Басты бет » Жаңалықтар » БИЫЛ МЕКТЕП ФОРМАСЫНДА ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІС БАР?

БИЫЛ МЕКТЕП ФОРМАСЫНДА ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІС БАР?

Алдағы оқу жылында мектеп формасына қойылатын талаптар өзгеріссіз қалады. Өткен жылдағыдай заңнамалық нормалар қолданылады. Яғни, оқушылар бұрын сатып алған немесе дайындаған формамен мектепке еркін келе алады.

Сонымен бірге ата-аналардан кейбір мектептерде мектеп формасына қойылатын талаптар, яғни түс, киім дизайны бойынша талаптар нақты жеткізушілерге немесе өндірушілерге сәйкес жасалғаны туралы шағымдар бар.Осыған байланысты кейбір өңірлерде білім басқармалары ата-аналар қауымдастығы және қамқоршылық кеңестерімен келісе отырып, әр мектеп өз талаптарын қоймауы үшін өңірде бірыңғай түсті енгізуді, сол арқылы ата-аналардың таңдауына шектеу қою туралы шешім қабылдады.

«Бұл ретте ата-аналардың назарын талаптардың өзі өзгермегеніне аударғымыз келеді. Мысалы, егер оқушы мектепке сатып алынған немесе бұрын сол мектептің Қамқоршылық кеңесі бекіткен аға-әпкелерінен қалған форманы киіп келе алады. Ата-аналардың өтініштерінен кейін бірнеше білім басқармасы қамқоршылық кеңестермен бірлесіп, облыс бойынша мектеп формасының біркелкі түсін белгілеуге шешім қабылдады. Барлығы қою көк түсті таңдады. Бірақ бұл балаларды шектемейді, яғни олар бұрыннан бар мектеп формасымен келе алады.
Облыс бойынша мектеп формасының бірыңғай түсін белгілеуге тоқтала кетсек. Бұл нақты жеткізушілерге талаптар қою тәуекелдерін барынша азайтып, қолжетімді форманы (нарықта немесе дүкенде) сатып алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ оқу жылына дейін атаулы әлеуметтік көмек алатын немесе жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, төтенше жағдайға тап болған отбасылардан шыққан 418 мың балаға көмек көрсетілетінін атап өтемін. Оларға мектеп формасы мен кеңсе тауарларын сатып алу үшін «Жалпыға міндетті білім беру» қорынан қолдау көрсетіледі»,– деді Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова.
****
Мұрат Жұманбай есімді Фейсбук қолданушысы әлемдегі оқушылардың мектеп формасына қатысты мынадай мәліметтер келтірген екен:
Мектеп формасы әлемнің көптеген елдерінде білім алудың міндетті атрибуты болып табылады, бірақ оның стилі, талаптары мен қатаңдығы ерекшеленеді.
Бірыңғай мектеп формасы енгізілген елдерге шолу:
1. Ұлыбритания мектеп формасының отаны саналады. Форма әдетте жейде, пиджак, мектеп эмблемасы бар свитер, шалбар немесе шорттар және қыздарға арналған юбкалардан тұрады. Галстук пен классикалық аяқ киім де талап етілуі мүмкаін. Тіпті, Christ’s Hospital сияқты кейбір элиталық мектептерде форма XVI ғасырдан сақталған.
2. Жапонияда қыздар үшін теңізші стиліндегі форма («сейлор фуку»), ал ұлдар үшін түрлі түсті пиджак («гакуран») қолданылады. Формаға гольфтар мен портфель сияқты аксессуарлар да кіреді.
3. Кубада форма барлық оқушылар үшін міндетті. Бастауыш сыныптар үшін ақ-қызыл комплектілер, орта сыныптар үшін – ақ-сары, жоғары сыныптар үшін – ақ-көк. Міндетті элемент – қызыл галстук, әрине.
4. Үндістан бұрынғы британ отары ретінде мектеп формасының дәстүрін сақтады. Ұлдар үшін ақ жәйде және қара шалбар, қыздар үшін сари немесе юбкамен көйлектер.
5. Тайландтық форма қыздар үшін ақ блузка және тар юбканы, ал ұлдар үшін жейде мен шалбарды қамтиды. Соңғы жылдары үкімет юбкалардың ұзындығына талаптарды қатаңдатып отыр.
6. Оңтүстік Кореяда форма мемлекеттік деңгейде міндетті емес болса да, мектептердің 90%-нан астамы оны қолданады. Әдетте, ұлдар үшін ақ жейде, блейзер, шалбар, қыздар үшін юбка, жиі галстуктермен толықтырылады.
7. Тәжікстанда қатаң реттеледі: қыздар үшін – қара түсті тізеден төмен юбка, ақ блузка және ақ шұлық, ұлдар үшін – костюм және галстук.
8. Нигерия, Гана, Замбия сияқты африкалық елдерде форма негізінен ашық түсті және әр мектеп өз түстерімен ерекшеленуге ұмтылады. Нигерияда сонымен қатар арнайы сандалиялар міндетті.
9. Қытайдағы мектеп формасы ретінде барынша ыңғайлы және әмбебап спорттық костюмдер бекітілген.
Бұлардан басқа форма Сингапур, Австралия, Ирландия, Оңтүстік Африка сияқты бұрынғы британ отарларында да сақталған.