Басты бет » Жаңалықтар » Темірлан Анарбеков: «Мұндай матчта ойнау — бала күнгі арманым»

Темірлан Анарбеков: «Мұндай матчта ойнау — бала күнгі арманым»

«Қайрат» қақпашысы Чемпиондар лигасындағы «Арсеналға» қарсы матч алдында журналистердің сұрағына жауап берді.

«Қайрат» футбол клубының қақпашысы Темірлан Анарбеков  2003 жылы Атырау қаласында дүниеге келген.  

Жетістіктері: Қазақстан чемпионы (2020, 2025), Қазақстан Кубогының иегері (2021), Қазақстан Суперкубогының иегері (2025)

— «Арсеналға» қарсы матчқа дайынсыз ба, өзіңізді қалай сезінесіз? Бір жыл бұрын осындай қарсыласпен ойнайтыныңызды елестете алдыңыз ба?
— Ассалаумағалейкум. Сезімім ерекше. Бір жыл бұрын мұндай командаларға қарсы ойнаймыз деп ешкім ойлаған жоқ. Бұл матчта дайындық деңгейімізді жүз пайыз көрсетуге тырысамыз. Қарсыластың күші қандай болса да, өзіміздің ең жақсы қасиеттерімізді паш етеміз. Команда дайын. Трибунадан жанкүйерлеріміздің қолдауын сезінеміз деп үміттенемін.
— Сіз келісімшартыңызды 2028 жылға дейін ұзарттыңыз. Еуропадан ұсыныс болды ма, болашақта сізді еуропалық клубтардан көруіміз мүмкін бе?
— Менің «Қайратпен» жарамды келісімшартым бар. Басшылық ұсыныс түскен жағдайда бірден хабарлайтынын айтты. Қазір ондай ұсыныс болған жоқ. Мен — «Қайрат» ойыншысымын. Алдағы матчтарға дайындыққа толықтай көңіл бөліп отырмыз.
— «Арсенал» стандартты жағдайларға көп мән береді әрі бұрыштамадан жиі гол соғады. Қақпашы ретінде мұндай командаларға қарсы ойнау қаншалықты қиын?
— Біз дайындалып жатырмыз. Бұл аса қиын деп айта алмаймын. «Брюггеге» қарсы матчтағы қателеріме келсек, футболда бәрі болады. Стандарт кезінде қорғаныста жауапкершілікті арттырып, бір-бірімізге көбірек көмектесіп, ойынға мұқият дайындаламыз.
— «Эмирейтс» стадионына шығу — бұрынғы ареналармен салыстырғанда қандай әсер қалдырады? Атмосфера ерекше сезіле ме?
— Әрине. Бұл — бала күнгі арман. Құдай қаласа, сол алаңға шығып, арманды жүзеге асырамыз. Мұндай стадионда ойнайтын мүмкіндікке қатты қуанып отырмыз.
— АПЛ-де ойнау сіздің арманыңыз екенін ескерсек, бұл матчтың сіз үшін маңызы қандай?
— Қайталап айтамын, бұл — бала күнгі арманым. Балалық шағымда ағылшын Премьер-лигасы матчтарын үнемі теледидардан көретінмін. Сондықтан сезім ерекше. Ойын алдында қандай эмоция болатынын көреміз. Біз Чемпиондар лигасында жеткілікті матч өткіздік, өзімізді сенімдірек сезінеміз. Алаңға күрессіз шықпаймыз.
— УЕФА сізді Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі үздік 20 ойыншының қатарына қосты. Осылай мойындағаны сіз үшін нені білдіреді?
— Біз жанкүйерлердің қолдауын ақтауға тырысамыз. Командадағы әріптестеріме көп рақмет. Олар үнемі қолдап жүреді. Бірақ қазір ең бастысы — «Арсеналға» қарсы матчқа сапалы дайындалу.
Ақпарат: fckairat.com