Басты бет » Топжарған » Тоғызқұмалақтан топ жарған жігіттер «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды

Тоғызқұмалақтан топ жарған жігіттер «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды

Кеше Мемлекет басшысы VІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады. Марапат иелерінің арасында жастар мен балалар да бар.

Жалпы 60-қа жуық Ұлттық спорттың әр түрінен жеңіс пен жүлдеге қол жеткізіп жүрген майталман спортшылар Президент қабылдауында болып, марапатталды. Солардың арасында тоғызқұмалақтан ұлттық құрама сапында ойнап, көшпенділер ойындарының алтын және күміс жүлделерін қанжығаларына байлаған Ерасыл мен Айдын да бар.

Тоғызқұмалақшылар ел қоржынына 4 алтын, 2 күміс медаль салды. Солардың қатарында ерлер арасында Ерасыл Әутәліпов алтын, Айдын Жакиев күміс медаль алды.

Ерасыл Әутәліпов Астана қаласындағы «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» РМҚК спортшысы болса, Айдын Жакиев – Қостанай облысының тумасы, «Ұлттық және олимпиадалық емес спорт түрлерінің спорт клубы» КММ-де жаттығады.

Суретте: Ерасыл Әутәліпов

Ерасыл – тоғызқұмалақтан Азия және әлем чемпионы, Қазақстанның халықаралық дәрежедегі спорт шебері.  Румынияның Констанца қаласында өткен тоғызқұмалақтан жастар арасындағы әлем чемпионатында топ жарған. Қазақстан чемпионаты мен ірі республикалық турнирлердің (соның ішінде рапид бағыты бойынша) бірнеше дүркін жеңімпазы мен жүлдегері.

Ал Айдынды ұлттық дәстүрлі ойынға сынып жетекшісі баулыған. Қазіргі таңда тоғызқұмалақ ойнап жүргеніне 10 жылға жуықтаған. Республикамыздың жас спорт шебері алдағы уақытта да осы саладағы тұғырларды бағындыра беретінін айтады.

Суретте: Айдын Жакиев

Екеуі де Президент қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалін алды. Марапат табыстау сәтінде  Президент жігіттерге тосыннан сұрақ қойды.

– Тоғызқұмалақпен дүниежүзінде қанша ел шұғылданады? – деді Мемлекет басшысы.

Айдын сұраққа тосылмай: «54 ел», – деп жауап берді. Міне, сол  54 елден келген үш жүздей қатысушының арасынан суырылып шығып, бірі жеңімпаз, екіншісі күміс жүлдегер атанған тоғызқұмалақшы жігіттер Туымызды көкке көтеріп, әнұранымызды асқақтатты.

– Өте қуаныштымын. Айтарға сөзім жоқ. Еңбегімнің жемісі деп айтатын едім. Бұл – мен үшін үлкен жетістік. Бұл күн өмірімдегі есте қалатын ең ыстық естелік болып қалады. Болашақта да шеберлігімізді шыңдап, әлде де көк Туымызды абыроймен қойғайтынымызға сенімдіміз, – дейді Айдын Жакиев.

Мемлекет басшысы да ел мерейін үстем еткен спортшыларымызға ықыласын білдіріп, ұлттық спортқа әрқашан қолдау білдіретінін жеткізді.
Фото: ulttyqatsport.kz