Басты бет » Жаңалықтар » ОТБАСЫ ИНСТИТУТЫ ДАҒДАРЫСТА: ОДАН ҚАЛАЙ ШЫҒАМЫЗ?

ОТБАСЫ ИНСТИТУТЫ ДАҒДАРЫСТА: ОДАН ҚАЛАЙ ШЫҒАМЫЗ?

Мен бұл жазбаны біреуді айыптау үшін жазып отырған жоқпын. Өзім де ұлдар өсіріп отырған қазақтың анасымын. Сондықтан қазақтың қызына да, қазақтың ұлына да алаңдаймын.

Менің қорқынышым – қазақ қоғамындағы отбасы туралы түсініктің бұзылып бара жатқаны, отбасы институтының бүгінгі дағдарысы.

Кейінгі кездегі қоғамда болып жатқан жаға ұстатар оқиғаларға байланысты әлеуметтік желіден: «Қыздар, қор болғың келмесе, қазақ жігітіне тұрмысқа шықпаңдар!» – дегенді еститін болдық.

Арагідік болса да, жігіттер тарапынан да: «Қазақ қызына үйленбеңдер!» – деген пікірлерді де байқап қаламыз.

Бір жерде әйел зорлық көрсе, «қазаққа күйеуге шықпа» дейді.

Бір жерде ер адам отбасынан зардап шексе, «қазақ қызына үйленбе» дейді.

Меніңше, бұл – жай ғана әлеуметтік желідегі ашумен жазылған пікір емес. Бұл – қоғамдағы ер мен әйелдің бір-біріне деген сенімі әлсіреп бара жатқанының белгісі.

Ал бұл өте қауіпті.

Өйткені біз бір-бірімізден қашатын қоғамға айналсақ, ертең отбасын кім құрады Ұрпақты кім тәрбиелейді? Ұлтты кім жалғастырады?

«КҮЙЕУГЕ ШЫҚПА!» БҰЛ – ШЕШІМ ЕМЕС

Қазір қыздарға: «Тұрмысқа шықпаңдар! Әуелі жағдайларыңды жасаңдар! Білім алыңдар! Саяхаттаңдар! Өздерің үшін өмір сүріңдер!» деген кеңес көп айтылады.

Бұл сөздің ішінде өте дұрыс ой бар. Қыз бала өзіне сенімді болуы керек. Білімді болуы керек. Мамандығы болуы керек. Қаржылық сауаты болуы керек. Өз қадірін білуі керек. Ең бастысы – зорлыққа шыдап өмір сүру міндет емес екенін білуі керек.

Бірақ «күйеуге шықпа» деген сөз отбасы институтын дағдарыстан алып шықпайды. Ол тек қорқыныш тудырады. Бірер қызды нашар некелік қарым-қатынастан сақтауы мүмкін. Бірақ мыңдаған қыз бен жігітке отбасы құру мәдениетін үйретпейді.

Сондықтан сұрақты басқаша қоюымыз керек сияқты.

Біз неге жастарды отбасы құруға дайындамаймыз?

ЕР АДАМ НЕЛІКТЕН ҚОЛ КӨТЕРЕДІ?

Бұл сұраққа жауап іздегенде бір нәрсені анық айтуымыз керек. Әйелді ұрып-соғудЫ ешқандай себеп ақтай алмайды. Қазақ «үй болған соң, шыныаяқ сылдырламай тұрмайды» деген. Ешнәрсе мінсіз болмайды. Ұрысып қалдыңыздар ма, сөйлесіңдер. Келіспей қалдыңыздар ма, шешімін бірге іздеңіздер.

Ашуыңыз келді ме, сабырға шақырып тоқтат. Кейде жүз сөзден гөрі, үндемей қалу, үйдей пәледен құтқарады.

Әйелді ұру, өзіңнен әлсізге күш көрсету – еркектің ісі емес.

Біз зорлықтың себебін зерттемей, оны тоқтата алмаймыз. Мұнда бала кезінен көрген тәрбие, зорлықты қалыпты қабылдау, ашуды басқара алмау, қызғаныш, меншіктік сана, алкогольді ішімдік, психологиялық және экономикалық мәселелер, отбасылық жанжал мәдениетінің жоқтығы сияқты көптеген фактор бар.

Сондықтан «Барлық еркек жаман» деудің де, «әйелдің өзі кінәлі» деудің де жөні жоқ.

Зорлық үшін зорлық жасаған адам жауап береді. Ал оның алдын алу үшін қоғам болып оның себептерін зерттеуіміз керек.

АЖЫРАСУ НЕГЕ КӨП?

Қазақстанда 2025 жылы 115,9 мың неке және 45,7 мың ажырасу тіркелген екен. Ажырасулардың ең үлкен үлесі некеде 1-4 жыл тұрған отбасыларға тиесілі болған – 35%. Бұл көрсеткіш бізге ой салуы керек.

Бірақ мәселені тек статистикадан іздеуге болмайды. Өйткені ажырасудың артында әртүрлі жағдай бар:

— тұрмыстық зорлық-зомбылық;

— опасыздық,көзгн шөп салу;

— алкоголь және басқа тәуелділіктер;

—  экономикалық қиындық;

— баспана мәселесі;

— мінездің үйлеспеуі;

— қызғаныш;

— ата-ана мен жас отбасы арасындағы қарым-қатынас;

— жауапкершіліктен қашу;

— психологиялық жетілмеу;

— ерлі-зайыптының бір-бірімен сөйлесе алмауы;

— бала тәрбиесіне қатысты келіспеушілік;

— отбасы құруға дейін бір-бірін шынайы танымау.

Ал кейде екі адам бір-біріне жақсы көргенімен, бірге өмір сүруге дайын болмай шығатын жағдайларда болады екен.

ҮЙЛЕНУ ТОЙЫНА ДАЙЫНДАЛАМЫЗ. БІРАҚ ОТБАСЫ БОЛУҒА ДАЙЫНДАМАЙМЫЗ.

Біз балаларымыздың үйлену тойына дайындаламыз.Қызымызды ұзатуға дайындаламыз. Құда түсуге дайындаламыз. Жасауын дайындаймыз. Үй алып беруге тырысамыз.

Бірақ, біз ұлымызды күйеу болуға дайындаймыз ба? Отағасы болуға дайындаймыз ба?Әке болуға дайындаймыз ба?

Қызымызды әйел болуға дайындаймыз ба? Ана болуға дайындаймыз ба?

Ұл-қызымызды ата-енесімен, қайын жұртымен қалай қарым-қатынас құруды түсіндіреміз бе?

Отбасында қаржылық мәселені қалай басқаруды, жанжалды қалай шешуді үйретеміз бе?

Бір-бірінің пікірін сыйлауды, құрметтеуді үйретеміз бе?

Мұның бәрін жас отау иелеріне кім үйретеді?

ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ ОСЫ ЖЕРДЕН БАСТАЛАДЫ

Қазақтың дәстүрлі отбасы моделінде ер мен әйел ешқашан бір-біріне қарсы қойылмаған. Ер – жауапкершілік иесі. Әйел – шаңырақтың ұйытқысы. Бірақ бұл әйелдің міндеті ғана деген сөз емес.

Қазақ дүниетанымындағы шаңырақ – екі адамның жеке басының емес, ұрпақтың, әулеттің, тұтас қоғамның жалғастығы.

Босаға – отбасының шекарасы.

Төр – құрметтің орны.

Қара шаңырақ – сабақтастықтың символы.

Енші – жас отбасының дербес өмірге қадам басуы.

Яғни дәстүрдің түпкі мәнінде: «Бір-біріңді басқарыңдар» емес, «Бір-біріңе жауапты болыңдар» деген ұстаным жатыр.

ҰЛҒА:

«Сен еркексің, ал еркек жыламайды, еркек мықты болу керек!» деп қана тәрбиелеу жеткіліксіз. Ұлды: «Еркек – ашуын жеңе алатын адам», «Еркек – әлсізге күш көрсетпейтін адам», «Еркек – сөзінде тұратын, берген уәдесіне берік, сертіне сенімді адам», «Еркек – отбасы алдындағы жауапкершілігін арқалайтын отағасы», «Отағасы болу – билік емес, жауапкершілік», – деп үйретуіміз керек.

ҚЫЗҒА:

«Тәрбиелі, білімді, өзін сыйлайтын, мамандық иесі бол, қаржылық сауатты, өз құқығын білетін, бірақ отбасының жауапкершілігін де түсінетін адам бол», – деп ақыл айтуымыз керек.

«Өзіңнің қадіріңді біл» деп айтайық, бірақ:

«Отбасыда тек «мен бармын» емес, «біз бармыз» дегенді де үйретейік.

ЕНДІ «ҚАЗАҚ ҚЫЗЫНА ҮЙЛЕНБЕЙМІЗ» ДЕГЕНГЕ НЕ ДЕЙМІЗ?

Егер қыздар:

«Қазақ жігітіне тұрмысқа шықпаңдар» десе, жігіттер: «Қазақ қызына үйленбеңдер» дей бастаса, біз бір-бірімізден қашатын қоғамға айналамыз. Бұл дұрыс емес.

Бір әйелдің қателігі үшін барлық әйелді кінәлауға болмайды.

Бір ер адамның қылмысы үшін барлық ер адамды қаралауға болмайды.

Жақсы ер азаматтар бар.

Жақсы әйелдер бар.

Жауапты әкелер бар.

Мейірімді аналар бар.

Сыйластықпен өмір сүріп жатқан отбасылар бар.

Соларды да көрсетуіміз керек.

Өйткені қоғамға тек жаман мысалды көрсете берсек, жастардың санасында «Отбасы – қауіп» деген түсінік қалыптасуы мүмкін. Ал біз: «Отбасы – жауапкершілік. Отбасы – қауіпсіздік. Отбасы – сүйеніш. Отбасы – махаббат пен еңбектің нәтижесі, сезім мен сенімнің жемісі» деген түсінікті қалыптастыруымыз керек.

НЕ ІСТЕЙМІЗ?

Меніңше, отбасы институтын сақтау үшін «ажыраспаңдар» деп үгіттеу жеткіліксіз. Бізге нақты жүйе керек.

Біріншіден, «Отбасы мектебі» қажет.

Жастар некеге дейін:

— психологиялық;

— құқықтық;

— қаржылық;

— медициналық;

— тәрбиелік;

— отбасылық қарым-қатынас бойынша дайындықтан өтуі керек.

Екіншіден, әке институтын күшейту керек.

Бала тәрбиесін тек анаға жүктейтін мәдениеттен шығуымыз қажет. Әке – ақша әкелетін адам ғана емес. Әке – тәрбиеші. Әке – үлгі. Әке – баланың қауіпсіздігі.

Үшіншіден, қыз бен ұл тәрбиесін бірге қарау керек. «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» дейміз, иә, әрине, дұрыс.

Бірақ «Ұл тәрбиесі – ел тәрбиесі, елдік тәрбиесі» екенін де ұмытпауымыз керек.

Төртіншіден, зорлыққа нөлдік төзімділік болуы керек. Бұл «Үйдің ішіндегі мәселе» деп жауып қоюға болмайды. Бірақ зорлықтың алдын алу үшін тек жазалау емес, ерте профилактика қажет.

Бесіншіден, жас отбасының экономикалық негізін күшейту керек.

Баспана.

Жұмыс.

Балалы отбасыға қолдау.

Бала күтімі.

Жастардың қаржылық сауаты.

Бұлар да отбасы тұрақтылығына әсер етеді.

Алтыншыдан, ата-ана мен жас отбасының шекарасын мәдениетті түрде түсіндіру керек. Жас отбасы – ата-анасынан безген отбасы болмауы керек. Бірақ ата-ананың жас жұбайлардың өмірін толық басқаруы да дұрыс емес. Жеке шаңырақ — жеке жауапкершілік.

ЕҢ БАСТЫСЫ, ОТБАСЫНЫ ҚОРҚЫНЫШПЕН САҚТАЙ АЛМАЙМЫЗ

«Күйеуге шықпа». «Үйленбе». «Қазаққа үйленбе». «Қазақ қызына үйленбе».

Бұл сөздердің бәрі – отбасы институтындағы дағдарыстың белгісі.

Бұл – шешім емес.

Шешім ер мен әйелді бір-біріне қарсы қоюда емес, екеуін отбасыға жауапты тұлға етіп тәрбиелеуде. Әр ата-ана «Балаңды үйлендіру міндет емес. Оны отбасы болуға дайындау – міндет» екенін түсінсін. Қоғам «Отбасы – жеке адамның ғана мәселесі емес. Ол – ұлттың әлеуметтік иммунитеті» екенін түсінуі керек.

Өйткені отбасы институты әлсіресе, ұлт әлсірейді. Ұлт әлсіресе, мемлекеттің іргесі шайқалады. Сондықтан отбасы институтын сақтау – тек ажырасуды азайту емес.

Бұл – қауіпсіз отбасы құру, жауапты ер азамат тәрбиелеу, саналы қыз тәрбиелеу, әке институтын күшейту, ана қадірін сақтау, баланың психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ұлттық құндылықты қазіргі заманмен сабақтастыру. Сонда ғана біз отбасыны ғана емес, ұлттың өзін сақтай аламыз. Өйткені ұлттың болашағы министрлікте ғана емес. Ұлттың болашағы – әр шаңырақта өсіп жатқан балада.

Ал сол баланың алғашқы мектебі – ОТБАСЫ.

Қазір отбасы институтын дағдарысты басынан кешіп жатыр, одан қалай шығады?