекара отрядында №2535 әскери бөлімде Отан алдындағы борышын өтеген. Әскер қатарындағы жылдарын кейіпкеріміз былайша сағынышпен еске алады: «Әскерде болған кездерім – өмірімнің ең бір жарқын сәттері. Еліміздің Қытаймен шектесетін аумағында болдым. Ол кезде Кеңестер Одағына қараймыз. Таулы аймақ. Күн ұзақ жүгіріп, қара терге малшынып жаттығу жасайтынбыз. Әскери өмір мені шыдамды, төзімді болуға үйретті. Сержанттар мен офицерлерден көп нәрсе үйрендік. Әскердегі уақыт тез өте шығады. Қайтып келмейді. Көп дос табасың. Қай жаққа барсаң да құшақ жайып, қарсы алатын адамың болады. Соның өзі түсінген адамға зор мәртебе емес пе?!»
Михаил Михаилұлы 1994 жылы Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне қарасты Ішкі әскеріне жұмысқа шақырылады. Лариса Александрқызымен отбасын құрған ол қазіргі таңда бір қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған ардақты әке. Қызы Пехотина Анастасия Санкт-Петербург қаласындағы беделді университеттердің бірінде инженер-технолог мамандығы бойынша магистратурада білім алып жатыр. Ұлы Пехотин Денис Тараз қаласындағы №40 гимназиясының 9-сыныбын бітірген. Екі жыл кадет болыпты. Болашақта әкесі сияқты әскери адам болатын шығар деп топшыладық.
«Кеңес Одағы кезінде әскер қатарына шақырылдық. Тәуелсіздік аларға таман оралдық. Ол кезде сарбаздардың үстіне киетін арнайы формасы мен аяқ киімдеріне дейін тапшы болатын. Бірақ жігіттердің ынтасы күшті еді. Әскер қатарында болмау үлкен сын еді. Ал қазір тәуелсіз Қазақстанның әскері өте күшті. Сарбаздарға барлық жағдай жасалған. Барлығында жаңа форма, жаңа бердси. Тамақтандыруы да көңіл қуантарлық жағдайда. Әр сарбазға жеке қару бекітеді. АК-74, РПК-74, РПГ-7В, СВДС, АКС сынды қарулардың бәрі жақсы күйде. Ай сайын ату алаңына барып, аталған қарулардан түрлі қашықтықта атады. Тәжірибе жүзінде жасалған оқу-жаттығулар сарбаздарға үлкен серпін береді», – дейді старшина екі кезеңнің әскері туралы қойған сұрағымызға.
Михаил Михаилұлы осы кезге дейін түрлі қызметте болған. Еңбек жолын 6506 әскери бөлімінде бақылаушы қызметінен бастаған. 1995-96 жылдары осы әскери бөлімде аға бақылаушы болып істесе, 1996-98 жылдары қарауыл бастығы қызметін жауапкершілікпен атқарған. 1998-2001 жылдары №5513 әскери бөлімінде МТҚЕ ротасында взвод командирі қызметінде болған. 2001-2002 жылдар аралығында осы әскери бөлімде қарауыл бастығы болып жұмыс істеген. 2002-2004 жылдары жанармай қоймасының бастығы болса, 2004 жылдан 2010 жылға дейін старшина болған. 2010-2012 жылдар аралығында старшина әрі аға техник қызметінде болған. 2012 жылдан қазіргі кезге дейін старшина әрі аға техник болып табысты қызмет атқарып келеді. Табысты деуіміздің себепсіз емес. Бөлім командирінің орынбасары, майор Төрехан Төртбаев айтады:
«Михаил Пехотин өз ісіне берілген, тапсырылған міндетті жауапкершілікпен атқаратын еңбекқор жан. Старшина қызметі ұқыпты болуды қажет етеді, жауапкершілік жүктейді. Ол кісі үнемі сарбаздарына қамқор болып, ротасының алғы шепте болуына атсалысып жүреді. Көп сарбаз ол кісіні әкесіндей көреді, сыйлайды, құрметтейді. Әскери бөлімдегі шаруашылыққа қатысты жұмыстардың бәрі сол кісінің ұйымдастыруымен атқарылатыны жасырын емес. Қазіргі кезде бөлімімізде жаңадан Бақылау-өткізу бекеті салынуда. Онда да старшина Михаил мырза білек сыбанып қызмет істеп жатыр. Қандай қызметте болсын ол кісі өзін тек жақсы жағынан көрсетіп келеді. Бөлім командирінің бұйрығымен құрмет кітабына есімі кіргізілген санаулы әскери қызметшінің сапында болуы ол кісінің бөлім үшін мол үлес қосқанын білдіреді».
Иә, әскери қызметші болу оңай емес. Өз ісінің білгірі болу одан бетер қиын. Кейіпкерімізден әскери қызметші қандай болу керектігін де сұрағанбыз. Ұлттық Ұлан туралы да айтып беруін өтіндік: «Егемен ел болып, етек-жеңімізді жинағаннан кейін Президентіміз Н.Ә. Назарбаев шегарамызды бекітті. Әскерімізді құрды. Оның ішінде Ұлттық Ұлан да бар. Ұлттық Ұланның атқаратын қызметі көп. Маңызды мемлекеттік нысандарды күзетеді. Қоғамдық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Сотталған азаматтардың жазасын өтейтін түрмелерді күзетеді. Сотталғандарды және күзетпен ұсталатын адамдарды айдауылмен алып жүреді. Төтенше жағдайлар кезінде шұғыл көмек көрсетеді. Айта берсек, өте көп. Еліміздің тыныштығы үшін Ұлттық Ұлан ауқымды шаруалар атқарып жатыр. Оның көбі көзге көрінбейді. Ал әскери адам төзімді, өз ісіне адал болу керек. Әскери қызметші болу үлкен жауапкершілік жүктейді. Ер азаматтың мойнындағы парызы – қиын күнде елін жаудан қорғау, бейбіт күнде елі үшін ерінбей қызмет ету. Әрбір адам елі үшін аянбай қызмет етсе, еліміз өркендеп, болашағымыз баянды болмақ».
Пехотин Михаил Михаилұлы елі үшін еңбек етіп жүрген жандардың бірі әрі бірегейі. Оған біздің көзіміз әбден жетті. Сұрақтарымызға жауап бергеннен кейін старшина көп кідірместен тірлігіне қайта кірісіп кетті. Өз ісіне берілген, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет білдіретін адаммен сұқбаттасып, бір марқайып, казармаға қайттық.
Қатардағы жауынгер
Жанайдар БОЛАТБЕКҰЛЫ,
Тараз қаласы