31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Қырғыз Республикасында VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтуде.
Қазақстан құрамасы 42 спорт түрі бойынша 152 спортшы қатысуда. Жарыстың алғашқы күнінде Қазақстан құрамасы ордо (асық ату), тогуз коргоол (тоғызқұмалақ), кураш, гореш, монгол бох спорт түрлері бойынша бақ сынады.
Кураш бойынша белдескен Жарылғапов Нұрдәулет ирандық балуаннан жеңілді. Монгол бох спортынан Амангелді Ерасыл мен горештен өнер көрсеткен Абдрахманов Мадияр қарсыластарына есе жіберді. Аталған үш күрес бойынша жарыс аяқталды.
Ал 2 қыркүйекте, көкпар, көкбөрі, эр еңиш (аударыспақ), алыш, овари, мангала, тогуз коргоол (тоғызқұмалақ), ат марафоны, ордо, құсбелігік, жамбы ату, дәстүрлі садақ ату, таяқ тарту, арқан тарту, сумо, стронгмэн, омыртқа сындыру бойынша жарыстар өтті.
Аударыспақ – ат үстінде күш пен ептілікті, шапшаңдық пен батылдықты талап ететін қазақтың дәстүрлі ұлттық спорты. Бүгінде елімізде 11,5 мыңнан астам адам аударыспақпен тұрақты түрде шұғылданады екен.
Көшпенділер ойындары барысында аударыспақ (эр эңиш) бойынша Қазақстан құрамасы екі алтын медаль жеңіп алды.
60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Нұрталап Керім финалдық белдесуде Қырғызстан спортшысынан басым түсіп, жарыс чемпионы атанды. 70 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Сайлау Мұхаммеджан да финалда қырғыз спортшысымен кездесіп, 2:1 есебімен жеңіске жетті. Ал Расул Құрайыш 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күміс медаль иеленді.
Сондай-ақ таяқ тарту (маст-рестлинг) ойынында Қазақстан құрамасының спортшысы Нұрсұлтан Есімбай 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 3-орын иеленді. Осылайша, отандасымыз жарыстың қола жүлдегері атанып, Қазақстан құрамасының қоржынына кезекті медаль қосты.
Алыш күресінен Қожагелді Нұрсұлтан мен Жандос Әбубәкіров 3-орын иеленіп, ел қоржынына қола медаль салды.
3 қыркүйек күні VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары барысында Қазақстан құрамасы арқан тартыстан тағы бір алтын жүлдені қоржынға салды.
Арқан тартыстың 4×4 түрінен сынға түскен ұлттық құрама тартысты бәсекеде үздік шығып, жеңімпаз атанды. Айта кетейік, бұл – құраманың осы ойындардағы екінші алтыны. Қазақ жігіттері арқан тартыстың 8×8 түрінен де алтын жүлде еншілеген болатын. Осылайша, спортшыларымыз жарыс барысында шеберлігі мен қайсарлығын танытып, ел намысын абыроймен қорғады.
Көшпенділер ойындарында ел намысын қорғап жатқан спортшыларымыз армрестлингтен 7 алтын медаль иеленді.
65 келі салмақта Ұлжан Оралбай сол және оң қол сайыстарында күміс жүлдеге ие болды. +65 келі салмақта Мелена Сыдықжанова екі қол сайысында да жеңіске жетіп, екі алтын медаль алды.
Бақтыбай Қанат теңге ілуден vi дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы атанды.
70 келіде Бақыт Ақжігітов сол қол сайысында күміс, оң қол сайысында қола жүлде иеленді. 80 келі салмақта Данил Устинов сол қол сайысында алтын, оң қол сайысында күміс медаль жеңіп алды. 90 келіде Нұрдәулет Айдархан екі қол сайысында да қарсыластарынан басым түсіп, екі дүркін чемпион атанды. +90 келі салмақта Медет Құттымұратов та сол және оң қол сайыстарында алтын медаль иеленді. Осылайша, Қазақстан армрестлингшілері жарысты 7 алтын, 3 күміс және 1 қола медальмен қорытындылады.
5 қыркүйек күнгі жарыста Қазақстан құрамасының қоржыны тағы үш медальмен толықты. Бүгін ел спортшылары бір алтын, бір күміс және бір қола жүлде жеңіп алды.
Қазақстандық шабандоздар 300 шақырымдық ат жарысында топ жарды. Ержан Ернар, Төлебай Жарас, Ыдырыс Жақсылық, Реимбай Қанат және Есен Ахмет бастаған спортшылар төрт күнге созылған 300 шақырымдық қашықтықты еңсеріп, бірінші орын алды. Бұл бәсекеде екінші және үшінші орындарды Қырғызстан өкілдері иеленді.
Жамбы атудан Аружан Ықсан «мажар» стилінде күміс жүлдеге қол жеткізді. Бұл сайыста спортшылар ат үстінде шауып келе жатып нысанаға садақпен жебе атады. Ал Қазақстан құрамасы Ордо (асық ату) спортынан қола жүлдегер атанды. Бұл сында Қырғызстан жеңіске жетсе, АҚШ құрамасы екінші орын алды.
Осылайша, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының аралық қорытындысы бойынша Қазақстан спортшыларының жалпы жүлде саны 58-ге жетті. Оның 26-сы – алтын, 14-і – күміс, 18-і – қола медаль.
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы
