Басты бет » Руханият » ДҰРЫС АРМАНДАУ БІЛЕМІЗ БЕ?

ДҰРЫС АРМАНДАУ БІЛЕМІЗ БЕ?

«Нені армандайтыныңды айтсаң, кім екеніңді айтып беремін». Арманға қарап адамды тануға әбден болады. Бала күнімізде арманымызда шек болмаушы еді. Көрген де, көрмеген де нәрсемізді армандай алушы ек. Өсе 154 келе, адамның ақыл-ойы толысып, өмірді шынайы бейнесінде қабылдай бастайтындықтан, арманының бағыты сәл-пәл өзгеруі мүмкін. Мәселен, бала күнімізде ертегінің кейіпкеріндей тау көтеріп, Таусоғар атануды армандасақ, есейген шағымызда, Таусоғар болудың ақылға сыйымсыз дүние екенін түйсінген соң, бұл арманымыз мәнін жоғалтады. Адам жақсыны да, жаманды да армандайды. Жаман ойлар адамның басына тез келеді де, тез өрбіп дамиды. Ол жаман ойларды тоқтату тек қана, адамның өзіне байланысты. Жақсы ойлар қалай орындалса, жаман ойлар да солай орындалуы әбден мүмкін. Сондықтан тек қана жақсылыққа ұмтылып, тек жақсы нәрселерді армандау керек. Бурабайға барғыңыз келсе, бір сәт өзіңізді сол елде жүргендей қабылдаңыз. Көптен көрмеген досыңызды көргіңіз келсе, онымен бірге кездесіп, сөйлесіп жүргеніңізді елестетіп, армандаңыз. Көп ұзамай кездесіп те қаласыз. Атақты адам болғыңыз келсе, өзіңіздің біреуге сұхбат беріп тұрған сәтіңізді көз алдыңызға келтіріңіз! Армандаудан шаршамаңыз, қорықпаңыз… Арман деген дүние – сәттілікке бастар жолдың алғашқы баспалдағы. Дәл солай. Арман ғана көздегенімізге жетуіміз үшін бас көтермей жұмыс жасауымызға себепші болады. Адам ғаламат нәрселерді ойлап таппастан бұрын, оны армандайды. Ойында құрады. Ұшатын кілем туралы ертегі де арманның нәтижесінде пайда болған. Ал ұшақтардың ұшатын кілемнен несі кем? Міне, арманның күші! Армандай білген адам рухани күшімен ерекшеленіп, арманға жету жолында жігер салып күреседі. Есесі қайтпас еңбек жоқ. Маңдай тердің нәтижесі арманның орындалуына әкеледі. Әлбетте, арман деген керемет нәрсе… «Нені армандайсың?» деген сұраққа бір секунд та мүдірместен жауап берсеңіз, арманшыл адамның нақ өзі болғаныңыз. Ал егер осы сұрақты басқа біреуге қойып, оның жанарынан тұманданған мұңды байқасаңыз, ол өмірлік мақсаты бұлдыр адамдардың қатарынан болуы мүмкін. Өйткені арман – нақты нәрсе. Ол кішкене ғана нәрседен басталып (мынадай үлгідегі ноутбугім болса екен), айрықша үлкен дүниелерге дейін бара алады. Арманның орындалуына сену керек. Арман – қажеттілік. Арманға жету жолында құлап қалса да, орнынан қайтып тұрып, оған жетпейінше тынбау арманның жүзеге асуына әкелетіні сөзсіз. Арманның орындалуының кілті осында: Оның орындалуына қалтықсыз сену. Үкілеген үлбір үміттің рақатына бөлеп, өмірдің тәттілігін сезіндіретін арман атты құндылықтың нарқын біліп, аппақ арманның иесіне айналудан қорықпаңыз. Өйткені біздің әрқайсымыз «Арманым орындалды-ау…» деп бақыттан басымыз айналып отыратын қайталанбас сәтке толығымен лайықтымыз! Болашақ армандай білетін жандардың қолында…

Пікір жазу