Түркістан қаласындағы ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5574 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген 19 жастағы ақын сарбаз бар. Жетісу облысының тумасы Серік Асхатұлы әскери қызметпен қатар шығармашылығын да дамытып, бүгінге дейін 200-ге жуық өлең жазған.
Бала кезінен әдебиетке құмар болып өскен Серік мектеп бітірген соң журналистика мамандығын таңдаған. Студенттік жылдары курстастарымен бірге «Шамшырақ» театрында өнер көрсетіп, шығармашылыққа деген қызығушылығын одан әрі шыңдаған.
Жас ақынның шығармаларында философиялық ой-толғамдар, өмірдің мәні, сезім мен адам болмысы секілді тақырыптар кеңінен көрініс табады. Алғашқы өлеңдері лирикалық бағытта жазылған. Оның айтуынша, жыр жазу үшін арнайы шабыт күтудің қажеті жоқ.
Көңілде жүрген ой мен көкейдегі сауалдың өзі кейде ақ параққа өлең болып төгіледі. Ұландық сарбаз қазақ поэзиясының көрнекті өкілдері Мұхтар Шаханов пен Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығын ерекше бағалайды. Ақындардың терең ойы мен көркем сөз өрнегі оның шығармашылық ізденісіне, өзіндік қолтаңбасының қалыптасуына ықпал еткен. Отбасында өнер жолын таңдаған жандар болмаса да, Серік әдебиетке деген сүйіспеншілігін өз бетінше дамытып келеді.
Бүгінде ол Түркістан қаласының көшелерінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында патрульдік қызмет атқарады. Көне шаһардың тарихи орындары мен рухани тынысы жас жауынгерге ерекше шабыт сыйлайды. Әскери қызметке келгеннен бері оның шығармашылығында отансүйгіштік тақырыптардың үлесі арта түскен. Туған жерге деген сүйіспеншілік, елге қызмет ету, Отан алдындағы борыш пен азаматтық жауапкершілік – ақын сарбаздың жырларына арқау болған негізгі тақырыптар.
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы
