Басты бет » Жаңалықтар » Нәзікжанды сақшы қыз

Нәзікжанды сақшы қыз

Қай салада болсын жауапкершілік бірінші талап етіледі. Бүгін басқармадағы сондай жауапкершілікті жастарымыздың бірі полиция майоры  Тоғжан Сариева жөнінде сөз қозғамақпыз.

Нәзікжанды сақшы қыз Тоғжан Ғиниятқызы Орал қаласының Полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімі жол қауіпсіздігі және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бөлімшесінің инспекторы болып қызмет етеді. Ол Батыс Қазақстан облысы бұрынғы Фурманов ауданы Қарасу аулында дүниеге келген. Ауылдағы орта мектепте білім алып, 2004 жылы М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Құқықтану» мамандығы бойынша білімін шыңдайды.

Университетті тәмамдаған жас маман алғаш еңбегін Орал қалалық әкімшілік сотында сот орындаушысы қызметінен, ішкі істер органдарындағы еңбек жолын Маңғыстау облысы Полиция департаментінде Тылды қамтамасыз ету басқармасының бас маманы болып бастапты, кейін 2016 жылы Маңғыстау облысы Полиция департаменті Ақтау қаласының Полиция басқармасы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі бөлімнің инспекторы лауазымына тағайындалған.
Бала кезінен полиция қызметкері болуды армандаған Тоғжан алдына мықтап мақсат қойып, қазірде құқық қорғау қызметінде жемісті еңбек етуде. Қызмет барысында Тоғжан іс-құжаттарға мұқият, мемлекеттік тілде іс жүргізуде сауаттылығын байқатты. Бұл дегеніміз – мемлекеттік қызметкерге ең басты қажетті критерий. Құқық қорғау саласында қызмет етемін деген арманын адаспай тапқан талапшыл Тоғжан сонау мектепте оқыған жылдарында қазақ тілі мен әдебиеті пәндеріне бейімі ерекше болған екен. «Сол кездегі мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары мені диктантты әдемі әрі қатесіз, шығарманы көркем жазады деп мақтайтын еді» деп еске алады. Тоғжанның анасы да мұғалім болған екен. Мектепегі іс-шараларға белсене араласып, сыныптың, қала берді универстиетте оқып жүргенде өз тобының старостасы болған көшбасшылық, ұйымдастырушылық қасиетті «Анамнан дарыған болар…» деп сағына еске алады сақшы қыз.
Мемлекетімізде құқық тәртібін нығайту, қылмысқа қарсы күресті жандандыру тұрғысында жылдан-жылға ауқымды шаралар қолға алынуда. Заң талаптары құқық қорғау органдарына, оның ішінде полиция қызметкерлеріне үлкен міндеттер жүктейтіндігі белгілі. Ал қоғамның тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтау үшін ішкі істер органдарында ерлермен қатар шен тағып, шекпен киіп жүрген Тоғжан сияқты білімді де, білекті нәзік жандылардың еңбегі ерен екені сөзсіз.

Гүлжиян ҚАРАҒОЙШИЕВА,

Орал қ. ПБ ақпараттық саясат тобының жетекші маманы