Басты бет » Жастар үні » «Balmuzdaq.plus» кімдерге арналған?

«Balmuzdaq.plus» кімдерге арналған?

Омар Заңғар – жастарға арналған «Balmuzdaq.plus» жобасы авторларының бірі, Сүлейман Демирел университеті журналистика мектебінің студенті. 

Балмұздақ идеясы қайдан келді?

— Ең басында СДУ-да “Soyle” атты болашақ журналистерге тәжірибе жинауға мүмкіндік беретін медиа болатын. Яғни, басында ол газет болды, кейін әлеуметтік желіге көшті. Сол жерде шығармашылығымызды шыңдап жүрдік. Бір жылдан кейін “Soyle-де” өзім редактор бола бастадым.

         Бір күні Қазақстандағы Internews өкілдігі Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында «Отандық контент жасауға идеялар» байқауын жариялаған. Байқауда жеңіске жеткен медиа контент жасаушыларға идеясын жүзеге асыруына грант беріледі екен.

Конкурс жайлы бізге 2-курста сабақ берген Асхат Еркімбай дейтін ағайымыз айтқан болатын. Ағайымыз Internews-та жұмыс істейді. Бізге сабақ барысында байқауға қатысып көрсеңдер болады деген еді. Жалпы идея сол кезде пайда болды. Бізге ол кезде грант та, ақша да қызық болған жоқ. Тек “Soyle-ні” жаңа деңгейге көтергіміз келді.

— Freshman, яғни “балмұздақ” деген атау әлеуметтік желіде көп кездеседі ғой. Неге сонда да “Балмұздақ” деп атағыңыз келді?

— Жоғарыда айтып өткенімдей, Internews-тің байқауына қатысуға бел буып, “Soyle-ні” жаңа деңгейге көтергіміз келді. Бірақ “Soyle” университеттің жобасы болғандықтан бұл жобаны Қазақстан деңгейіне шығаруға қарсылықтар болды. Яғни, ол университет ішіндегі жоба болып қалу керек деген кішкене келіспеушіліктер болып, біз басқа атаумен өз жобамызды шығарғымыз келді. Бір жағынан “Soyle-нің” әлеуметтік желідегі оқырмандары 500-600-дей ғана болған еді.  Содан жаңа парақша ашып, оқырман жинаймыз деп бел будық.

 Internewsтің «Отандық контент жасауға идеялар» байқауында біз грант ұтып алдық. Тобымыз үш адамнан тұрды. Сұңғатты техникалық редактор ретінде қосып алдық. Біз өте тыңғылықты дайындалдық. Өйткені бұл біздің бірінші үлкен жобамыз. Біз бірінші рет медиа салада 10 жылдап, 20 жылдап жүрген тәжірибесі бар адамдардың қатарында үлкен конкурсқа қатысып жаттық. Біздің идеямыз өтті. Адамдарға ұнады. Өйткені бұрын қозғалмаған тақырып еді.

Сонда бұл жобаның ерекшелігі неде болды?

— Негізі жоба жасаған кезде өзіңе қатты бататын, өзің қатты алаңдайтын тақырыпты алуға тырысасың ғой. Сол мендегі жүрген идеяның бірі ауыл баласы мен қала баласының айырмашылығы еді. Әсіресе фокусты былай қойғымыз келді: Қала деген ол бір мәдени орта және де бұл мәдени орта бүкіл адамдарды қамту керек. Яғни, қаланың өзінде туған адамдарды да, ауылдан келген адамдарды да. Бірақ көбінде ауылдан келген адамдар қаланың өзіндік қалыптасып қалған мәдениетімен таныс болмағандықтан өздерін шет қалған сияқты сезініп жатады. Тіпті, кейбір адамдар әлеуметтеніп, қоғаммен сіңісе алмайды. Өйткені қала қоғамы басқа, ауыл қоғамы басқа.

Мен өзім Қызылорда облысындағы Аралда өскендіктен қала баласы мен дала баласының қандай айырмашылығы бар екендігін білемін. Арал аудан орталығы болғанымен барлық адамдар бір-бірін біледі. Сондықтан мен оны ауыл деп есептеймін.

Біз бұл идеяны басқаларға айтқан кезде олар қазіргі заманда барлығында интернет бар, бәрінде смартфон бар деді. Яғни, қаланың адамы инстаграмда не салса ауылдың адамы да соны салады деген сияқты.

Бірақ біз бұл жобада ғылыми көзқарас танытқан сияқтымыз. Кәдімгідей зерттедік. Қала мәдениеті қандай және ауыл мәдениеті қандай? Сөйтіп, екеуінің арасындағы байланыс, мәселелерді тауып, шынымен бұл мәселе актуалды екенін өзіміз үшін де, басқалар үшін де дәлелдедік.  Қарапайым бірінші курстың студенті алғаш, мысалы мен сияқты Аралдан Алматыға келеді де қаланың мульти мәдениетті ортасына сіңісе алмайды. Мысалы, қарапайым диалектін көтере алмауы мүмкін. Шымкенттіктердің “қойшиш”, “беймарал” деген сөздерін түсінбеуі мүмкін. Осылардың алдын алу үшін, яғни мульти мәдениетті ортаны адамдарға түсіндіру үшін осындай студенттерге арнап жоба жасағымыз келді. Негізгі идея осылай болды.

Неге балмұздаққа “plus” сөзін қостыңыз?

— Жобаны ұйымдастырып жүргенде көз алдыма «Disney plus», «Amazon plus» деген атаулар елестеді. Бірден бәрі түсіне алған жоқ. “Plus” деген көп деген сөз. Яғни, балмұздақтар бар және + оған қоса сондай проблемаға тап болған, ортаға сіңісе алмай жүргендер, өзін таппай жүрген адамдар өте көп. Осылардың барлығын қамтығымыз келгендіктен “plus-ды” қостық. 

Балмұздақтың тағы бір идеясы – адамдарға басқалар туралы ақпарат беру, яғни мульти мәдениетті ортаны таныстыру. Екіншіден, мысалға қалаға келген студенттерде қандай қызықтар болады? Оларда бүкіл зат бірінші рет болады. Бірінші рет ол қымбат рестораннан тамақ жеп көреді, бірінші рет мен сияқты старбакстан кофе ішіп көреді. Бірінші рет бургер жеп көреді. Әртүрлі жағдай болуы мүмкін. Осыларға нұсқаушы керек деп ойлаймын. Мысалы сен 18-ге толдың және бірінші рет сайлауға қатысып көрмексің. Сол кезде өзің не білу керексің, қалай әрекет жасайсың? Біз осыларға бағдаршы болатын үлкендердің бар болғанын қаладық.

Басқа жоғары оқу орындардан айырмашылықтарыңыз неде?

— Басқа универдің балмұздақтарнан біздің айырмашылық – біз медиамыз. Біз тек қана бір универді немесе бір қаланы ғана қамтығымыз келмейді. Иә, біздің негізгі таргет аудиториямыз Алматы болып қалады. Бірақ сонда да біз бүкіл Қазақстанды қамтығымыз келеді. Яғни, бұл проблема таусылмайтын проблемалар. Егер 18 жасар біреу келіп, оның еті үйреніп қоғамға сіңісіп кетсе, тура сондай келесі жылы тағы бір адам келеді. Қысқаша айтсам бұл өмірде барлық адам есейеді. Сол есейіп келе жатқан шақта қолдау көрсететін аға керек. Яғни, біз жай ғана орта, жай ғана клуб емеспіз. Біз ақпарат беретін және жастардың проблемасын шешуге тырысатын медиамыз. Біздің осы уақытқа дейін жасап жатқан заттарымыз жұмысымыздың 40 пайызына да жеткен жоқ. Бұл әлі бастамасы.

Балмұздақ бұл аяқталған немесе жетер жеріне жетіп болған проект емес, оны тек идея ретінде қалыптастырғым келеді. Қазір бар балмұздақ ол бастапқы сатысы ретінде қарауға болады. Тек қана бастамасы. қазіргі балмұздақта бүкіл о баста болған идеяны көрсетпейді.

Сұхбаттасқан

Айбике Жұмабай

Пікір жазу