Қоғамның шындығын шырақ алып іздейтін, сөздің салмағын сезіне сөйлейтін журналистің еңбегі – ел айнасы. Осы мақсаттан айнымай, журналистиканың жауапкершілігін биік қоятын қалам иелерінің бірі – белгілі журналист Ертай Нүсіпжанов. Ол үшін журналист болу – жай мамандық емес, ар мен адалдықты ту еткен өмірлік ұстаным.
Осы орайда адалдықтың ақ туын нық ұстаған журналист Ертай Нүсіпжановпен болған шағын сұхбатты ұсынамыз.
– Аға, «рухани аш» адамды қалай «тойдыруға» болады?
– Меніңше, асқа ашыққан тамақ іздейді. Ал рухани аш адам руханиятпен сусындайды. Екі жағдайда да шын ізденген адам үшін «ашаршылық заманында» отырған жоқпыз…
– Бүгінгі қоғам шындықты естуге дайын ба, әлде өтірікті әдемі етіп тыңдағанды жөн көріп жүре бере ме?
– Шындықты естуге бәріміз құмармыз. Ал айтуға дәрменсізбіз. Себебі шындықты өзінің ішкі тазалығы бар адам ғана батыл айтады…
– Ақпарат көп, алайда ақыл аз, білім бар, даналық жоқ. Мұның түбі немен бітер екен?
– Қажетсіз, қоқыс ақпараттың астында қалдық. Бір құрып, қайта бас көтерерміз. Онсыз болмайын деп тұр ғой…
– Қазір көп адам танымал болуға ұмтылады, бірақ пайдалы болуға емес. Неге?
– Танымалдылық мүдделіктен емес, айналаның құрметі мен бағасынан болса игі еді. Негізі, танымал болуға емес, пайдалы болуға ниет қойса, ол әрі қалап тұрған болса онсыз да-ақ танымал болар еді. Жалпы, танымалдылыққа ұмтылу ақылдының ісі емес деп ойлаймын.
– Бала Ертай есейген Ертайдың жетістігіне қуана қарап тұр. Кішкентай балақайға не айтасыз?
– Қуанып қарап тұрған болсам, тек шүкірлік айтамын.
– Сатқындық адамды күйретуі, ал кейде оятатын күшке де айналуы мүмкін. Сіз сатқындықты қандай қырынан қабылдайсыз? Жүрекке түскен жара әлде сабақ?
– Сақ жүрген сатқындықтың үлкен құрбанына айналмаса керек. Өз басым ештеңеге таңғқалмаймын. Өйткені осы жасыма дейін өмір талай дүниені көрсеткен.
– «Өмір сахнасында бәрі рөл ойнайды» дейді. Сіз қандай кейіпкер болуды қалар едіңіз?
– Бір ғана образды сомдайтын кейіпкер болып қалғым келеді.
– Аяқтан шалу қалыпты нәрсеге айналған қоғамда әділдік бар деп айтуға бола ма?
– Адал, таза адамды әділдік қашанда алдынан қарсы алады. Біз тек кейде әділдік пен әділетсіздікті парықтай алмай қиналып жатамыз…
– Жауабыңызға рақмет! Есен жүргейсіз Ертай аға!
Әңгімелескен Самал ЖАМЕТ,
Орал қаласы
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы