Басты бет » Өнер – өмір өрнегі » Айгүл ИМАНБАЕВА: «Түйсігі бар адам күнде өмірден сабақ алады, үйренеді, өседі»

Айгүл ИМАНБАЕВА: «Түйсігі бар адам күнде өмірден сабақ алады, үйренеді, өседі»

         Бүгінгі қазақтың болашағы кімді де болмасын алаңдатары анық. «Жастар жанарында» жастарға тәлім-тәрбие, өнеге болатындай еліміздің белгілі азаматтары мен азаматшаларын әңгімеге тартамыз. Қазір ән айтып, бағдарламалар жүргізіп жүрген отандық арулармыз көп. Солардың арасынан өзіндік қазақи болмысын сақтап қалған, Ана тіліне деген құрметін жоғалтпаған, қазағым, ұлтым деп қызмет етіп жүрген қазақ қызымен сырласуды жөн санадық. Салмақты ойы, салиқалы пікірі жастардың болашағына сәулесін төгіп тұрар деген ниетте болдық. Жұлдыз көп, ай жалғыз. Сонымен әнші, актриса, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Серікқұлқызы Иманбаеваны әңгімеге тартқан едік.

 

Айгүл

 

– Айгүл ханым, алдымен алтын уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге үлкен рахмет айтамын! Негізі қазақты қымызымен, бауырсағымен, бешбармағымен салт-дәстүрімен таниды. Алғашқы сұрағым, қалай ойлайсыз мектептерде «дәстүр» деген пән енгізілсе?
– Сұрағыңыз тамаша! Күшті. Менің негізі Алматыда өнер-білім мектебім бар. Қазір мен сіз айтқан ойды міндетті түрде пән ретінде кіргізем. Шынымен керемет ой екен. Негізі біз қазақтың тектілігін, салт-дәстүрін, бешбармағын, ән-күйін, биінің қадіріне бара бермейміз-ау?! Шетелге еліктеп соларға ауыз ашамыз. Соларға еліктейміз. Солардың жасағанын жасап ешкімді таңқалдыра алмаймыз. Ал, мен айтып өткен қазақи құндылықтарымызбен басқа ұлт өкілдерінің арасында ерекшелініп тұратынымыз рас. Әрине, сәнді, заманауи болсын бірақ бәрі қазақи жарасымды болса нұр үстіне нұр болар еді?! Мен өзімнің театрыммен қаншама шетелдерге барып, конкурстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрміз. Бір қызығы біз тіл білмейміз, әділ-қазылар алқасын танымаймыз, көрмейміз. Кім, қайдан екенін білмейміз. Неге? Өйткені оларда мүлдем басқаша. 12 мемлекеттен театрлар келеді. Әрқайсысы өз тілінде сөйлейді. Синхронный аударма жүріп тұрады. Сахнаға қойылымды қояр кезде әділ-қазы мүшелері әр жерде халықтың арасында отырады. Содан өздері жеке шығып талдайды, қорытындылайды. Бірде Бас жүлдені жеңіп алып банкетте отырғанымызда қазылар алқасын бірінші рет көрдік. «Біз қазақша ойнадық, не түсіндіңіздер?» деп сұрағанымызда олар «Медея, Ясон дегеннен басқа дым түсінбедік. Бізге тек сендердің эмоцияларыңмен ойнағандарың жетті. Бұл қазақ халқының кереметтігі эмоциямен жеткізе білетіндігі» дегені бар-тын. Мысалға көп ұлт техникаға басым екен. Біз жыласақ та, күлсек те, қуансақ та эмоциямен жеткізе алады екенбіз. Негізі ойыңыздың жаны бар «Дәстүр» деген пән енгізілсе қазақ өзін жоғалтпас! Сол дәстүрдің ішінде бәрі бар тектілік, эмоция, рух, адмагершілік, отансүйгіштік, қалай қазақы киіну және тағы басқалар бар. Білім және ғылым, Мәдениет министрліктерінің тарапынан қолдау көрсетіліп мектептерде, ЖОО-да осындай пән жүргізілсе қазіргі жастардың ұлтына, тіліне деген құрметі басым болар еді. Әр ұлт өзінің салтымен-дәстүрімен ерекшеленеді. Қазір ең өзекті мәселенің бірі дәстүр мен ислам болып отырғаны белгілі. Дін мен дәстүрдің арасында шатасу көп. Мен өз ұлтымды жақсы көремін. Жабынып оранып жүру менің табиғатыма жат. Бүрмелі болмаса да әдепке сай, әйел адамға лайықты, жарасымды ұзын көйлектерімді жарастырып киіп жүремін. Бұның өзінде мұсылмандық деп ойлаймын. Негізі жарасымды киім киіп, жүректегі имандылықты жоғалтпасақ нағыз мұсылмандық деп соны айтар едім.

– Әлеуметтік желіде парақшаларыңыз бар. Жастарды оқығанда не байқайсыз?
– Қазіргі жастармен біздің кезіміздегі жастарды салыстырмасақ болады. Білімді, ойы ұшқыр балалар көп. Бірақ қарным ашатын ішімнен «әттеген-ай» деп қалатыным, қынжылатыным ол — рухтың әлсіздігі. Намыстың бір күйреп кеткені көрінеді маған. Қалаға келген, білім алып жатқан жастардың бойынан осындай келеңсіз жағдайларды байқауға болады. Кім біледі мүмкін ауыл жастарының бойында иман, рух, тектілік деген қасиеттер әлі де сақталған болар?! Ел басына күн туса қалай болар екен деген ой мені мазалайтыны бар. Сонымен қатар, өзінің ұлтына деген құрметі аздау болып көрінеді маған. Оның үстіне біз миллиондаған, миллиардтаған емеспіз, азбыз. «Жоқ болып кетпейміз бе?» деген сұрақ көкейімде жатады. Әрине, кейбір жастар ақылды. Өзіңе ақыл айтады. Мен қазір 18-ге келген ұлыммен ақылдасам. Мысалы, ол оқуды өзі таңдады, шетелге тапсырды. Соған қарағанда біздің заманымыздағы жастармен салыстырғанда әлдеқайда ілгері кетіп қалғаны байқалады. Кейде өзің бір ыңғайсызданып қаласың. Сондықтан таяқтың екі ұшы бар. Бір жағы – ұшқыр ойлы, ақылды, ал мына беті – рухтың әлсіздігі.

– Өткен жылы жетімдер үйінде жұмыс бабымен бардым. Қаракөздеріміз көп. Қазақ қыздарының тәрбиесі дұрыс емес дейміз. Сіздіңше, қыз бала тәрбиесінде нені жіберіп алдық?
– Әр адам өзінен бастап барып ойланады. Адам қандай ойдан қорытынды шығарсада өзінен ойлап, сараптайды. Сырттағы адамның баласынан ой түймейсің. Өзіңнің өсіріп отырған ұл-қызыңа қарап ойланасың. Міне, көзді ашып жұмғанша келін алып қалуым мүмкін. Алла жазса оның да ауылы алыс емес. Қазіргі қыздарға қарап көп ойланамын. Менің бір байқағаным, жалпы қыз баланың тәрбиесіне келгенде дүниеге келе сала кішкентай кезінен бастап болашақ ана болуға бағыттап тәрбиелеуіміз керек-ау?! Соңғы кезде түйген ойым. Өйткені, біз көп жағдайда оны еркелетеміз. Әспеттейміз. Іс тігу, тамақ істеу, қонақ күту, үлкенді сыйлау, ізетті, парасатты болу, кішіге құрметпен қарау, үлкеннің алдын кеспеу осының бәрі қазақ қызының бойынан табылу керек деп ойлаймын. Шыны керек қазір осының бәрін үйретпейміз. Еркелетесің, аузын ашып сұрағанын бересің. Айфон, киім, ана жерге барамын, көремін дейді. Сұрағанын аузына тоса береміз. Одан болашақ қандай ана шығады?! Оданша, сұрағанын бергенше бауырыңа тартып, сырласып тәрбие берсек, мүмкін болашақ басқаша өзгерер ме еді?! Мысалы, талай көрдім баланы емізіп отырыған келіндеріміз қолында телефон, екі көзі инстаграмда. Тамақ істесе де құлағында телефон. Бар пейілімен тамақ істесе, мейірленіп бала емізсе айтпаса да түсінікті болар, келешегінің кемел боларын. Негізі Б. Момышұлы атамыз ««Менің үш қорқынышым бар. Біріншісі – бесік жырын айта алмайтын келіндердің көбеюінен, екіншісі – немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбеюінен, үшіншіден – салт-дәстүрін сыйламайтын ұрпақтың көбеюінен қорқамын» деген екен. Міне, осыдан қорытынды шығара берсеңіз болар?! Былай қарасаң еркеліктен дымда шықпайды. Қазақта маңдайыңнан иіскемей-ақ көзбен еркелету болған. Қазір ұзаталып бара жатқан қызға «Машинаға отырдың ба? Үйі қалай екен? Ешкім ешнәрсе деген жоқ па?» әр болмашы нәрсесіне кірісіп отырады. «Шыққан қыз шиден тысқары» деген мақал қайда қалды сонда? Кетті, кетті болды. Ол қалай бақытты болады егер әр аттаған қадамына, жұтқан ауасына қыстырылысып отырса?! Бәрі тәрбиеден деген осы.

– Қоғамда қандай мәселе жүрегіңізді ауыртады?
– Тіл, тіл деп айтар едім. Қазір өнер саласында, қоғамда, белгілі орындарда жастардың Ана тілімізде сөйлегенін көріп қарным ашады. «Неге тілі жоқ адамдар ондай жерге жіберіледі? Неге шығарады?» деген менде сұрақ туды. Ал оны көрген жастар «осылай болу, жүру, сөйлеу керек екен» деп бой түзейді. Соңымыздан бір лек ілеседі. Біз қоғамның бір мүшесіміз. Сондықтан жастар алдында жүріп-тұрғанымыз, сөйлеген сөзімізге абай болуымыз керек. Ұлтына, халқына, тіліне құрметі жоқ адамнан қандай өнеге алуға болады? Болмаса шықпай-ақ қойғаны дұрыс болар? Бірақ ондай адамда рухта болмайды ғой. Мен шынымен осы сұраққа жүйкем ауырады. Мысалы, «жургенде, отинемын, койынызшы, адемы» деп тұрады. Не сөз? Масқара! Мен оларға «солай сөйлегенде әдемі болады деп ойлайсыңдар ма? Қазақтың тілінің өз сұлулығы бар!» деп ренішімді білдіремін. Менің тіліме, дініме, еліме, дәстүріме деген құрметім әрқашан бойымда. Бұл өмірге тек ішіп-жеу үшін келмеген болармыз? Әркімнің өзіне жүктелген жауапкершілігі, міндеті болады емес пе? Сондықтан бесіктен бейітке дейінгі міндетімізді адал атқару парызымыз деп ойлаймын.

– МС Сайлаубекке көзқарасыңыз? Қазақты мазақ қылып жатыр-ау деген ой келмей ме Сізге?
– Негізі ол кісінің өнерін тілге тиек ететін емес деп ойлаймын. Жеке басына қарсылығым жоқ. Бірақ қазіргі жастарға, қоғамға оның жасап жатқанын жібермеу керек. Жаңа ғана айтып өттім бой түзеген жастар қандай үлгі, өнеге алады? Ондай дүниеден бас тарту керек. Бұл жерде мен ешкімді кемсітіп, ренжітейін деген ойым жоқ. Тек қазақ ұлтының болашағы – жастар, соларға дұрыс қазақы, текті, өнегелі дүниелер ұсынсақ деген ойым еді. Алысқа бармай-ақ кейде әріптестерімнің, өнер маңында жүргендердің, жалпақ тілмен айтқанда «жұлдыздарымыз» онымен суретке түсіп, парақшаларына салғандарына іштей қынжыламын. Сол суретке түскен адамның шығар биігін, алар асуын немесе деңгейін көріп қоямын. Ол да адамның баласы жүре берсін. Бірақ «жұлдызымыз» Сайлаубекпен суретке түсіп, оны инстаға салады. Парақшасына кірген миллиондаған жастарымызға Сайлаубекті жарнамалағаннан не түседі? Сондағы біздің көрсеткен өнегеміз сол болғаны ма? Алыстату керек. Негізі саф өнер саңлаққа ғана қонады деген сөз бар! Өнердің киесі бар. Таза өнер таңдап жүріп қонады.

– “Пай-пай, жас жұбайлар-ай” деген спектакльдегі Ғазизаның образы менің жаныма өте жақын. Сол ақкөңіл, аңқылдақ, сенгіш мінезімнен өзім қатты күйгенмін…» дедіңіз. Алланың жаратқан мінезіне ренжідіңіз-ау деймін?! Бірақ Алла бекер жаратпас? Сол мінезіңізге, ниетіңізге орай халық Сізді жақсы көреді ғой. Оң қолмен берсең, сол қолмен аласың дегені бар емес пе?
– Қызық, алдыңғы, өткен жылдардағы сұхбаттарым екі түрлі. Содан оқырмандар ойлайтын шығар «неге екітүрлі айтады?» деп. Кейде адамдар түсінбейді. Негізі түйсігі бар адам күнде бірнәрсе үйренеді, өмірден сабақ алады, өседі, кеңейеді. Адам бір орнында тұрмайды ғой. Өзгеріп тұруы заңдылық. Әрқашан айтып жүремін. Өмірден көп таяқ жедім. Бірақ соның бәріне қазір құрметпен қараймын, рахмет айтамын. Өмірден таяқ жемеген, қиыншылық көрмеген адамның оңай бақытқа жетуі екіталай-ау?! Жеңіл келген әдемі өмір адам баласына жағар ма екен?! Мүмкін бүгінгі жетіп жатқан жетістіктерім сол кездегі көрген қиыншылықтарымның ақысы болар? Материалдық тұрғыда қиыншылық көргенім жоқ. Анам жалғыз өзі жетектеп жеткізсе де көйлегіміз көк, тамағымыз тоқ болды. Рухани соққыны көп көргенімді жасырмаймын. Керек десеңіз, анамның өмірін өзім қайталап отырсам да, ең бастысы халықтың жылы лебізі мен ілтипаты маңызды. Оң қолмен берсең, сол қолмен аларсың деген осы шығар. Тағдырдың ұсынған барлық тауқыметіне құрметпен қараймын.

– Сұхбаттарыңызда аяулы анаңыздың берген тәрбиесін айтып жүресіз. Кезінде «Ұят болмасын» бағдарламасында келін ролін бейнелегеніңізде, ойнау барысында анаңыздың кей қасиеттері көз алдыңызға келген болар?
– Мен анамның келін болған кезін көргенім жоқ. Жалпы «Ұят болмасындағы» келіндік образым ол менің болмысым, табиғатым, тәрбием қайдан шығады? Ол менің анам берген тәрбиеден шығады. Мен әкесіз өссем де анам әкенің де, ананың да тәрбиесін бірдей беріп өсірді. Анасы болған соң жақтап жатыр деп ойлап қалмаңыз. Жоқ, анамның басынан орамалы түспеген, бес уақыт намазынан жаңылмаған адам. Шынайы адам. Жақсы көрсе құлай жақсы көреді. Ұнатпаса мәймөңкелей бермейді. Қолынан ісмерлік келетін, жалпы еңбекқор адам. Түрім әкеме ұқсағанмен, еңбекқорлығым анама тартыпты. Маған несібемді Құдай былай бере салмапты! Қаншама көз жас, маңдай тер еңбекпен келіп жатады. Алла Тағала әр нәрсенің дәмін білсін, сезінсін деп беретін сияқты. Ол образды жастықпен және үйден алған тәрбиеммен алып шықтым деп ойлаймын. Негізі қыз бала бақытқа өзінің ақылдылығымен, тектілігімен, еңбекқорлығымен, білімімен ғана жетеді деп ойлаймын. Үйінен тәрбие көрсін, көрмесін өз сана-сезімін дұрыс қалыптастырып, оңға қарай бұрылса, өмірде алмайтын белесі болмайды. Мен ата-енеммен 18 жыл бөлек тұрсам да әлі күнге дейін мама, папа деймін. Әлі күнге дейін сәлем саламын. Арамыз үзілген емес. Сол сыйластықты, ата-енеге деген құрметімді сақтап қалдым. Бірде ата-енемнің үйіне кіріп барған едім. Бұтымда джинсы, басымда кепка алдымнан атам шыға келді. Тұра қалып сәлем салдым. Сонда атам «Болды балам, осы үйдің келіні емес, қызы болдың ғой, сәлем салмасаң да ризамын. Бердім батамды!» деді. Ал қазір жас келіндер сәлем салмақ тұрмақ ата-енесіне қарсы шабатындарын көргенде өзімді қоярға жер таппаймын.

– Адам танисыз ба? Интуиция қалай өзі?
– Ия, адам танимын. Өте жақсы дамыған. Ол бұрыннан бар, табиғатым сол. Адамды көре аламын. Кейде ол қасиетіме жыным келеді. Адамның ішкі қасиетін көрген жаман. «Ой, қалайсың жаным?» деп өтірік жасай алмайсың. Адамды білмесең, қарым-қатынасыңды жүргізе бересің. Ал білген бетте мен жиырылып қаламын. Ол тәжірибемен, жаспен, жылдармен күшейе береді екен.

– Бұл мүмкін өмірден көп соққы алғаннан болар?
– Ол да мүмкін!

– Сіз Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің журналистика мамандағын қызыл дипломмен бітірдіңіз. Тосыннан маған сұрақ қоя аласыз ба?
– Ия, мен журналистика мамандығын игергенмін. Ал Сізге қояр сұрағым «Өмірлік ұстанымыңыз не?» (жымиды — авт.).
– Ұлтқа қызмет ету! Қазір жаһандану кезінде былайда, былайда «қазақ» деп оқылатын сөз «мазақ» болмаса екен!

– Оқырмандарымызға тілегіңіз!
– Мен өзім оқығанды жақсы көремін. Үйде газеттен жинаған үлкен архивым бар десем болады. Аяқ алып жүре аламайсыз. Газет деген жақсы дүние, шыққаннан кейін оқырманы көп болғаны жақсы. Осы кішкентай ғана газетті шығару үшін қаншама еңбек, маңдай тер қажет? Бұның шығуының өзі инемен құдық қазғандай. Журналистің көзмайы. Сондықтан ұжымыңызға айтарым қаламдарыңыз ұшталсын. Саналы, көзі ашық, көкірегі ояу оқырмандарыңыз көп болсын. Бір қарап тастай салатын емес, ішінен керекті ақпаратты алып, архив деп сақтап қоятын оқырмандар көбейсін. Ешкім ойнағаннан газет шығармайды. Сіз өз салаңызда, мен өз саламда атқаратын миссиямызды адал атқарып, лайым тек жемісін жегізуге жазсын. Сәттілік, табыс, шабыт тілеймін!

– Әдемі әңгімеңізге рахмет!

Сәния СҮЛЕЙМЕН,

Астана қаласы

Пікір жазу