Басты бет » Жастар үні » Студент болдым, мінеки!

Студент болдым, мінеки!

Біз жыл сайын студент атанып, үлкен өмірге қадам басып жатқан жас тілшілеріміз бен авторларымызды газет бетіне мақтана жазамыз. Биыл да жас достарымыз тестілеу мен шығармашылық емтиханнан сәтті өтіп, үздік университеттердің студенті атанып жатыр. Ендеше олардың есімін бірге білейік.

Әмина Тұрдақын – Талғар ауданындағы №33 мектептің түлегі. Газетке 8-сыныптан бері хат жазып, редакция өткізетін барлық іс-шараға белсене қатысады. Әмина өте шығармашыл қыз. Оның «Ұланға» түсірген креатив видеоларын бәріміз сүйсіне көретінбіз. Бойындағы шығармашылығы оны SDU университетінің Журналистика мектебіне әкелді. Айтпақшы, ол 130 ұпайдан 128 ұпай иеленді.

Бірде Әмина редакцияға келіп, «қай қалаға, универге түссем екен?» деп ойланып жүргенін айтты. Жас тілшіміз дұрыс таңдау жасады деп сенеміз.

Алматыда Абай атындағы Ұлттық мектеп бар. Бұл мектеппен, оқушыларымен тығыз байланыстамыз. Шәкірттері жыл сайын үздік көрсеткіш көрсетіп, әртүрлі олимпиадада топ жарып келеді. Сондай түлектердің бірі Дәрия Ғаниқызы мен Гүлшат Доскенқызы. Дәрия мен Гүлшат сыныптас. Бірақ сыныптас қыздар екі түрлі университетті таңдады.

2024 жылғы жас тілшіміз Гүлшат 130 балл жинап, SDU Журналистика мектебіне түсті. Бұдан бөлек, Гүлшат ҰБТ-дан 5 пән тапсырып, 140 балдың 137-сін жинады. Наурызда Гүлшаттың бұл жетістігі туралы жазғанымызда «түптің түбінде журналистикаға түскім келеді» деп еді. Сол мақсатына сүрінбей жеткеніне қуаныштымыз. Ал 2025 жылғы жас тілшіміз Дәрия 128 ұпай жинап, ҚазҰУ Журналистика факультетіне түсті. Дәрия өте тиянақты, жұмысына жауапкершілікпен қарайды. Аруымыз студент шағында алға қарай ұмтылып, дамуын жалғас-тырса, оны болашақта көгілдір экраннан көретінімізге еш шүбә жоқ. Абай мектебінде оқыған Нұрайым Жасұланқызы есімді авторымызды да осы тұста атап өткіміз келеді. Нұрайым – өте шығармашыл адам. SDU ұйымдас-тырған байқауға түсірген керемет видеосын сендер де көрген боларсыңдар? «Кейде жазушы, фотограф, тіпті заңгер де болғым келеді» деген жан-жақты оқырманымыз журналистика бағытын таңдапты. Енді Гүлшат екеуі сыныптас қана емес, 4 жыл бірге оқитын топтас та болады. Алайда Нұрайым болашақта тағы да басқа салаларды меңгеретіні анық. Абай Ұлттық мектебінің білімді де биязы қыздарына сәттілік!

Гүлшат, Нұрайыммен қатар SDU университетін Айзат Бақберген мен Әбдірахман Қайрат та таңдады. Екеуі де 2024 жылғы жас тілшіміз. Айзат – Кеген ауданы, Алғабас ауылындағы Ұ.Бағаев атындағы орта мектептің түлегі. Тіпті үздік түлегі десек, артық айтқанымыз емес. Себебі ол да 130 ұпай жинап, жоғары нәтиже көрсетіп отыр. Айзат арманына адал жанның бірі. Журналист болсам деген тілегін жүзеге асыру үшін оқушы кезден газет-журналдарға мақала жазып, 10-сыныбында жас тілшілер қатарына қосылған. Редакция ұйымдастырған байқаудың бірін жібермей, белсенділік танытып жүретін аруымыз университетте де алдыңғы қатардан көрінеді деп сенеміз.

Айзат сияқты пысық жас тілшіміздің бірі – Әбдірахман Қайрат. Әбдірахман мемлекеттік гранттан бөлек, SDU-дің ректорлық грантын да ұтып алған еді. Алматы қаласындағы №171 мектеп-гимназия-ның белсенді түлегі ректорлық грантпен шектелмей, ҰБТ-ны да сәтті тапсырды. Жалпы, бұл бала дайын маман. Оқушы кезінде мектебінде газет, телестудия ашып, өзін әр бағытта сынап жүр. Телеарналарға барып, тәжірибе де жинақтап жүреді. Әбдірахманның бір арманы – журналист атасы Қайрат Әлімбектің жолын жалғастырып, білікті маман атану. Әбдірахманның бұған шамасы жетіп-ақ тұр. Сондықтан айтарымыз – тек ақ жол!

Біздің жас тілшілер Қазақстан-да ғана емес, шетелде де білімін жалғастырмақ. Талшын Дүйсехан – 2025 жылғы жас тіл-шіміз, Алматыдағы Ш.Уәлиханов атындағы жекеменшік мектептің түлегі. Естеріңде болса, №13 санда Талшын Абу-Дабидегі Нью-Йорк университетінен грант ұтып алға-нын жазғанбыз. Бұдан кейін ол еліміздегі жетекші жоғары оқу орны – Назарбаев университетіне де оқуға түскен. Талшын қай

ЖОО-ны таңдайды екен деп өзіміз де қызықтық. Соңында жас тілшіміз NU ұсынған гранттан бас тартып, оқуын Абу-Дабиде жалғастыруды құп көрген. Алдағы уақытта өзін саясаттану бағытынан көргісі келеді екен. Журналистиканы да тастамай, қосымша курс ретінде оқиды. Талшын оқушы кезінен-ақ алғырлығымен, зеректігімен көзге түсті. Сондықтан шетелдегі оқуы оған еш қиындық туғызбайды деп сенеміз.

Университетке түспей-ақ өңіріндегі өзекті мәселелерді көтеріп жүрген жас тілшіміз бар. Есімі – Гүлбақыт Іздібай. Арал қаласындағы №220 мектептің түлегі. Гүлбақытқа қарап нағыз патриоттың, елі мен жерін сүйетін адамның бейнесін көруге болады. Ол 130 балдың 129-ын жинап, SDU студенті атанды. Болашақта Гүлбақыттан нағыз әмбебап журналист шығады. Бәлкім, эколо-гия бағытын зерттейтін шығар. Айтпақшы, жазған хаттарынан зерттеуге де қабілеті бар екенін байқағанбыз. Оқушы кезден бойындағы дарынын дамытып жатқан қызымызға болашақта биік жетістіктерге жетуіне тілектеспіз.

Аружан Мәуліт – Алматы қаласындағы №13 мектеп-гим-назияның түлегі. Былтыр оған жас тілші куәлігін табыстарда «әлеуметтік желідегі ең белсенді автор» деп атағанбыз. Себебі «Ұланға» арнайы түсірген видеоларынан, монтаж жасау қабілетінен ешкімге дес бермей-тінін байқадық. 128 ұпай жинаған аруымыздың таңдауы ҚазҰУ Журналистика факультетіне түсті. Жас тілшіміз архив қарауға да бейім. Болашақта бұл қабілеті міндетті түрде пайдасына жарайды. Сондай-ақ, видеоға сценарий құру, түсірілім ұйымдастыру да оның сүйікті ісі. Халықаралық журналистика бағытын таңдапты. Зейінің ашылсын, Аружан!

Жас тілшілерден бөлек, жылдар бойы «Ұланға» үздіксіз хат жазған авторларымыз да биыл жарады. Шыны керек, грантқа түскен талапкерлер тізімін ашып едік, бәрі біздің оқырман екен деп қуанып қалдық. Әрқайсының аты-жөні сендерге жақсы таныс. Ендеше студент атанып жатқан авторларымызды да атап өтейік.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға: Арнұр Жұмабай, Иманғали Әлібек, Назым Бекбатыр, Альфина Асанджанова, Бекзат Сламжанов, Рабиға Тұрар, Айзере Мұрат, Аружан Мелдебек, Ажар Абдрахын, Ұлдана Досым, Болат Ахмет, Нұрлы Тоқтағұл, Жайна Құрмаш, Айхан Әбсемет, Әдемі Дүйсен түсті.

Ал SDU студенттері атанған достарымыз: Дінмұхаммед Ахан, Мадина Қожанова, Мадияр Бескемпір, Сезім Мамырхан, Алуа Келдібаева. Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-да білім алатын авторларымыз: Айша Әуесбай, Әселім Әбу, Айзере Мұратқалиева, Тоғжан Нүсіпқан, Құрбыжан Жеңіс, Аруна Жақсылық, Аяжан Ғарифола, Ақмаржан Амангелді, Ясмин Бейбітқызы, Айбын Өтеміс, Жансая Әділ, Фариза Хамит, Гүлзат Қайратқызы, Ақжан Жанділда.

Сондай-ақ, Дінмұхаммед Сәлиев Е.Бөкетов университе-тінде, Әлима Ерәділ І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетін-де, Айым Сағадатова Тұран университетінде білім алмақ. Көріп отырғандарыңдай, биыл достарымыз жақсы нәтиже көрсетті. Олар да ЖОО-да оқуды армандап, талмай еңбектенді. Біреуіне сәттілік, енді біріне уақыт жетпей қалса да, ешқандай қиындыққа қарамай, бір шешімін тапты. Енді үлкен өмірде де жолы болып, сапалы дүние жасайтын білікті маман атануларына тілектеспіз. Біз сендермен мақтанамыз!

Ділназ Шаймұратова

ulan.kazgazeta.kz