Басты бет » Руханият » Анаға хат!

Анаға хат!

%d0%bc%d0%b0%d0%bc

Төрткүл дүниедегі ең қасиетті де қадірлі адам, жер бетіндегі барлық биік шыңдардан да заңғар тұратын сен ғанасың, теңдесі жоқ асыл анам! Әлемді алақаныңа салып тербейтін де, мәпелейтін де өзіңсің! Ешқашан қажымайтын, әрқашан жанымнан табылатын ардақты жансың. Мен сізді қатты жақсы көремін, алайда менің балалық махаббатым сіздің аналық сезіміңіздің жанында түкке тұрмайды. Мен сені бір сәт көрмесем, жан-жағыма қарайлап, жаутаңдаймын, мейірімін төккен қос жанарыңды, менің түймедей қателігім үшін ағарған шашыңды, бет-бейнеңді, жылы құшағыңды аңсаймын. Сен дүниеге өмір дәнін себесің, сол сепкен өмірдің адам болуын, үлкен азамат боп өсуін, бақытты болғанын қалайсың. Өзің сепкен өмірдің жапырағы майысса, сенің қабырғаң қайысады, жүрегің ауырады. Сен балаңа барыңды бересің. Сен үшін бақыт деген – жан балаңның күлгені, көңілді жүргені. Балаңның бақытқа жетуі жолында қан да, жан да беретін адам – өзіңсің. Мені әрдайым қорғап, қолдап жүретін, жаныма ең жақын пенде де сенсің. Бұл өмірде не көрсең де бәріне төзе білдің, бар қиындыққа қарсы тұрдың. Мен сіздің өжеттілігіңіз бен төзімділігіңізге қайран қаламын! Менің қабағыма кірбің түссе, шашың ағарып, уайым жейсің. Ал мен болсам, балалықтың жетегіне ілесіп, өзіңе қарайлауды да ұмыт қалдырамын. Бірақ менің қателігімді де, балалығымды да кешіре білесің. Сен сондай мейірімді, жомарт жансың. Мен сенің жаныңда бақыттымын. Мен үшін сенің орның ешқашан толмастай ерекше. Ең алғаш әлемнің жарығын сыйлап, өмір сүруіме бірден-бір себепкер болған жан – өзіңсің. Сенің құшағың әлемге нұрын төккен күн шуағынан да, суықта жылытатын от жалынынан да ыстық. Бұл өмірде өзіңе тең келер ешкім жоқ. Өткенді де, бүгінді де, болашақты да жасайтын – өзің. Себебі, сен – Анасың! Ананың жанында бәрі бала, адам – қашанда анасының баласы. Балаңның бар жамандығын жасырып, жақсылығын үнемі асырып отырасың. Сен – әлемдегі ең мейірімді, ең ақылды, дана, ардақты, қадірлі адамсың. Өзің жанымда жүрсең, дүниенің де, дәулет-бақтың да, байлықтың да қажеті жоқ, қасиетті анам! Ақ алақаныңа салып аялап, түн ұйқыңды төрт бөліп өсірдің. Мөлдіреген жанарың тек менің амандығымды ғана тілейді. Мен сенің алдыңдағы қарызымды толықтай өтей алмайтынымды білемін. Қанша жақсылық жасасам да, өзіңнің алдыңдағы перзенттік парызды орындау мүмкін емес. Дегенмен, күллі өмірімдегі сенің еңбегіңнің миллионнан бір бөлігін болса да өтеуге уәде беремін. Себебі өзің кішкентайымнан құлағыма құйып, санама сіңірген мына бір әсерлі сөздерің мені бей-жай қалдырар емес: «Сенің қызғалдақтай құлпырған кіршіксіз пәк көңіліңе өмірдің ең сәттілігін тілеймін. Сен әлі жассың. Бұл балғын балалық шағыңнан кейін де сені үлкен сынақтарға толы белес күтіп тұр. Бұл өмірдің қиындығы мен қуанышы, қызығы мен реніші көп. Сол қиыншылықты төзімділікпен жеңіп, қуанышын қарапайымдылықпен көтере біл. Сонда ғана арманыңа жетіп, бақытты бола аласың. Адам бойындағы ең асыл қасиет – адамгершілік, арманыңа жетелейтін қанатты құсың – талант, өміріңнің биігіне көтерер баспалдағы – білім. Осы қасиеттерді бойыңа дарыта біл». Иә, бұл сіздің алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған күні айтқан сөзіңіз болатын. Мен бұл тілегіңізді мәңгілік жадымда ұстаймын, анашым! Ол кезде әлі кішкентай едім, көп нәрсенің байыбына бара алмасам да осы сөзді ересек адамдарша тыңдап, көзқарасыңнан өмірдің мәнін түсінгендей болдым. Мені өсіп-өндіру жолындағы ерен еңбегіңіз бен төккен мейір-шапағатыңыз үшін сізге мың алғыс! Әрбір арайлап атқан таң мен күлімдеп батқан күн сізге тек қуаныш, бақыт, ұзақ ғұмыр сыйласын, қамқоршым, анам!

Ақтоты Қабиева

Cурет: www.logoslovo.ru

Пікір жазу