Ұлытаудағы театр ұсынған жаңа қойылым қоғамның дертті тұсын дөп басты
Бейбіт Әлкеева,
Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «Театртану» мамандығының 1-курс магистранты
Мамыр айының 29-шы жұлдызында Ұлытау облысы, Жезқазған қаласының мәдени айнасы С.Қожамқұлов атындағы Қазақ музыкалық-драма театрының репертуарына «Сен және Мен» (реж.: Ш. Үмбетқалиев) спектаклі қосылды. Арқа өңіріне күнде жол түсе бермейтіні, шалғайдағы театрдың жаңа туындыларды ай сайын сахналамайтыны, жезді өлкеге табан тимегелі жылдан асқанын ескере отырып, жаңа облыс болып құрылғалы алғаш сахналанған туындының тұсаукесеріне барып, көрген hәм көңілге түйгендерімізді жазуға бекіндік.
Өмір мен өнер көшінде бізге беймәлім ғасырлар мен уақыттар өткеннен кейін «жақтаушадан» шыққан, әкімдіктің әмірінен аса алатын, қатып қалған қағидалар мен шығармашылық процесстің ләззатын сезіне алатын, бір сөзбен айтқанда Атабаев «армандаған» табиғи театр дүниеге келетін шығар. Әзірше, ауызды құр шөппен сүрте бермей, барымызды бағаласақ, әрі-беріден соң оның артықшылығы мен кемшілігін көрсетсек, нәтиже шығарсақ деген тілек бар. Мәдени кеңістіктегі бар проблеманы сахна өнерімен байланыстыратын бүгінгі қоғамда көрермен үшін өнер түрлерін ажырата білу, таразылау да күрделі. Ақпараттар ағыны, күн сайын болып жатқан ұлт, ел тағдырындағы өзгерістер адам санасына әсер бермей қоймайды. Сонда да жоқты аңсап, өткенді өнеге етіп, сарыла салыстыра бергеннен түк шықпайды. Бүгінгі үдерісті көріп, бақылап, ой бөлісіп жүрген театртанушылардың пікірі де бүгін естіліп, ескерілуі ләзім. Талдау мен талқылауға, ой бөлісуге «ашық» театрлар аз. Сол аздың бірі – Серке театры. Соңғы үш жылдықта түрлі талпыныстар жасап, фестиваль-форум ұйымдастырып, халықаралық, республикалық театрлар фестивальдеріне қатысып жүрген театрдың репертуар саясатын жүргізуі де шама-шарқынша өзгеріп келеді. Жаңа қойылым сол өзгерістердің басы.
«Сен және Мен» — замандастар тандемі. Жаңа буынның бірлескен туындысында идея авторы – Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының артисі Ұлан Болатбек, драматург – бірнеше романдардың авторы, жазушы Әлішер Рахат. Режиссері – Шағуан Үмбетқалиев.
Пьеса бүгінгі қоғамдағы оқиғаны арқау еткен. Вербатим элементтері бар. Себебі, кейбір кейіпкерлер бүгінге дейін қарттар үйінде тұрады. Жаңа спектакль алдында әр режиссер өзінше ізденіске түседі. Бірақ, бұл дегеніміз қойылымдағы барлық ой, идея, көркемдік пен тұтастықтың салмағы режиссердің мойнында деген сөз емес. Біз барлық салмақты режиссерге асып қоюға, жалпы соңғы уақытта қойылымға режиссерлік аспектіден қарауға аса ден қойып кеткендейміз. Шетелдік шақыртылған режиссерлердің де көбеюі соның салдары. Мұнда шығармашылық топтың ансамбльдік жұмысы жатыр. Қойылымның дайындығы кезінде жазылған пьеса да, бірлесе жұмыс атқарған команданың жан-жақты ізденісін жоққа шығара алмайды. Қазақ театрларындағы қойылымдар «көрермен деңгейі» деген жалаң ұғымды желеу етіп алған. Ал, дәл солай айтатын спектакльге келер көрерменннің қарасы көп. Демек, мәселе көрерменде емес, бізде. Театрлар әлеуметтік мәселені кәсіби тұрғыда сахналай алса, мұндай кереғар пікірлер қалыптаспас еді. Мәселен, балаларға арналған қуыршақ театрларында «baby театр» деген түсінік бар. Театрға алғаш келетін 3 жасқа дейінгі балаларға өз тілдеріне түсінікті спектакль сахналау қажет. Яғни, оларды алдымен театрмен таныстыру. Сол секілді жалпы ересектерге арналған театрлар да алдымен мәдени мекенді таныстыруы қажет. Аталмыш спектакль сондай көрермен мен театрдың ортасына алтын көпір болатын талпыныстардың бірі. Сәтті мен сәтсіз бе оны көрермен бағалай жатар, біздің міндет – талдау.
Бүгінде сахнаның шымылдығы ашылмайтын спектакльдерді көру қалыпты құбылысқа айналды. Авансценада мүмкіндігі шектеулі мүгедектер арбасында отырған қария. Оқиғаның ары қарай өрбуіне сілтеме жасайтын бұл кейіпкер үнсіз ғана теледидарға қарап отырады. Экранда – жануарлар әлемі. Бейнежазбада әрбір жануардың өз баласымен бірге су ішіп жатқаны, тіпті жыртқыштардың да баласына қамқор болатыны көрсетіліп жатыр. Ал, қария – Жұмағазы Бірмұханов тек үнсіз бақылауда. Артистің сөзсіз, әрекетсіз отыратын болмысының өзі, ым-ишаратпен ғана білдіретін «бағасы» шынайы hәм терең. Өмірден баз кешкен адамның жанын ұғыну бір бөлек те, екі сағат спектакльде сол хәлді үнсіз жеткізу талдап-таразылауға келмейтін мехнат. Артистің өмірлік багажы бұл бейнеге сендіріп тұр. Соған қарамастан, «үміт соңғы өлетінін» ескеріп, оқиғадағы кей тұстарда қарияның қарекеттерін көрсету керек деп есептейміз. Себебі бұл кейіпкерге көрермендердің қарап отыруының өзі ауыр. Жас режиссер-артист Ш. Үмбетқалиев өзінің екіжақты көзқарасын қосып, бейненің әлі де ашыла түсуіне ықпал жасаса екен деген тілек бар. Мұнда қария 3 – сіз спектакльді біртұтас деп көре алмайсыз. Керісінше, әлі де жан-дүниесін аша түсу керек. Сахна өнерінің бір міндетіне әр кейіпкердің мақсатын жете түсіндіру әрі спектакльге сүбелі үлес қосуына ықпал ету де саяды.
Қарттар үйінің үміті сөнбеген тағы бір бөлмесінде бес қария тұрады. Режиссер төрт қабырғалы қарттар үйін орындықтар мен төрде тұрған бір есікпен бейнелейді. Басты кейіпкер Қаhар рөлінде – Досжан Жанботаев. Алатауда туылып, Ұлытауда ғұмыр кешкен сахнагердің өнердегі өміріне биыл – жарты ғасыр. Жан дүниесіне үңілсеңіз қазақ театр тарихының қилы жолы сайрап жататын артистің алғашқы рөлі Арқалықта шымылдығын түрген театрдың алғашқы туындысы «Айман-Шолпан» спектакліндегі Жарас рөлі еді. Содан бері түрлі тағдырды арқау еткен қаншама кейіпкерлерді сахнадан сөйлетіп, кино мен театр әлеміндегі өз жолын сала алды. Соңғы он үш жылдықта сахнаға шықпаған артистің бұл рөлі осынша уақыт іште жатқан ойлары мен толғаныстарын шығаруға берілген мүмкіндік сынды. Қаhармен бірге тағдырдың тәлкегін сезінетін қариялар да театрдың аға буын артистері. Бұл арқылы спектакльдегі екі буынның бірлесе жасаған серіктестік жұмыстарына куә болдық. Суға салсаң батпайтын, мінезді әрі сабырлы бола қалатын басты кейіпкердің тағдыры күллі әлемдегі мыңдаған жалғызбасты қариялардың жиынтығы. Олар тіпті өз үйінде тұрса да өздеріне деген көңілдің аз бөлінетіндігінен қиналатын қариялар. Сондықтан, жан сырын ақтарып, өмірден түңілмейді. Тіршіліктерін жалғастырып, керек тұсында өздеріне демалыстар жариялайды. Қалыпты өмірден аз ғана айырмашылығы ба тұрмыстары үшін көп бұлданбайды. Бәрі өз іштерінде. Өздері ойлап тапқан оқиғаларға сеніп ғұмыр кешеді. Қаhар-Досжан Жанботаев – барлық қарттың бойындағы бір-бір мінезі кездесетін күрделі кейіпкер. Образдың түгелдей дерлік актер жанымен астасып жатуынан аз уақыттың ішінде кейіпкерді бүтін бір ғасырдың қасіретін арқалаған ата етіп шығара алған Д.Жанботаевтың кәсібилігіне қайран қалмау мүмкін емес.
Қаhар қария мен Арманның атасы мен немересі болып шығуы үшін бәріне даяр жайсаң болса да, өз пайдасын қалт жібермейтін Көшербай қарт рөлінде — Дүйсен Кенжеев. Артистің атақ-даңқы мен алған марапаттарын тізбектеп жатудың орнына, жалпы театр өлкесі білуі керек ең маңызды лауазымымен бөліссек. Режиссер Жанат Хаджиевтің «аттай қалап» С.Қожамқұлов театрына «Қыз Жібек» спектакліндегі Төлеген рөліне алдырған сахнагер. Жастайынан бағы мен бабы қатар шапқан артист қазақ театрының дүлдүлдерінің бірі Асылболат Смағұловпен (Бекежан ролінде) сахнада серіктес болып, өнерін шыңдаған қайраткер. Одан бері отыз бес жылдан аса уақыт еңбек етіп келе жатқан артист қаншама бейнелерді кескіндегенімен, «Сен және Мендегі» Көшербай қария бейнесі кәсібилік пен көркемдіктің ортасын дөп тапқан роль деп бағалауға болады. Мұнда актердің сахнада өмір сүрудегі жанр элементтерінің қайсысы болмасын ұтымды орнын табады. Мәселен, кейбір артистің амплуасын бір жанрға ғана жіктетіп қоятындар бар. Көшербай-Дүйсен Кенжеев әмбебап кейіпкер. Болмыс-бітімі жеңіл болып көрінгенімен, ауыр тағдырды арқалаған қарияның ішкі күйін Қаhармен болатын диалогта дөп жеткізеді. Спектакльді музыкамен көркемдеген Олжас Жақыпбектің шығармашылық талғамы жоғары. Оқиға мен әуеннің бірлесіп жатуы туындының кәсіби деңгейінің артуына ықпал етіп тұр. Осы тұста музыкалық-драма театр деп аталатын ұжымның кәсіби спектакльдері театр атауына сәйкес келмейтінін айтып жүргеніміз жасырын емес. Бұл мәселе С.Қожамқұлов театрында да бар. Ал, Д.Кенжеев өзінің музыкалық білімі әрі терең талантымен «музыкалық-драма театры артисі қандай болуы керек?» деген сауалдың анық жауабы. Ендігі тұста, театр өз атауына сай дүниелермен репертуарды толықтырады деген үміт зор.
Тілеу қарт – Бақытжан Ибраевтың бұған дейінгі «Мен ішпеген у бар ма?» спектакліндегі Құнанбай бейнесінен соң сомдаған бейнесінің бірі. Жошы, Қыран, Таған, Сәкен, Қуқар сияқты образдары театр репертуарын толықтырған спектакльдере ішкі психологиялық толғаныстар арқылы шығып, бірін-бірі қайталамайтын кесек рольдерге айналдырған актердің табиғаты әлі де сан түрлі бейнелерге өмір сыйлайтындығы сезіледі. Спектакль барысында әр тағдырдың тек бұлтты не күнгей тұстардан тұрмайтынын сезіндіре білген Серке театры «әмбебап ұжым» деген ой қылаң бере берді.
Жас буынның жасары мен жетері алда. Сахнада өздерінің алдындағы үш буын жоғары серіктестерінен «сескену» де сезіледі. Яғни, актерлік мектептің жарқын үлгісіне айналған тұлғалардың әр қимыл-қозғалысын аңдап барып, баға беру бар. 7-10 жастағы балалар бола тұра ішкі-сыртқы әлемін әлденеден тежеп тұрғандары да аңғарылады. Бәлкім, спектакль өз қалпына бір жылдан соң түсер. Бұл театр кеңістігіндегі бар тәжірибе. Тек, әр артист кейіпкердің болмысын жоғалтып алмауға күш салуы тиіс. Спектакльдегі суретшінің жұмысы көркемдік тұрғыдан кемшін. Біз кейде спектакльдерді тым жұтаң немесе тым бай (роскошь) етіп жібереміз. Қартттардың костюмінде де, балалар киімінде де бірізділік бар. Сондықтан, балаларда бірін-бірі қайталау болып жатыр. Әр түрлі жанұядан келген әртүрлі болмыстағы балалар характері жетіспей жатты. Жалпы отандық театрларда тәжірибесінде мұндай қиын да қылдай нәзік тақырыптар жоқтың қасы. Өзекті, әрі әсер етер идеяны өрбіткен жастар тандемі қуантарлық.
Спектакльден бірінші аңғарылған дүние — осы кезге дейін қалыптасқан драматургтердің өз шығармаларының илллюстрациясын ғана көргісі келетін «қасиеттерінен» арылып келеді екенбіз. Жаңалық ашып, эффект жасауға тырыспайтын жас режиссерлер де бар. Классикадан бұрын бүгінгі әлеуметтік театрдың негізгі элементтерін ескерген ұжым бар. Және сол ойды терең де жеңіл жеткізе білетін артистер бар. Ендеше, Ұлытаудағы театрдың көрерменге ұсынары көп болғай!