Басты бет » Жаңалықтар » ТӘУЕЛСІЗДІК ҮШІН БАТЫЛ КҮРЕСКЕН ДИПЛОМАТ

ТӘУЕЛСІЗДІК ҮШІН БАТЫЛ КҮРЕСКЕН ДИПЛОМАТ

Биыл Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясаты мен дипломатиясының қалыптасқанына – 32 жыл.

Ал допломатия қызметіне айрықша үлес қосқан ардагер дипломат, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері  Сайлау Батырша-ұлының туғанына – 80 жыл толды.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 31 жылға аяқ басты. Тәуелсіз ел болғанымыз әр қазақ үшін зор мақтаныш. Ал сол тәуелсіздік алу жолында кездескен кедергілер мен қиындықтар туралы, сол жолда белсенді қызмет атқарып, күрескен тұлғалар туралы қаншалықты жақсы білеміз?

Бүгінгі біз әңгімелегелі отырған тұлға – Қазақстанның тәуелсіздік ел атануына өлшеусіз үлес қосқан белгілі дипломат, ҚР Дипломатия қызметіне еңбек сіңірген қайраткер Сайлау Батырша-ұлы. Ол Кеңес заманынан бастап 50 жылдан аса уақыт дипломатия саласында қызмет атқарды. Қызмет барысында қандай да кедергілерге тап болып, қызметінен шеттетілсе де әрқашан шындықты дәлелдей білді. Қайсар мінезді қайраткер тіл мен ұлттық мүдде жолында да басын бәйгеге тігіп күресті.

Сайлау Батырша-ұлы туралы сөз қозғағанда алдымен ойға оралатыны оның аты-жөні. Ол ұлттық аты-жөнімізді рәсімдеуді қайта қалпына келтіруге үлес қосты, орыс үлгідегі фамилиясынан бас тартып, Мәскеудің ұлтты жою саясатына қарсы шықты. Жас күнінен Ұлы Отан соғысының батыры Бауыржан Момышұлы туралы көп әңгіме естіген бала сол кісідей халқыма еңбек етемін деп қазақтың ата-бабадан келе жатқан аты-жөнді таңдайды. Коммунистік партия, Совет үкіметі қаулысымен барлық қазақ және басқа түркі халықтарының дәстүрлі аты-жөндерін өзгертіп, орыс үлгісіндегі «ов», «ева»-ны қосып фамилия шығарған. Совет заманында Бауыржан Момыш-ұлынан кейін бүкіл елде ұлттық дәстүрлі фамилияны сақтап қалған санаулы тұлғалар болды: солардың алғашқысы Балғабек Қыдырбек-ұлы, Шона Смахан-ұлы және біздің кейіпкеріміз – Батырша-ұлы. Жоғарыда айтылған азаматтар сол үшін талай қуғынға түсті. Тәуелсіздік алған соң, ұлттық сезімі бар көп адамдар аты-жөнін қазақша «ұлы», «қызы» деп тура жаздырып алып жатыр, ал біразы фамилиясынан тек орыстың «-ев, -ов»-ты алып тастауда. Бұл аталар сақтаған дәстүр жәй ғана әріпті өзгерту емес, орыстанудан ұлтты сақтап қалудың бірден-бір басты жолы, үлкен өнеге. Сайлау Батырша-ұлы әу бастан өзінің аты-жөнін орысшалауға қарсы шығып қайсарлық танытты. Ол осы қайсарлығы, ұлтшылдығы үшін совет заманында талай таяқ жеді, қудаланды.

1965 жылы Сайлау Батырша-ұлы дипломатия саласына келді. Дипломатиялық қызметін Қазақ ССР Сыртқы істер министрлігінде Бірінші хатшы лауазымынан бастайды. Дипломатия деп аталатын маңызды әрі аса күрделі жолды сақтықпен, сабырмен басқан ол Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болуына және шетелге танытуға еселі еңбек етті. Ол Сыртқы істер министрлігінде табысты қызметі үшін 1967 жылы Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бірінші секретарі Д.А. Қонаевтың өзі қол қойған қаулымен Совет Одағы Сыртқы істер министрлігінің Жоғары дипломатиялық мектебіне (кейін Академия болды) қабылданады. Бұл оның әлемдік дипломатия саласына қадамы болатын. С. Батырша-ұлы СССР Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын тәмамдады. Дамаск университетінде (Сирия), Париждегі «Альянс Франсэз» институтында оқыған. Москва мемлекеттік халықаралық қатынастар институтында дүниежүзі экономикасы мамандығы бойынша ғылым кандидаты дәрежесін алған, Ресейдің экономика академиясында докторлық диссертациясын қорғаған.

Москвадағы Дипломатиялық академияны аяқтағаннан кейін 1971 жылы Алжирдегі Совет Одағы елшілігінің Үшінші хатшысы, Қазақстан Компартиясы Алматы обкомының лекторы, нұсқаушысы, 1978-81 жылдары Конго Халық Республикасындағы елшілігінің Екінші хатшысы болды.

Ел егемендігін алған 1990-93 жылдары Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары, Қазақстанның Өзбекстан Республикасындағы тұңғыш Төтенше және Өкілетті Елшісі, Сыртқы істер министрлігінде ерекше тапсырмалар жөніндегі Елші, Египет Араб Республикасындағы елшілігінің кеңесшісі, Израильдегі ҚР елшілігінің кеңесшісі, бір мезгілде ҚР Президентінің Палестина Мемлекетінің лидері Ясир Арафаттың жанындағы өкілі қызметтерін абыроймен атқарды. Соғысып жатқан Израиль мен Палестина мемлекеттік шекарасынан өтіп, Газа және Рамалла қалаларында Арафатпен бірнеше рет кездеседі. Сайлау Батырша-ұлы өзінің еңбек жолын бастаған шағында Әди Шәріпов, Балжан Бөлтірікқызы сынды көрнекті мемлекет қайраткерлерімен, кейін еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Сыртқы істер министрі лауазымын атқарған Қасым-Жомарт Тоқаев, Марат Тәжин, өзге де мемлекет қайраткерлерімен қызметтес болды. Кейін Сыртқы істер министрінің кеңесшісі болды.

Ұлтжанды азамат тоталитарлық Кеңес үкіметі кезінде-ақ бар мүмкіндікті ұлт пайдасына асыра білді. Франция мен Алжир, Конгода жүргенде Қазақстанды насихаттады. Туған халқының мәдениеті мен мүддесін өзі қатысқан алуан түрлі жоғары дипломатиялық кездесулерде, мәжілістерде орайын тауып айтып та, қорғап та жүрді. Мәселен, Иран шахы Реза Пехлевидің және басқа да көптеген шетел үкімет делегацияларының Қазақстанға келген іс-сапарларын ойдағыдай ұйымдастыруға зор үлес қосты. Республикамыздың сыртқы саясатын уақыт талабына лайық мол білімімен, зор табандылықпен жүзеге асыру барысында С. Батырша-ұлы аянбай еңбек етіп, дипломатиялық өнердің тамаша үлгісін көрсетті. Ол өзіне жүктелген дипломатиялық жұмыстарды абыроймен атқарып, кеңесші деген жоғары дипломатиялық рангке дейін көтерілді. Осындай күрделі де жауапты дипломатиялық қызметтерді атқарған ол қазақ дипломатиясы саласының ең ұзақ жылдар істеген ақсақалы, яғни дипломатия саласының корифейі атанды.

Сайлау Батырша-ұлының Совет үкіметінің дипломатиялық қызметінде жүріп елінің, өз Қазақстанының Тәуелсіздікке қол жеткізуіне ықпал жасап, сол жолда тер төкті, күрделі қадамдарға барды. Бостандықты, халқының теңдігін ойлап, тәуелсіз ел болу жолында аянбай еңбек етті. Дипломаттың сондай бір батыл қадамдары туралы журналист Мұрат Алмасбекұлының авторлығымен жарық көрген «Тәуелсіздік жолындағы дипломатия» атты эссе-диалогында кеңінен баяндалады. Сондай оқиғалардың бірқатарына тоқталуды жөн көрдім.

Дипломаттың биіктерге шарықтаған да, қисынсыз қудаланған да сәттері болды. 1986 жылғы Мәскеу үстемдігіне қарсы Желтоқсан көтерілісін батыл қолдады, жазықсыз жапа шеккен қазақ жастарына үздіксіз жәрдем берді. Желтоқсан көтерілісіне байланысты депутат М. Шаханұлының басқаруындағы парламент комиссиясының жұмысына атсалысты. Сол үшін үкімет тарапынан Коммунистік партия мүшелігінен шығарылып, жұмыстан қуу туралы мәселе қаралды.

1991 жылы бұрынғы Совет Одағы делегациясының құрамында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы сессиясына қатысты. Сол жолы Нью-Йорктегі БҰҰ-ның штаб-пәтерінде 24 қазан айында пресс-конференцияда «Халықаралық құқықтарына және БҰҰ-ның Жарғысына сәйкес, Қазақстан БҰҰ-ның мүшесі болуына толық правосы бар және тәуелсіздікке шығады» деп тұңғыш рет батыл мәлімдеме жасады. Интервью Совет Одағы Телеграф Агенттігінің (ТАСС) корреспонденті Евгений Менкеске береді. «Вступит ли Казахстан в ООН?» деген материал бүкіл әлемге және одақтас республикаларға тарайды. Бұл мәлімдеме дипломатиялық жолмен елді тәуелсіздікке жетелейтін шыңы еді. Алайда интервью республикалық радио, теледидар және газеттерде жарияланбады. «ҚазТАГ» басшысы интерьюді министр А. Арыстанбековаға көрсетіп, жариялауға келісімін сұрайды. Министр бұл материалды шығаруға тыйым салады. Сонымен, тәуелсіздік үшін «басын бәйгеге тігіп, не болса да көрейін» деп дипломат Нью-Йорк қаласынан сұхбатты факспен республикалық газеттеріне жолдайды. Газеттер интервьюді жариялап жібереді.

Сұхбатты оқып, жұртшылық қуанып жатқан кезде, СССР-дың БҰҰ жанындағы Тұрақты өкіліне Алматыдан министрден телеграмма келеді. Онда С. Батырша-ұлын елге тез қайтару туралы айтылған екен. Сол жолы оның батыл мәлімдемесі сыналып, қызметінен алыстауына дейінгі жағдайға жетті. Алайда іс Президент Н. Назарбаевқа жетеді, ол Сәкеңнің халықаралық аренадағы, Нью-Йорк, Вашингтондағы тәуелсіздік үшін дипломатиялық іс-әрекетін қолдап, жұмыста қалдырады.

Нью-Йоркте дипломат Президенттің тәуелсіздікке қалай қол жеткіземіз деген ойын жүзеге асыру жолдарын іздеді. 1991 жылғы қазан айында Совет Одағының делегация мүшесі ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблея сессиясына қатысып, АҚШ астанасы Вашингтонға арнайы барып, бірінші қазақ дипломаты ретінде Америка Құрама Штаттарының Мемлекеттік департаментіне кіреді. Бұдан бұрын Қазақстан сыртқы істер министрлері БҰҰ Бас Ассамблеясына қатысқан, алайда олар Американың сыртқы істер ведомствосына бас сұққан жоқ. Орталық Азия басқарма бастығына Қазақстанның тәуелсіздікке баратынын мәлімдеп, саяси қолдау сұрайды. Өйткені сол уақытқа дейін Вашингтон Қазақстан Ресей Федерациясы құрамына кіреді деген ойда жүрді. Сондықтан Қазақстанда орналасқан ядролық қару-жарақ Ресейге өтіп, болашақта Москвамен ғана келіссөз жүргізуге дайындалған. Батырша-ұлы Қазақстанның жеке мемлекет болғаны, Америка Құрама Штаттарына ұтымдылығы туралы түсіндіріп берді. Семей ядролық полигоны, Байқоңыр космодромы, Совет Одағының бұрынғы әскери базалары Қазақстанның меншігінде қалғаны американдықтарға пайдалы екенін ашып айтады. Осы мәселемен Америка конгресменімен кездесіп, оған да жағдайды түсіндіреді. Конгресмен және Мемлекеттік департаменттің жауапты қызметкері қазақ дипломатының мәлімдемесін өз басшыларына жеткізуге уәде берді. Бұл үлкен дипломатиялық демарш болатын. Соның нәтижесінде, АҚШ тәуелсіздігімізді тез арада мойындап, Алматы қаласында бірінші болып өз елшілігін ашты.

Тәуелсіздік самалы ескен жылдарда сыртқы саяси мекемесіне кәсіби, кәнігі дипломат қажеттілігі туып, Президент Н. Назарбаевтың Жарлығымен Сыртқы істер министрлігінің бұрын болмаған орынбасары штаты енгізіліп, С. Батырша-ұлы тағайындалды. Осыдан кейін оны халықаралық деңгейдегі белсенді дипломатиялық қызметтер атқаруына даңғыл жол ашылды.

Қазақ дипломаттары 1990 жылы Мемлекет Егемендігі туралы Декларацияны және Тәуелсіздік жариялау жөніндегі құжаттарды дайындауға өз үлестерін қосты. Министрілік бұл маңызды құжаттарға өз тарапынан «Қазақстанның шет елдермен саяси, сауда және мәдени байланыстар жасауына өзіндік құқысы бар, әрі біздің ел дүние жүзіндегі қазақтардың атамекеніне оралуына жағдай жасайды» деген тармақты ұсынды. С. Батырша-ұлы Монғолияға үш рет ресми сапармен барып, 60 мыңнан астам қазақтың тарихи отанына оралуына мүмкіндік туғызды. 1992 жылы Алматы қаласында өткен Дүниежүзі қазақтары құрылтайын ұйымдастыру жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі болды.

16 желтоқсан 1991 жылы Қазақстан өзінің тәуелсіздігін жариялаған соң С. Батырша-ұлының халықаралық дипломатиялық қызметі күшейе түсті. Ол әр алуан шет елдерде Иран президенті Х. Рафсанджани, Палестина президенті Я. Арафат, Түркия президенті Т. Озал, Өзбекстан президенті И. Каримов, Қырғызстан президенті А. Ақаевпен және басқа саясаткерлермен жүздесіп, келіссөздер жүргізді. Талай шетел делегацияларымен дипломатиялық қатынас орнату туралы келісімге қол қойып, Қазақстанды әлемдік аренаға шығарды.

Дипломатия саласының корифейі, ардагері Сайлау Батырша-ұлы әлі де елдегі қоғамдық қызметтердің бел ортасында. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің штаттан тыс кеңесшісі, Халықаралық Қазақ тілі қоғамының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының, «Дипломат Нәзір Төреқұлұлы» қоғамдық қорының төрағасы, сонымен қатар Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, аталған оқу орнында ұстаздық етіп, Л. Гумилев атындағы Халықаралық қатынастар факультетінде шәкірт тәрбиелеуде.

Биылғы тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында дипломат Сайлау Батырша-ұлының Кеңес Одағы жылдарындағы қазақ дипломатиясы, тәуелсіздік үшін күрес, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жолындағы дипломатиялық қадамдар, жалпы қазақ дипломатиясының дамуы, бүгіні мен ертеңі туралы жазылған «Дипломат жазбалары» атты екі томдығы, «Тәуелсіздік жолындағы дипломатия» атты екі томдық кітабы, сондай-ақ әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде жарық көрген «Өнегелі өмір» атты кітаптары оқырманға жол тартты.

Кітаптарда дипломаттың атқарған ұзақ жылғы қызметі, мемлекеттік және қоғамдық істері туралы еңбектері енгізілді. Сондай-ақ, С. Батырша-ұлының еңбектері мен мақалалары берілген. Қазақстанның ішкі саясаты және Республиканың сыртқы саясаты қамтылған көлемді материалдар жарияланған.

Бұл – дипломаттың тәуелсіздік жолындағы батыл дипломатиялық қадамдарының бір мысалы ғана.

Дипломатия қызметімен қатар, С. Батырша-ұлы – белгілі ғалым, ұлағатты ұстаз. Ол – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Қазақ гуманитарлық заң университетінде, Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінде дәріс оқыды. Сондай-ақ, Қазақ ұлттық университетінде «Докторлық диссертация қорғау кеңесіне» мүше болып, көптеген ғалымдарды дайындады. 2002 жылдан Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры. Жүзден астам ғылыми еңбектер, мақалалар, оқулықтар жазды. «Развитие промышленности в развивающихся странах», «Проблемы индустриализации стран Африки», «Индустриализация экономики стран Северной Африки» (1994), «Внешнеэкономические и культурные связи Казахстана», «Дипломатия тек сыртқы саясат емес» (Дипломатия – это не только внешняя политика») (2005), «Дипломатиялық қызмет және халықаралық қатынастар» (2011) оқулығының, «Тәуелсіздік жолындағы дипломатия» (2016) атты кітаптардың және Қазақстанның саяси-экономикалық проблемалары жөніндегі көптеген мақалалар мен еңбектердің авторы. Шығыстанушы, дипломат Бақытты Батырша-ұлының басқаруымен, тарих ғылымдарының докторы Болат Көмековпен бірлесіп «Мысырдағы мамлүк сәулет өнерінің тарихы» (2011) альбом-кітабы шығарылды. Оның алғы сөзін Президент Н.Ә. Назарбаев жазды.

Мемлекеттік қызметпен қоса, саяси-қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласып келеді. 1992 жылы халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Басқарма және Алқа мүшесі болып сайланды. 1996 жылдан бастап, Алматы қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, Ресей Федерациясы Ғылым Академиясының Африка мәселелері жөніндегі ғылыми кеңесінің мүшесі, «Араб өркениеті» Палестина ассоциациясының құрметті мүшесі. «Дипломат Нәзір Төреқұлұлы» қоғамдық қорының төрағасы.

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты. Ел дамуы мен игілігі жолындағы еңбегі лайықты бағаланып, Қазақстан Республикасының «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен, «Қазақстан Республикасының сыртқы саясатына қосқан үлесі үшін» Нәзір Төреқұлұлы атындағы, сондай-ақ «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» медальдарымен марапатталды. «ҚР Дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қызметкері» атанды.

Сайлау Батырша-ұлының еліміздің тәуелсіздік алар тұстағы және одан кейінгі дипломатиялық тартыстар, бостандық жолындағы батыл қадамдары мен бастамалары кеңінен баяндалған «Тәуелсіздік жолындағы дипломатия», екі томдық «Дипломат жазбалары» кітаптары жарыққа шықты. Аталған кітаптар дипломаттар үшін ғана емес, тарихшыларға, саясаттанушыларға, журналистерге және саяси-әлеуметтік мәселелермен айналысатын жалпы жұртшылық қауымға арналған. Сонымен қатар, Халықаралық қатынастар мамандығында білім алушы студенттер, магистранттар және оқытушылар үшін қазақ тілінде жазылған құнды еңбектер болып табылады. Тәуелсіз мемлекетті нығайту, оны сақтап қалудағы өзекті мәселелер, табанды күресі де кітапқа кеңінен арқау етілген.

Сайлау Батырша-ұлы – қоғам және мемлекет қайраткері ретінде ұлттық құндылықтар турасында, тіл мәселесінде өзінің азаматтық ұстанымдарын білдіріп жүрген ұлт жанашыры, еңбек ардагері.

Міне, ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы тойланар тұста осы жолда еңбек сіңірген, тер төккен Сайлау Батырша-ұлы сынды тұлғаларымыздың есімін ұмытпағанымыз, жас ұрпаққа насихаттап ұлықтағанымыз абзал. Дипломат алдағы қаңтар айында мерейлі 80 жасқа толды. Ел тәуелсіздігі үшін, ұлты мен тілінің өркендеп дамуы үшін аянбай күресіп жүрген ағамыздың деніне саулық, отбасына амандық, қоғамдық қызметтеріне табыс тілейміз!

Венера Мұратқызы,

«Jastar janary»