«АMANAT» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының «Жастар Рухы» жастар қанаты Ақтөбе қаласындағы «Мансап» орталығының филиалымен және қалалық жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, «Жастарға жұмыс» бос жұмыс орындар жәрмеңкесін ұйымдастырды. Іс-шараға өндірістік және қызмет көрсету саласындағы 37 компания қатысып, жастарға 248 бос жұмыс орнын ұсынды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, елдегі нақты сұранысқа ие мамандықтарды дамытуды тапсырған болатын. Осы тапсырмаға сәйкес, жәрмеңкенің басты мақсаты – жастарға жұмысқа орналасу мүмкіндігін ұсынып, кәсіби болашағын айқындауға қолдау көрсету.
«AMANAT» партиясы «Жастар Рухы» жастар қанаты жүзеге асырып келе жатқан «Жастарға жұмыс» жобасы биыл үшінші жыл қатарынан жалғасын тауып отыр. Жоба аясында мыңдаған жас тұрақты жұмыспен қамтылып, кәсіби дамуына жаңа мүмкіндік алуда.
Жәрмеңкеге 167 жас жұмыс іздеп келді. Олардың 83-і жұмысқа орналасуға жолдама алса, 53 адам жастар тәжірибесіне бағытталды. Оның бірі – Медет Досмағамбетов. Ол биыл жоғары оқу орнын инженер-механик мамандығы бойынша тәмамдап шықты.
«Теориялық білімімді тәжірибе жүзінде жүзеге асырып, ірі компанияларда еңбек етуді жоспарлап отырмын. Мамандығым инженер-механик болғандықтан алпауыт компанияларда да жұмыс істей аламын. Құжаттарға немесе көліктерге қатысты жұмысқа да икемім бар. Осы жәрмеңкеде 250-ге жуық бос жұмыс орны ұсынылды. Тау-кен өндірісінде инженер-техниктер мен жұмысшылар, дәнекерлеушілер мен машинист-операторлар тапшы. Олар жас мамандарды мекеме есебінен қосымша оқуға жіберуге дайын», – деді М.Досмағамбетов.
Жәрмеңкеде жастар бос жұмыс орындар тізімімен танысып, жас мамандарға сұранысы бар компаниялардың өкілдерімен тілдесті. Олар қызметтегі негізгі талаптар мен жалақы мөлшері, қызметкерлерді әлеуметтік қамтамасыз ету деңгейі сынды көкейтесті сұрақтарына жауап алды.