Басты бет » Топжарған » ӘКІМ ЧЕМПИОНҒА ПӘТЕР СЫЙЛАДЫ

ӘКІМ ЧЕМПИОНҒА ПӘТЕР СЫЙЛАДЫ

Батыс Қазақстан облысы әкімі Нариман Төреғалиев дзюдодан әлем чемпионы Нұрлан Исатаевты қабылдады. 16 жастағы жеткіншек Нұрлан Исатаев – дзюдо спорты бойынша Батыс Қазақстаннан шыққан тұңғыш әлем чемпионы. 

Жас чемпионды қабылдаған аймақ басшысы:

«Сен біздің мақтанышымызсың, сенің жасында әлем чемпионы болу – үлкен жетістік. Сен өзіңнен кейінгі жастарға үлгісің. Біздің өңірде спортшылар үшін барлық жағдай жасалған», – деп жас чемпионға бір бөлмелі пәтердің кілтін табыстады.

Нұрлан Исатаевтың жаттықтырушысы Алтынбек Сұпығалиев облыс әкімінің қолынан бір миллион теңге қаржылай сыйлық алды.

Жиында Нұрлан Исатаевтың әкесі сөз сөйлеп, өңір басшылығына алғысын жеткізді.

«Біздің туған елге оралғанымызға көп бола қойған жоқ. Ұлым да, мен де ана тілінде нашар сөйлейміз. Бірақ ұлым 2028 жылы өтетін Олимпиадаға дейін қазақ тілін меңгеремін деген мақсат қойып отыр. Мен ұлымды спортқа бала күнінен баулыдым. Әрине, оңай болған жоқ. Бос уақытын текке өткізбесін деп осы спортқа бергеніме өкінбеймін», – деді чемпионның әкесі Серік Исатаев.

Нұрлан Исатаевтың отбасы Рсейден көшіп келген. Қазақстан азаматтығын осы тек биыл наурыз айында алыпты. Нұрлан – отбасында үш баланың үлкені. Ол биылдан бастап Олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің 10-сыныбына қабылданған.

Естеріңізге салсақ, Нұрлан Исатаев күні кеше Хорватия елінің Загреб қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы дзюдодан чемпионатта әлем чемпионы атанған болатын. Жарысқа жалпы саны 64 елден 576 спортшы қатысқан. Біздің чемпион 56 келі салмақта өнер көрсеткен.

Нұрлан Исатаев жартылай финалға дейін Түркіменстан, Армения, АҚШ спортшыларын жеңген. Ал финалда Грузия елінің спортшысынан басым түсіп, әлем чемпионы атанған.