Басты бет » Даналық дәптері » ЖИЕН НЕМЕРЕ ДЕУ – ОРЫСҚА ЕЛІКТЕУ

ЖИЕН НЕМЕРЕ ДЕУ – ОРЫСҚА ЕЛІКТЕУ

Бұл жазбам біраз адамның, әсіресе ұлы жоқ болғандықтан, қыздан туғанды немере дейтін, болмаса, қыздың баласын ерекше жақсы көргендіктен, жиен дегенді алыс санайтындардың көңіліне келуі де мүмкін.
Біздің міндет – бабалар аманатына берік болып, тіл тазалығына, дәстүр тазалығына назар аударту, өзімізден кейінгі буынға дұрыс ақпарат қалдыру.
Кейінгі кезде қазақы дәстүрден хабары бар, оқыған-тоқыған үлкен буынның өзі қазақта жоқ, «жиен немере» деген сөзді қолданып, бабалар аманатын сақтамай жүр.
Егер елдің бетке ұстар, айтары, жазары бар тұлғаларымыз өскелең ұрпақты адастырып жатса, басқасына не жорық?!
Ұлт алдындағы, ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз қайда?
Бұл үрдістің қалыптасып кеткені соншалықты кейінгі жастар солай екен деп ойлап бойларына сіңіріп жатыр.
Сөздік қоры бай қазақ тілінде әр нәрсенің өз атауы болатынын ұмытып барамыз.
Біздің «жиен немере» деп атауымыз, сөздік қоры жұтаңдау орыс тілінде ұлдан да, қыздан да туған баланы «внук» деген бір-ақ сөзбен айтуға еліктеушілік тәрізді көрінеді.
Оның үстіне олар ұлдың баласын шешесі басқа деп алыстатып, қыздың баласын ерекше көретіні бар.
Осы халықта «теща, свекровка, сноха, золовка» сөздеріне қатысты жағымсыз анекдоттар бар.
Өкініштісі, бізде де соларға еліктеп, енені, келінді құбыжық көрсететін сайқымазақ әзілдерді көрсетіп жатамыз.
Бұл қазақы дүниетанымызға жат нәрсе.
Осыдан арылуымыз керек.
Құдайға шүкір, қазақта әр ұғымның өзіне сай атауы бар.
Ол бізге бабалалардан аманатқа қалған.
Оны бұрмалауға біздің қандай құқығымыз бар?
Бай қазақ тілінде ұлдан туған немере, қыздан туғанды жиен дейтінін неге ұмыттық?!
Қазақтың мағынасы терең жиен сөзінен неге шошимыз?
Баяғыда әкеміз «Қыздан туғанның қиығы жоқ, бұлар жиен ғой», – деп отыратын жиендеріне.
Бірақ бұл қыздан туғанды бөтенсіну, шеттету емес. Қазақылықты сақтау. Ұрпағына мұра етіп қалдыру.
Қазақ ұғымында жеті ата ұлдан тарайтындықтан, ұлдың баласын немере дейді, өйткені ұлдың баласы өз қаның, тегіңді жалғастырады.
Қыздан туған – жиен, қыздың барған жерінің ұрпағын жалғастырады.
Біз тегіміз қыздан басталатын еврей емеспіз.
Әр ұлттың өз салт-санасы, дәстүрі, тілі, ділі, болмысы болады.
Сол айырмашылығымыз бізді басқа ұлттан ерекшелендіріп тұрады.
Халқымыз жиенді қашанда құрметтеген.
Жиенге қатысты қанша тәрбиелік мәні бар дәстүр бар.
Соның біреуі «Жиенқұрық», кейде «Жиеннің қырық серкеші» дейді.
«Жиенді ұрсаң, қолың қалтырайды», «Жиен мыңнан үлкен» деген мағынасы терең мақалмен жиенге деген нағашының шынайы құрметін көрсеткен. Қазақы дәстүрге сай, нағашысы қашанда жиені не сұраса да, қолын қақпаған, қалағанын берген.
Бала кезімізде «Тамашадан» Құдайберген Сұлтанбаев пен Мейірман Нұрекеев ағаларымыз ойнайтын нағашы мен жиеннің шынайы әзілін көретін едік. Қазақта жиен мен нағашы арасында осындай әдемі сыйластық болған. «Балалығың ұстаса, нағашыңа бар» деген тамаша сөз бар.
Иа, кейбіреулер жиен десе, қызының баласы алыстап кететіндей көреді.
Енді біреулер келін ол, басқа қатын, одан туған баладан,қызымнан туған бала жақын емес пе? – деп жатқанын да естідім.
Жиен жатжұртқа ұзатылған, басқаның ұрпағын жалғастыруға кеткен қыздан туған.
Әкесінің қаны басқа, басқа жұрттың шежіресін жалғайды.
Ол басқа жұрттың немересі, сенің жұртыңа жиен.
Салт санамызды, ата дәстүрімізді сақтаймыз десек, әр нәрсені өз атауымен атауымыз керек.
Қазақ туыстық атауға бай ұлт. Сол болмысымызды бұзбайық.
Келер ұрпаққа рухани байлығымызды бұзбай жеткізейік.
Жиенді жиен, немерені немере деу бұл біздің қанның тазалығын, тектілілгімізді көрсетеді.
Басқа ұлттар сияқты жақын туыстар арасында некелесудің жоқтығын көрсетеді.
Біз бүгін бәрін шатастырсақ, ертең біздің кінәмізден келер ұрпақ адасады.
Жиенді жиен деп бұл қызыңнан туғанды алалау, алыстату емес, оны жақсы көрмеу емес, оны төмендету емес, бұл ұрпағымызды қазақы болмыстан ажырату.
Кейбірі “Жиен ел болмас” деген сөздің мағынасын түсінбей, бұрмалап жатады.
Қазақтың әр мақал-мәтелі мен нақыл сөзінің астарында терең мағына жатыр. Өкініштісі, кейбіреулер сөз тереңіне үңілмей, шала ұғып жатады.
“Жиен ел болмас” деген мақал бар, бұл сөзді ойбай, жиен адам болмайды, өйткені ол жақындығы жоқ, алыс адам деп түсінетіндер де бар.
Шын мәнінде, бұл сөздің мағынасы -жиен -өз қаның емес, шежіре жалғар ұлыңнан туған жоқ, ол бөтен елдің баласы, тегі басқа, қаны басқа, басқа елден немесе рудан.
Ендеше ол сенің еліңді (руыңды, тегіңді) жалғамайды деген сөз.
Атасы басқа деген сөзге терең мән берген халықпыз.
«Атасы басқа аттан түс», – деп өз баласын жауда қалдырып, інісін мінгестіріп әкеткен қазақпыз ғой. Бірақ бұл да түсіне білгенге қазақтың тектілігін көрсеткен.
Жеті ата қашанда әке жағынан таратылған. Қыз ешқашан шежіреге қосылмаған.
Қыздан туған баланың «ел болмауының» мағынасы осы.
Жиен нағашысына жиендігімен құрметті, одан нағашы жұртының оған деген махаббаты кеміп қалмайды. “Жиен жиендігін жасады”,-деп кешіріммен қарайды.
Кейде жиен нағашы жұртында тәрбиеленетін жағдайлар болады. Ондайда оған руын,жеті атасын үйрету керек.
Өйткені ертең өскенде жеті атасын білмей өсіп, жетесіздіктен рулас қарындасына үйленіп жатса, қалай болмақ?
Жеті ата тазалығын сақтаған ұлтпыз. Сондықтан ұрпағымыз дүбара болмасын, сөз байлығымыз сақталсын десек, әр нәрсені өз атымен атайық.
Дәстүрі мен салтын сақтап,таза, текті ұрпақ қамын ойлаған бабалар аманатына берік болайық!