Баяғыда барлық сезімдер бір аралда өмір кешкен екен.
Сол аралды бірде топан су басады.
Суға қарық болып, тұңғиыққа мәңгілікке бату қаупі төнгесін, әр сезім өз бетінше қатерден құтылудың қамын жасайды.
Алайда айналаға ұдайы ғашық көзбен қарап, әрқашан әлдебір тылсым сезімге елтіп жүретін Махаббатқа кеме жетпей қалыпты.
Махаббат «біреуден көлік-құрал шықса, осыдан шығар-ау» деп, дереу Байлыққа жолығады. Сөйтсе, байлық айтыпты:
– Қызық екенсің, саған арнайы сайлап отырған қайығым жоқ. Менің қаптаған алтын-күмістеріме онсыз да орын жетпей жатыр! Мен сені өзіммен бірге ала алмаймын! – дейді.
Жаны қысылғаннан Махаббат Тәкаппарлыққа барса, ол өзіне лайықты әдемі бір кемені таңдап, мініп алыпты. Тәкаппарлық өзіне жүгінушінің үсті-басына менменси қарап тұрып: «Үстің лас екен! Мен сені қасыма ала алмаймын!» – деп ол да бас тартыпты.
Осы кезде олардың қасынан Шаттық пен Қуаныш той-тойлап, думандатып, айналасын қым-қуыт қылып, нөкерлерін ертіп өтіп бара жатады.
Махаббат көмек сұрап, айқайласа, олардың өзгені тыңдауға да мұршасы болмай, әләулайын айтып, сол бойы өте шығады.
Махаббат амалсыздан жүгіріп жүріп, Қайғыға өтінішпен қайырылады. Қайғы айтыпты: «Ой, махаббат-махаббат! Мен онсыз да қайғыға батып отырмын! Енді кеп, сен мазалайсың. Жалғыз қалғанды жақсы көремін! Қинамашы!»
Махаббат ары қарай не істерін білмей, дағдарып тұрғанда, ақ сақалды абыз жанына таяп келіп:
–Тез, тез! Кел бері! Отыр мынаған! – депті.
Ол жүгіріп барып, қайыққа отырып, «уһ!» деп жеңіл күрсініп, қос өкпесін саф ауаға толтырып, дамылдайды. Содан көрші аралға жеткенін өзі де байқамай қалады. Қайық жағажайға тірелгенде құтқарғанына рахмет айтайын деп жан-жағына қараса, әлгі абыз әлдеқайда кетіп қалыпты.
«Ойпырмай, ол қайда кетті екен?» деп сұрастырса, өзге сезімдер: «Ол күте алмайтынын айтып, кетіп қалды» дейді.
«Алғысымды да айтып үлгермедім! Ол кім болады?» – деп сұрайды.
Сөйтсе, ол Уақыттың өзі екен.
Махаббатқа әрдайым Уақыт көмектеседі.
Шын махаббат қана уақытпен бірге ғасырларға жол тартады, бұл сезім уақытпен сыналады.
Махаббаттың қадірі Уақытпен ғана өлшенеді дейді шығыс даналығы.