Басты бет » Жаңалықтар » Бибігүл ИСАЛИЕВА, актриса: «Желтоқсан оқиғасы жүрегімде»

Бибігүл ИСАЛИЕВА, актриса: «Желтоқсан оқиғасы жүрегімде»

Б.Исалиева

16 желтоқсан 1986 жыл. Ол кезде Бибігүл 19 жаста болатын. Театр студиясында оқиды.

«Қазақпын дегендерің сағат 4.00-де алаңға жиналыңдар» деген үндеу барын естіді. Бірақ көшеге шығуға бұларға тыйым салды. «Студенттерін жинап келмекке шыққан комендантқа жалынып, көмектесуге уәде беріп, шықтық-ау, әйтеуір. Пушкин кітапханасынан түсе бергенде жастардың әні естілді. «Менің Қазақстаным». «Көзімізде жас, танымайтын жастарға араласып кеттік. Әлдекім «қазақсың ба?» деп сұрады. Сірә, көзім көк, өзім аққұба болғасын жыға ажырата алмады ма… «Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген» деп өршілдікпен жауап бергенім есімде», – дейді Бибігүл, – «Елім-айды» айтқан жастар тарамады. «Қонаев атамыз өзі шығып сөйлесін, сосын тараймыз» деп міз бақпады».

Әлдекімдер Д. Қонаевты М. Горбачев өзі Мәскеуге алдыртқанын хабарлайды. Көптеген ақын-жазушылар, өнер қайраткерлері сөйлейді. Біз кезде Р. Бағланова апамыз сөз алады: «Айналайындар! Сабыр, сабыр! Мен сендердің аналарыңмын, сендер менің баламсыңдар ғой. Тізе бүгіңдерші» деген сәтте нөпір халық бірі қалмастан тізе бүкті. Ауылдан жырақта, аналарын сағынып жүрген жастарға ерекше әсер еткені рас еді осы сөздің. Бірақ тарамады. Осы кезде өрт сөндіргіш машина қақ жарып, су шашып келе жатты. Жасақшылар қазақ жігіттерін қуып, қашып қым-қуыт бір сүргін басталып кетеді. Желтоқсан оқиғасы кезінде алаңға шығып, трибунаның алдында жүрген Бибігүлдің көргендері мынау еді:

«Осы сәтте бауырмалдығымыз анық сезілді. 12, 14 қабатты үйлердің іргетасынан мрамор тастарын сындырып, жасақшыларға қарсы жүгіріп келеміз. Осы кезде жоғары жақтан автобус жарылғаны, жастардың «уралағаны» естілді. Солдаттарды көрдік. Өрімдей жас. Бастары іскен, беттері қанаған. Орыс жігіті жылап тұр. Сөйлеп жүр: «Мен сендерді сабағым келмейді. Жерлестер, мен Павлодарданмын».

– Онда неге ұрасыңдар?

– Мы защищаемся.

Шынында олар бұйрық бойынша келген екен. «Желтоқсан оқиғасына тек жастар қатысты» дейді. Мен сонда сақалы әппақ аталар мен еңкейген әжелерді көрдім. Азынаған машиналар жастарды тиеп әкетіп жатты. Біздер әскерге барып қайтқан жігіттердің қасында болып аман қалдық. Қашып, тығылып, арықтардан еңбектеп өтіп, әупіріммен жатақханаға келдік. Курстастар жылынып, тамақтанып болғанда тағы дауыс шықты. Вахтер шығармайды. Ақыры простыняларды байлап-жалғап, топтағы христиан-татардан басқамыз шықтық. Бірақ ештеңе болған жоқ. 18-інен бастап сабақ жатақханада жүрді, мұғалімдер қасымызға қонды. КГБ-дан кісілер келді. Жеке-жеке жауаптап жатыр. Жауабымыз бір жерден шығып, аман қалдық. Шәкизада, Марат, Жеңіс (әншілер), Серік, Рафхат, Қайрат деген жастар бар, оқуды бітіріп, диплом алдық. Айтпақшы, жаңа жылда үйге келгенімде әкем желтоқсан оқиғасына қатысым бар-жоғын сұрады. Мен күмілжіп, тағы қалай қарайды деп абдырап отырғам. 17 жасында сұранып соғысқа аттанған, 1949 жылға дейін кеңес үкіметін жапондардан қорғауға атсалысқан әкем «мен болсам осы балдағымен-ақ алаңға барар едім» дегені. Қуаныштан әлде ризашылықтан көзім жарқ етті.

Мен желтоқсан оқиғасы туралы естеліктерді оқымаймын. Өз көкірегімдегі сол бір кезеңдегі сезімді, көңілдің алай-дүлей буырқанысын бұзғым келмейді. Бір ойландыратыны, желтоқсан оқиғасы өз дәрежесінде бағаланбайды. Ресейде 4-5 жігіт қаза болып еді, ұлттық трагедияға айналды. Ал бізде қанша жас қапияда көз жұмды, түрмеге түсті. Кемтар болып қалғаны қанша».

Жадыра ШАМҰРАТОВА

«Аймен сырласатын ару» мақаласынан

 

 

Пікір жазу