Басты бет » Жаңалықтар » Ершат ҚАЙБОЛДИН: ІЗДЕҢДЕР МЕНІ…

Ершат ҚАЙБОЛДИН: ІЗДЕҢДЕР МЕНІ…

Ершат Қайболдин, 1993 жылы мамырдың тоғызыншы жұлдызында Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Шұбарқұдық кенті, Қайыңды ауылында дүниеге келген. Облыстық, республикалық айтыстардың, жыр мүшәйраларының жеңімпазы. Ершат жазба ақындықты жастайынан жанына серік етіп келеді. 

 

ОЙЛАР, ОЙЛАР!

Басымды жанартаудай ойрандаған,

Ойларым маза бермей қойды-ау маған.

Аяймын адамдарды ойланбаған,

Милары – ойыншықтай ойналмаған.

Менің миым – бір ғылым игермеген,

Игеруді ғалымдар үйренбеген.

Жұмбағы мол миымның құпиясын,

Ашатындай ешкімге ми бермеген.

Зерттетпеймін миымды бір ғалымға,

Өзім ашам сырын да, жұмбағын да.

Қызды ауылдың иттері үре беріп,

Бөлмесе екен ойымды түн жарымда.

Шақырма ырду-дырду тойға мүлдем,

Оңаша қалдыр мені ойларыммен.

Ойларым мені жалғыз қалдырмайды,

Әлемде өзім қалып қойғаныммен.

Мен жалғызбын, ай жалғыз төбемдегі,

Түндерімнің жұлдыздар көрермені.

Әй, бала, мен өлеңнің өлермені!

Қойымды ұрласаң да көгендегі,

Ойымды ұрламассың өлеңдегі.

 

ЖЫЛ ҚҰСТАРЫМЕН СЫРЛАСУ

Бақыт деген немене тірі зат па?

Көкке қарап ойландым күнұзаққа!

Сол бақытты таба алмай туған жерден,

Қаздар қайтып барады жылы жаққа.

Ұзатылған қыздай боп құсым мынау,

Сыңсу айтып қаңқылдап ұшып жүр-ау.

Байғұстардың зарлаған дауысынан,

Жаздың өтіп кеткенін түсіндім-ау.

Төркінге кеп тұрыңдар, жыл құстары,

Менің апам сөйтеді тұрмыстағы.

Барлық құстың тағдыры бірдей болса,

Құзғын неге қаздармен бірге ұшпады?

Құзғын боққа, жыл құсы оққа құмар,

Бір-біріне соқпайтын соқпағы бар.

Қаздар, сендер ұшыңдар жылы жаққа,

Құзғындарға ауылдан боқ табылар.

Қаздар, қаздар, құстардың ең адалы,

Маған тастап кеттіңдер жер-ананы.

Қалт-құлт етіп қиналып әрең жүрмін,

Менің күнім қыс келсе не болады?

 

РЕНЖІМЕ

Қызық емес даңқың да, атағың да,

Темір тақсам бақытқа батамын ба?

Бақыт менің қалам мен қағазымда,

Бақыт менің домбыра, шапанымда!

Сен маған атақ берме, таққа мінсең,

Жетеді, бір жырымды жатқа білсең.

Орденді қалай, қайтіп көтермекпін?

Кеудемді көтере алмай шаққа жүрсем!

Не жоқ дейсің? Бәрі бар бұл кеудеде!

Ар-намыс бар! Жасырам кімнен, неге?

Махаббат бар, аздаған шаттығым бар,

Бір мұңым бар сыймайтын бір бөлмеге.

Ренжіме, таласпаймын атағыңа,

Салпыншақ жараспайды шапаныма.

Орденге емес, төсеймін омырауымды

Бір опасыз оқ атса Отаныма.

Жаны жайсаң жақсылар жақын маған,

Қызықпайды атаққа ақылды адам.

Маған даңқ-дақпырттың керегі жоқ,

Атақсыз да атақты ақын болам!

 

АЛДЫМДЫ ЖҮРІҢДЕРШІ!

Өзім жайлы өсектен есім ауды,
Қырық-жамау жанымның несі қалды?
Жаралы жүрегіме әркім келіп,
Өзіне керек жерін кесіп алды!

Ешкімге ұқсамайтын тағдырым бар,
Неге сонша артымнан аңдыдыңдар?
Жол берейін, алдыма шығыңдаршы,
Бірақ, мені жайыма қалдырыңдар!

Күн кешіңдер күндемей, күңкілдемей,
Тілдесіңдер адамша, зіркілдемей.
Болғаныммен бір күн бай, бір күн кедей,
Сыйлап өтем сендерді күн-түн демей!

Сақтамаймын ешқандай кек сендерге,
Ұрсаңдар да шыдаймын, тепсеңдер де.
Уақытында беріңдер жем-шөбімді,
Арбасына есектің жексеңдер де.

Күтпеген жерден біреу келе қалса,
Шошып кетем бір жері кем адамша.
Артымда жүргендерден қауіптенем,
Алдыма шығыңдаршы не де болса.

 

ӨМІР ӨТІП БАРАДЫ

Аңсаған арманына жетіп көппен,
Маңдай терін теңіздей етіп төккен.
«Өмір өтіп барады» дейтін атам,
Қолына ұстап алып кетік кетпен.
Бірақ, өмір өткен жоқ, өзгерген жоқ,
Атам өзі өмірден өтіп кеткен.

Беймәлім, қазір қайда жүр атамыз?
Атадан қалған сөзді ұнатамыз!
Таң атқанда таң атпай қуанамыз,
Күн батқанда жүректі жылатамыз.
«Өмір өтіп барады» деген сөзбен,
Өзімізді өзіміз жұбатамыз.

Өксітіп, өкіндіріп, еңіретіп,
Боздатып, маңыратып, мөңіретіп.
Өмір өтіп барады өмір өтіп,
Уақыттың азы қалды, көбі кетіп.
Өмірдің іші болса бір тебер ем,
Аяққа киіп алып темір етік!

 

ІЗДЕҢДЕР МЕНІ…
Тарпаңнан қалған соңғы тұқыммын, туғандар,
Жалғыз жортамын, жете алмайсыңдар, қумаңдар!
Бұғалық салып, ор қазып, қақпан құрмаңдар,
Таптап кетемін, жолыма менің тұрмаңдар!
Аяулы жандар, өздерің мені іздеңдер,
Тауып алғанша үміттеріңді үзбеңдер!
Іздеңдер мені таулардан, мұзарт, шыңдардан,
Іздеп жүрмеңдер ойпаттан, төбе, қырлардан.
Іздеңдер мені мұхиттан, теңіз, көлдерден,
Іздеп жүрмеңдер шөлейттен, шөпсіз шөлдерден.
Іздеңдер мені орманнан, нулы тоғайдан,
Іздеп жүрмеңдер қорғаннан, шулы сарайдан.
Тауып алсаңдар, бәріңе жетем, тоқтаңдар,
Қораға емес, жүректеріңе сақтаңдар!