Басты бет » Жаңалықтар » МҰЗҒА ТАМҒАН ТЕР

МҰЗҒА ТАМҒАН ТЕР

Тура тоғыз күннен кейін Ақ Олимпиаданың алауы тұтанады. XXV Қысқы Олимпиада ойындарын биыл Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалалары қабылдайды. Жаһандық жарыста Қазақстан құрамасының намысын 10 спорт түрі бойынша 36 спортшы қорғайды. Лицензия алғандардың ішінде шорт-трек шебері, жерлесіміз Абзал Әжіғалиев те бар.
Коньки – өмір. Тепе-теңдігіңді жоғалтсаң, құлайсың. Тобығың қисайса, топтан озу жоқ. 22 жылын мұзға арнаған шорт-трек шебері Абзал Әжіғалиев үшін өмірдің алтын қағидасы – осы!
Сырым ауданы, Жосалы топырағында туған Абзалдың көңілінде әкесі Абайдың буалдыр бейнесі ғана бар. 4 жасында асқар тауы құлаған ол анасының тілеуі үшін аяқтан тұрып, азамат болуға тиіс болды. Абайдың баласы бүгінде Алаштың баласына айналды.
Абзалдың спорттық мансабы – жүректің электрокардиограмма салған суретіндей. Шарықтау да бар, төмендеу де бар. Бірақ сыну, берілу деген жоқ!
Ол 2016 жылы АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында шорт-тректен өткен Әлем кубогында алтын ұтты. 500 метр жолды 40, 373 секундта ағып өтіпті. Келесі жылы Минск мұзында өткен додада тұғырынан бір саты кейін жылжыды. Бәлкім, Алматыда өткен дүниежүзілік Универсиадаға көп күш салып жіберді ме екен? Абзал Алатау баурайынан да бос қайтқан жоқ. Жеке шабыста күміс, командалық жарыста қола жүлдегер атанды. Кейінгі жылдары Канада, Нидерланды, АҚШ елдерінде өткен Әлем кубогы үшін таластарда да үштіктен түсіп көрген емес. 2023 жылы Абзал Әжіғалиев әлемнің ТОП-8 спортшысының қатарына енді.
Бірақ, «Сегіз ұлым бір төбе, Ер Төстігім бір төбе» дегендей, Абзалға медальдар ішінде Олимпиада алтыны керек еді.
Бұл ой оған Оралдағы мұз айдынға шығып, алғаш конькиге тұрған сәтте келген. Жеті жасар бала аяулы арманын жүрегінде жасырып ұстады. Тек анасы ғана ұлының зау биікке, Олимп шыңына бет алғанын түсінген еді.
Иә, мұзға тамған тердің орыны тесіліп, бір күні гүл өсіп шығары анық. Әр жарыс, әр шабыс, сырт-сырт еткен әр секунд оны арманына қарай жақындатып келеді.
Олимпиада алтынына алыс қалмағанын Абзал 2014 жылы Сочиде түсінген. Сол жылы ол мәреге бесінші болып кірді. Келесі мүмкіндік төрт жылдан кейін туды.
Бірақ 2018 жылы Кореяның Пхенчхан қаласында өткен ХХІІІ Қысқы Олимпиадалық ойындарда Абзалдың ойлағаны болмады. Бұл жолы бесінші емес, алтыншы болды. Тағдыр онымен қатал ойын ойнағандай. Милисекундтық айырма оның төрт жылдық табанды дайындығын жоқ қылып жіберді. Бірақ конькиінің жүзіне намысын жаныған Абзал сынбады, Бейжің Олимпиадасын күтті. Яғни, бейнет қайта басталды.
2022 жылы Абзал аспан асты елінің астанасына көк туды көтеріп кірді. Қытайдың бас шаһары Бейжіңде өткен Олимпиадаға шар болаттай шыңдалған Абзал барды. Медаль аламын деген үмітпен. Бірақ, 500 метрлік бәйгеде ол мәре сызығын төртінші болып кесті. Жаңа көрсеткіш. Қолаға қол созым қалды. Жеңіс тұғырына жетпеді, бірақ артта қанша жол жүрілген, қанша жыл сарп етілген?! Мансапты тоқтату керек пе?! Тағы төрт жыл шыдауға ердің ерік-жігері жете ме?!
Сол сәтте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан жеделхат жетті:
– Қазақстандықтар өзіңнің «Бейжің-2022» XXIV қысқы Олимпиада ойындарында көрсеткен өнеріңді асқан қызығушылықпен тамашалады. Олимпиаданың ашылу салтанатында көк Туды желбіретіп алып шықтың. Өз жанкүйерлеріңнің сенімін ақтап, шорт-тректен 500 метрге жүгіруде финалдық бәсекеге дейін жетіп, нәтижесінде 4-орын иелендің. Бұл осы спорт саласы бойынша жоғары көрсеткіш екені анық.
Дүбірлі додада нағыз ерік-жігер көрсеткенің және жеңіске ұмтылысың үшін Саған алғыс білдіре келіп, алдағы уақытта үлкен жетістіктерге жетіп, отандастарымызды қуанта бересің деп сенім артамын, – деп жазыпты Мемлекет басшысы.
Президенттің «Алдағы уақыттағы үлкен жетістік…» деп Милан Олимпиадасын меңгезенін Абзал анық түсінді.
Бейжіңде Қазақстан құрамасы сәтсіз өнер көрсетті. Шаңғышылардың да адымы ашылмады, шорт — трекшілер де оза алмады. Жанкүйерлер спортшыларды жұбатып жатса, кейбір топ “ Қысқы Олимпиада Қазақстанға не керек?! Шорт — трекшілер неге құлай береді?! Конькиге тұра алмаса, жарысқа неге барады?! Өңкей — туристер!” — деп наразылық білдіріп жатты.
Ал, Абзал болса ашынды. Себебі, еліміздегі мұз айдындары жеке қолға өтіп, жалға алу құны қымбаттап, оған ұлттық құраманың мүмкіндігі болмай, шорт — трекшілер конькилерін иығына асып, Ресейге, Еуропаға сабылып жүргенін, спорт сарайларында жаттығулар мен жарыстар емес, концерттер өтіп жататынын, спортшылардың жабдығы мен формалары мемлекеттік сатып алу талаптарының кесірінен үнемі кешігетінін әрі сапасыз болатынын, маңдай терлерін ақтамайтын мардымсыз жалақыларымен өз жыртықтарын өздері жамайтынын, тіпті мұзтабандарының бауы мен шегелерін де өздері сатып алатынын, спорт министрлігі спортшыларды тек Олимпиадаға бес — алты ай қалғанда іздейтінін ешкім білмейді.
Сондықтан, Абзал қоғам алдында ащы да ашық сұхбат берді. Шорт — трекшілердің жабдығы жадау екенін, тіпті коньки жүзін қаптайтын гейч пен веложаттығу жасайтын велосипед жоқтығын, халықаралық жарыстар Қазақстандағы спорт министрлігінің тендерін күтіп отырмайтынын айтты.
— Мұзға шыққанда Қазақстан Республикасы үшін, елдің намысы үшін шығамыз. Медаліміз, жеңісіміз елге керек, бірақ біздің мәселелер ешкімге керек емес. — деп налыды.
Өзіне пәтер, жоғары жалақы емес, командаластарына қолдау сұрады, демеушілер іздеді. Шыр еткен жан болмады. Тек аты әйгілі велошабандоз Александр Винокуров үйіне шақырып, өзінің тақымында жүрген темір тұлпарын мінгізіп жіберді.
— Мойыма, тоқтама Абзал! Жамбас сүйегімнің басы сынғанына қарамастан, мен де сынға түстім. Лондон Олимпиадасына үш ай қалғанда балдақпен жүрген едім. Бірақ, велосипедке отыруға күш таптым, 39 жасымда алтын алдым. Сенің де қолыңнан келеді! — деп жігерлендірді.
2018 жылы Абзал Әжіғалиев те Пхенчхан Олимпиадасынан кейін жарақат алып, денсаулығына зиян келді.
— Айығуға ұзақ уақыт кетті. Осы уақытта құрамадан шеттетілдім, өз қаражатына емделдім. Жарақат алсаң ешкімге керек емессің. Өзіңді, өміріңді спортқа арнайсың, соңында жалғыз қаласың. — дейді ол ауыр күндер туралы шорт — трекші.
Міне, Абзал Миланға “мың өліп, мың тіріліп”, мұздан да тайғанақ тағдыр жолдарынан аман өтіп, арманы үшін шешуші қадам жасауға бара жатыр. Біз батырымызға сенеміз!
Оншақты күн бұрын елордаға жолымыз түсіп, Абзал құрдасымызбен кездестік. Сол жақта тұратын Нұрбек Саламатов деген есім сойы елге белгілі өнерпаз бауырымыз дастархан жайып, “Tary” мейрамханасында таңға дейін әңгіме айттық.
Абзал кездесуге кешкі 22:00 — ден кете келді. “Алау” мұз айдынынан, кешкі жаттығудан шығыпты. Күнінің сегіз сағаты, аптаның алты күні мұз сарайында өтеді екен. Тәртіп! Кеспенің сорпасын ғана ішті, наннан да бір үзіп жеді. Шектеу!
Көзінде от бар! Сенім!
Қазір шорттрекшіміз Голландияда оқу-жаттығуда жүр. Сол жағынан гладиаторлар еліне асады. Абзалды әлемдік мұздағы әріптестері 500 метрлік қашықтықтың «падишасы» деп есептейді. Бейжіңде Олимпиада чемпиондары — Ву Да Цзин (Wu Dajing) атты Қытай шорт‑трек шебері мен Хван Дэ Хон атты Оңтүстік Кореяның жұлдызымен жарысып, озды. Биыл қайтер екен?! Құдай қаласа, Абзал алтын алады! Соған тілекші болайық!
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
журналист,
Сырым ауданы
Батыс Қазақстан облысы
Фотосуреттер: автордың Фейсбук парақшасынан