Астанада Отбасы күніне орай берекелі отбасы құндылықтарын насихаттау, жас жұбайлардың қоғамдық белсенділігін арттыру және қоғамға үлгі болар отбасыларды таныту бағытында «Үздік жас отбасы – 2026» байқауы өтті.
Отбасы құндылықтарын дәріптеу, жас отбасылардың қоғамдағы белсенділігін арттыру, сондай-ақ олардың шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін таныту мақсатында ұйымдастырылған байқауға қатысуға биыл 120-ға жуық жас отбасы өтінім берсе, іріктеу нәтижесінде олардың арасынан 10 отбасы финалға жолдама алды.
Финалдық кезеңде отбасылар екі кезең бойынша сынға түсті. Бірінші кезеңде таныстыру, екінші кезең өнер көрсетуге арналды.
Қатысушылардың өнерін қазылар алқасы бағалады. Олардың қатарында республикалық «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары әрі ұйымның Астана қалалық филиалының төрағасы Бекдайыр Күзембай, этнограф Тұрар Шәкен, «Di Medical» медициналық орталығының директоры Клара Өмірзақова, «Алтын Орда» авторлық дизайн үйінің директоры Ырза Тұрсынзада және «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, жыршы-әнші Күнсұлу Түрікпен болды.
– Жаңадан қабылданған заңымызда да отбасы институтын нығайтуға, оның қоғамдағы маңызын арттыруға ерекше мән беріліп отыр. Халқымызда «Отбасы – бақыт мекені» деген жақсы сөз бар. Шын мәнінде, бала үшін ең қауіпсіз әрі жайлы орта – ата-анасының мейірімі мен қамқорлығы сезілетін отбасы. Сол бақытты мекенде кішкентай бүлдіршіндеріміз бақытты болып өсіп, жақсы тәрбие алып, елінің ертеңіне қызмет ететін азамат болып қалыптасса екен дейміз, – деді Республикалық «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Бекдайыр Күзембай.
Байқаудың қорытындысы бойынша Арнат Байсейітов пен Дайана Тоқбергенова І орын иеленді. Әділет Молдабек пен Айымгүл Селикова ІІ орын алса, Алтынбек Ысқақ пен Перизат Ғабит ІІІ орын еншіледі. Финалға өткен өзге жеті отбасыға ынталандыру сыйлықтары табысталды.
Жеңімпаз отбасылар байқаудың ерекше әсер қалдырғанын айтты.
«Байқау бізге өте ұнады. Осындай отбасылардың басын қосып, бір-бірімізбен танысып, жақсы әсер алуға мүмкіндік жасаған ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз. Бұл біз үшін тек жеңіс емес, отбасымызбен бірге өткізген ерекше күн болды», – деді І орын иегерлері Арнат Байсейітов пен Дайана Тоқбергенова.
Тарихшы-этнолог, ұлт құндылығын дәріптеуші Тұрар Сәттарқызының байқау туралы пікірі:
– Он жұптың өнерін, дайындығын, өзара қарым-қатынасын тамашалап отырып отбасы құндылығы, отбасы институтының ахуалы туралы ойландым. Өйткені жастармен үнемі жұмыс істеп, дәріс оқып жүргендіктен, кейінгі буынның отбасыға, бала тәрбиесіне, ұлттық құндылыққа деген көзқарасы мен үшін әрдайым маңызды.
Сайыста өнерімен ерекшеленген жұптар болды. Осы жұптардың ішінде әнімен, биімен емес, сахналық көрініс арқылы өнегелік дүние көрсеткен екі жұп ерекше болды.
Абайдың қара сөздерін арқау етіп, бала тәрбиесі, ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынас, ұлттық құндылық туралы ой қозғауы ерекше әсер етті. Бұл жерде Абайдың өлеңін не қара сөзін жатқа айту емес, оның сөзін бүгінгі отбасының мәселесімен байланыстыру маңызды болды.
Көрініс арқылы саналы ата-ана болудың, балаға уақыт бөлудің, отбасындағы жылы қарым-қатынасты сақтаудың маңызын, телефонның адам арасындағы қарым-қатынасқа әсері қандай болатынын көрдік.
Бастысы, баламыз қандай ортада өсіп жатыр деген ата-ананың алаңдаушылығын көрдім. Осының бәрі жас отбасыларды ойландыратыны қуантты.

Сайыстағы жастардың арасынан Абайдың қара сөздері арқылы бала тәрбиесін, отбасы жауапкершілігін, ұлттық құндылық мәселесін көтерген жұптарды көргенде бір ой келді.
Біз кейде қазіргі жастар ұлттық құндылықтан алыстап барады деп алаңдаймыз. Ал шын мәнінде, оған жол көрсетіп, мәнін түсіндіре білсек, жастардың өзі де ізденеді.
Бұл сайыста қазылар алқасында отырып мен жастарды бағалаған жоқпын, жастарға қарап өзіме, алдыңғы буынға баға бердім. «Жастар үшін біз не істеп жүрміз?» деген сұрақ қойдым өзіме. Өйткені бүгінгі жас отбасының шаңырағында қалыптасқан тәрбие ертең тұтас қоғамның мінезіне, мәдениетіне айналады.
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы




