Басты бет » Табыс сыры » Ақшаға деген көзқарасың қандай?

Ақшаға деген көзқарасың қандай?

Сурет: mail.kz

«Ақша» деген сөзді естігенде, қандай ойлар, сезімдер туады? Негатив пе, позитив пе? Кеудең қысыла ма, кең тыныстай бастайсың ба? «Ақша адамды бұзады» деп жатады. Сенде солай ойлайсың ба? Мүмкін сен ақшадан қорқатын шығарсың? Көп ақшадан ше? «Ақша жүрегіме кіріп кетуі мүмкін» деп ойлайсың ба? Меніңше, ақша адамды бұзбайды, ол тек адамның ішіндегісін сыртқа шығарады. Күнәһар ақшасы көбейсе, үлкен күнәлар жасауға жолы ашылады. Ізгі адам ақшасы көбейсе, жақсылық жасау аясы кеңейеді. Көп адам «ақшаға деген көзқарасың қандай?» деп сұрағанымда, «ол – құрал» деп жауап берді. Мақсаттарына жеткізетін құрал. Ақшаның табиғаты сондай, оны қалай қабылдасаң, ол сондай сипатқа ие болады. Жақсы, ақшаны «құрал» деп көрейік. Мысалы, жер қазу үшін күрек керек. Күрек – құрал. Менің мақсатым жер қазу болса, ең әуелі күрек табуға талап қыламын. Табамын. Қазамын. Мақсатыма жетемін. Бәрі жақсы.

Енді жауап берші, осы құрал іздеу, сол арқылы мақсатқа жету процесі саған ұнай ма? Ақшаны құрал деп қабылдау өмірді жеңілетіп көрсете ме әлде мойныңа қосымша жүк арта ма? Бір салмақ бар, жауапкершілік бар, иә?

Ақшаны құрал деп сипаттап, оған бір маңыздылық бергендей боласың. «Құралсыз мақсатыма жете алмаймын» дегендей. Ал ол сондай маңызға ие ме?

Маған ақшаны ұпай деп қабылдаған ұнайды. Қалай қабылдаймын десең де, өз еркің ғой. Бастысы, бұл сені шабыттандырса болғаны. Ойын ойнаған кезіңді еске алшы. Миссияны сәтті өтсең, ұпай жинайсың. Ал сәтсіз қадам жасасаң, ұпай жоғалтасың. Ұпай саның белгілі бір шектен төмен түссе, жинақы бола түсесің. Ойын болған соң, қатты уайымдамайсың, жеңіл қабылдайсың. Жеңілсең, «қап, бәлем, ендігі жолы анық жеңемін» деп ойынға жаңа күшпен кірісесің. Ақшаға маңыздылық бермейсің.

Мен сауда жасағанда, Rаспидегі сандарды теңге деп емес, ұпай деп қабылдаймын. Ұпайым көбейген сайын, бір құлшыныс пайда болады «рекорд орнатайын», «соңы 77777 деп тұрсыншы әдемі боп», т.б. деп. Кейде ұпайдың ақша екені есіме түсіп кетсе, «о-о-о» деп қаламын. Егер «ұпайым» белгілі бір шектен төмен түсе бастаса, мысалы, 200 000 теңгеден аз болса, жинақы бола түсем. «Қайтсем ұпайымды арттыра алам?» деп ойлана бастаймын. Идеялар туады. Қызық, қысқасы. Бұл – креатив, миды істету. Бұл – ойын. Егер ақшаға маңыздылық берсем, кең тыныстай алмай, қиналып қалатын едім. Үстімнен қарабұлт төніп тұрғандай.

Ақшаны «құл» деп қабылдаған да ұнайды. Ф.Бэконның «Ақша – жақсы құл, бірақ жаман қожайын» деген сөзі бар. Ақшаны құлша басқарасың ба әлде оның айтқанын істеп, соған тәуелді боп күн кешесің бе? Ақша – құл, ол басқа құлдарды дүниеге әкеп, құлдар әскерін құруың керек. 1 теңге = 1 құл. Әскерің үлкен болмаса, құлдарыңды орынсыз өлтіре берме. Мысалы, ресторанға барғың кеп, 5000 тг тастап кетсең, 5000 құлыңды өлтіріп тастағандай боласың. Жаман сезім ғой, иә? Ал сол 5000 теңгені «жегендей болдым» деп, сақтап, көбейтсең, құлдарыңның санын арттырасың. Бір уақытта олардың саны сондай көп болады, сен оларды қанша жұмсасаң да, кемімейді. Себебі олар басқа құлдарды дүниеге әкеп жатады. Мысалды түсінген шығарсың.

Өмірде бір әділеттілік бар. Ақша үнемі оны басқара алатындардың қолына өтіп отырады. Ал оны басқара алмайтындардың қолынан сусып шыға береді. «Байлардың ақшасын тартып ап, кедейлерге үлестіріп беру керек» дейтіндер бар. Біріншіден, бұлай ойлайтындар шынайы байлықтың не екенін түсінбейді және олар – болмысы кедей адамдар. Екіншіден, сол байлықты кедейлерге теңдей үлестіріп берген күннің өзінде белгілі бір уақыттан кейін оның қайта байлардың қолына өтетінін көресің. Себебі болмысы кедей адам ақшаны шашуды ғана біледі. Ол – тұтынушы. Ал болмысы бай адам – инвестор. Ол ақшаны сақтап, көбейтуді біледі. Ол тұтынуды емес, өнім шығаруды, қоғамға бір құндылық беруді көбірек ойлайды.

Мысалы, дауыл айдап, жансыз аралға түскен адамдарды елестет. Бәрінің о баста мүмкіндігі бірдей. Бұл аралда ақшаның қызметін кокос жаңғақтары атқарады. Аралдағы бүкіл кокос жаңғақтарын бәріне бірдей етіп үлестіріп береді. Кедей, бай деген түсінік жоқ. Біраз уақыттан кейін бір іскер жігіт судың ортасына дейін барып, сирек балықтарды әкеп, сата бастайды. Саудасы жүріп, кокос жаңғақтарын жинайды.

Тағы бір жігіт күні-түні жұмыс істеп, канал салады. Ниеті: жұрт төбенің басына барып, су тасып шаршамасын деген ой. Сөйтіп, су жеткізіп бергені үшін әр шелекке ақы алады. Кокос жаңғақтары түрінде. Біраз уақыттан кейін кокос жаңғақтары сондай бір іскер топтың қолына шоғырланады. Әділетті ме?

Меніңше, иә. Себебі олар құндылық берді, халықтың жағдайын жеңілдетті. Бірақ кедейдің аты – кедей. Арасынан бір лидер шығып, «бұлай болмайды. Ақша теңдей үлестірілуіқажет. Кеттік, байлардан жаңғақтарын бөліссін деп талап етейік, қажет болса, тартып алайық» деп ұрандайды. Таныс жағдай ма?

«Ақша жайлы байлардан да көбірек ойлайтын адамдар тобы бар. Ол – кедейлер» депті Оскар Уайльд. «Ақша жүрекке кірді» деген осы. Ақшаны өз қожайыны етіп алған, сол үшін одан қорқатын, қашатын кедей болғанша, оны өз құлына айналдырып, шебер басқара алатын, одан қорықпайтын, қашпайтын, керісінше көбейтуді көздейтін бай бол!

Данияр Жігітбектің «Қаржы қағидалары» кітабынан