– Өнер айдынында енді-енді қанат жайып келе жатырсыздар. Сондықтан алдымен жақынырақ танысып-білісіп алсақ. Қай жақтан боласыздар? Әншілік өнерге қалай келдіңіздер?
Бауыржан: – Мен Алматы облысы Алакөл ауданы Үшарал қаласынан боламын. Мәди – Алматы облысы Кербұлақ ауданы Талдыбұлақ деген ауылдан. Екеуміз де өнерлі отбасынан шыққандықтан, жастайымыздан, ес білгелі бері өнердің маңайында жүрміз. Мен Талдықорған қаласындағы политехникалық колледжде оқып жүргенде Мәди Ө. Жолдасбеков атындағы академияда тәлім алып жатқан болатын. Келе-келе танысып, басында «Жастар» деген квартетте кейін жеке шығып, осы «Хан Тенгри» дуэтін құрдық. Сол кезден бастап бірге ән айтып келе жатырмыз. Қазіргі таңда Мәди Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясын тәмамдады. Ал мен Жетісу мемлекеттік университетінде екінші жоғары оқу орнын оқып жатырмын.
– Осы уақытқа дейін қандай байқауларда бақ сынадыңыздар?
Мәди: – Топ болып құрылғанға дейін Бауыржан екеуіміз жеке-жеке қалалық, облыстық байқауларға қатысқан болатынбыз. Ал топ болғаннан кейінгі алғашқы қатысқан байқау – ол Мұқағали Мақатаевқа арналған «Соғады жүрек» республикалық ән байқауы болды. Бұл сайыстан 1-орынды иелендік. Одан соң Маңғыстау облысында өткен «Атамекен» 1-ші республикалық патриоттық әндер байқауында «Көрермен көзайымы» аталымы бойынша жеңімпаз атандық. Бұдан соң Астана қаласында ұйымдастырылған «Жас қанат» республикалық байқауына қатысып, Астана қаласы әкімінің жүлдесін алдық.
– Енді осы «Жас қанат» байқауы жайлы толығырақ айта кетсеңіздер. Бұл сайыс сіздер үшін несімен ерекшеленді?
Бауыржан: – «Жас қанат» байқауы бірнеше мәрте қатарынан ұйымдастырылып келе жатқандықтан, «Азия дауысы» байқауының жалғасы болғандықтан ұйымдастыру өте жақсы болды. Өзімізге бұған дейін беймәлім болған дүниелерді аштық. Елорда бойынша саяхат жасап, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған дарынды жас әншілермен таныстық. Үлкен сахнада, Бейбітшілік және келісім сарайының сахнасында өнер көрсету біз үшін мәртебе болды. Бұдан бөлек танымал сазгер Төлеген Мұхамеджановпен де жүздесу бақыты бұйырды. Ол кісімен біраз шер тарқатып, қосылып ән де шырқадық. Қазақ өнерінің шыңында жүрген өзге де өнер саңлақтарынан, аға-апаларымыздан тәлім алдық.
– Жалпы қандай бағытта ән айтасыздар? Ән қоржындарыңызда қанша ән бар?
Мәди: – Ән қоржынымызда 10-нан аса ән бар. Жеке, авторлық. Ал бағытқа келер болсақ, алғашқыда патриоттық әндерді айттық. Отанға деген, елге, жерге деген 3-4 ән бар. Барлығы да заманауи стильге сай жазылған. Одан соң түрлі бағытта ән айтуды жөн санадық. Қандай да бір шектеу жоқ. Қай бағыт көңілімізге жақын, ұнайды, сол бойынша айтамыз. Бір жанрға, бір тақырыпқа тоқтап қалмаймыз.
– Ал бейнебаян жағы қалай?
Бауыржан: – Осыдан бірнеше ай бұрын «Қазақстан-Талдықорған» атты әнге бейнебаян түсірген болатынбыз. Ендігі кезекте 2-3 ай көлемінде «Бір барайық, арманға!» атты әнге бейнебаян түсіру жоспарда бар.
– Арнайы бір продюсермен жұмыс істейсіздер ме?
Мәди: – Арнайы продюсеріміз жоқ. Талдықорған қаласындағы «Талдықорған әуендері» атты қалалық әкімшіліктің жанынан ашылған ансамбльде жеке әнші ретінде жұмыс істейміз. Ал жекелей келгенде, әзірге белгілі пиар-менеджер, журналист Таир деген азаматпен қызмет істеудеміз. Демеушілік жағы, продюсерлік жұмыс барлығы өз мойнымызда.
– Жаңа өздеріңіз айтып өттіңіздер, біріңіз Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясын бітірсеңіздер, енді біріңіз екінші жоғары оқу орнын оқып жатырсыздар. Енді осы бір қайталанбас студенттік кезең естеліктері жайлы сөз қозғасақ. Студенттік өмір қалай өтті? Оқырмандармен бөлісе отырсаңыздар.
Мәди: – Студент болып жүрген кезде Бауыржан екеуіміз екі оқу орнының атынан, Бауыржан политехникалық колледждің, мен академияның атынан байқауларға шығатынбыз. Қарсылас болдық басында. Кей сайыста мен 1-ші орынды алсам, Бауыржан 2-орын алатын, ал кейде керісінше болатын. Сөйтіп, орынды бір-бірімізге бермей, «жұлдызымыздың» қарсы болғаны, рас.
Бауыржан: – Мен Алматы технологиялық университетінде оқып жүргенде сабақ біте салысымен Жүргенов академиясына жиі баратынмын. Мәди сол жерде оқыды. Өзге де достарым болды. Солармен араласып, фойеде актерлік шеберліктің студенттерімен бірге роль ойнап, үнемі сол жерде жүретінмін. Содан бір күні күзетші келіп маған: «Сен қай факультетте, қандай курста оқисың?» – дейді. Мен өзімнің мұнда оқымайтынымды, жай достарыммен кездесуге келгенімді айттым. Күзетші аң-таң. Сөйтіп, әйтеуір не керек әрең сендірдім (күліп).
– Жақсы. Ал болашаққа деген жоспар қандай? Алда қандай мақсаттар тұр?
Бауыржан: – Жоспарда 2 бейнебаянымыз тұр. Сол бейнебаяндарды түсіріп, жарыққа шығарғаннан кейін Алматы облысынан бастап еліміздің барлық облыстарын би ансамбльдерімен бірге гастрольдің сапарға шығып, жанды дауыста концерт бермек ойымызда бар. Бұдан бөлек республикалық, халықаралық байқаулар бар, қатысатын. Қандай байқау, қайда болатындығын айтпай тұра тұрайық. Жұмбақ боп қалсын.
– Рахмет!
Сұхбаттасқан Назым Қайрат