Парето заңы бойынша «20% әрекет 80% нәтижеге алып келеді, ал 80% күш тек 20% нәтиже береді» деп тұжырымдалады. Бұл – экономист әрі әлеуметтанушы Вилфредо Паретоның тайм-менеджментке байланысты құраған ережесі.
Кез келген жан аталған заңды егжей-тегжейлі меңгеріп, назарын маңызды жұмысқа қойып үйренсе, айтарлықтай жетістікке жете алады. Себебі әрекеттің 20%-ын анықтап алмасаң, уақытыңның 80%-ы бос өтіп кететінін түсінуің керек. Сондықтан қазірден бастап әрекеттің 20%-ын қандай іске арнайтыныңды нақтылап ал.
Бұл заңдылықтың мақсаты – барлық күшті жұмысқа салу емес, оны қажетті бағытта жұмсау.
Парето принципін күнделікті өмірде қалай қолданамыз?
80/20 ережесі бойынша тиімділікті арттыру үшін саған күш, тәртіп және мотивация қажет.
Парето заңын қолданудың қарапайым алгоритмі бар:
- Мақсат қой және оған жетудің соңғы мерзімін анықта.
- Өзге адамдар мен өз тәжірибеңе сүйене отырып, мақсатқа жету жолын тексеріп ал.
- Тақырып бойынша барлық ақпаратты жинақта.
- Ақпаратты оқып, жүйелегеннен кейін артық деректерден бас тарт.
- Қажет емес ақпаратты алып тастағаннан кейін, нақты әрекеттер тізімін жаса.
- Құрастырылған тізімді тағы бір рет оқып шық. Оның ішінен басты нәтижеге әсер етпейтін, алайда көп уақыт пен күш жұмсалатын әрекеттерді алып таста.
- Содан соң нәтижеге алып келетін әрекеттерге сүйене отырып, мақсатың мен оның нақты мерзімін анықта.
- Жоспарларыңды іске асыруды жалғастыра бер. Жеткен нәтижені өз уақытымен талдап отыр. Қажет болған жағдайда мақсаттарыңа өзгеріс енгізуіңе болады.
Енді мына сұрақтарға жауап бер.
1. Уақытыңның 80%-ын қайда жұмсайсың? Кітап оқуға немесе әлеуметтік желіге ме? Есіңде болсын, олар саған пайданың 20%-ын ғана алып келеді.
2. Уақытыңның 20%-ын ғана жұмсап, 80% рахатты неден аласың?
3. Қоршаған ортаңдағы қай адамдар сені бақытты етеді?
4. Қандай 20% киімдерді аптаның 80%-да киесің?
5. Тамақтану режиміңде 80% құрайтын азық-түліктің 20%-ы қандай?
Сұрақтарға жауап берген соң, талдау жүргіз. Мәселен, егер уақытыңның 80%-ын сені тек 20% бақытты ететін жандарға арнасаң, ортаңды өзгерткенің дұрыс.
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы
