Басты бет » Көлеңке » ҰЛТСЫЗДАНДЫРУҒА ҚАРСЫ КҮРЕС

ҰЛТСЫЗДАНДЫРУҒА ҚАРСЫ КҮРЕС

Kazak-Ely-1

(Мақала белгілі дипломат, Еуразия Ұлттық университетінің профессоры Сайлау Батырша-ұлы мен журналист Мұрат Алмасбекұлының «Тәуелсіздік жолындағы дипломатия» кітабынан)

М. Алмасбекұлы: Халықтың өткен тарихын, бүгіні мен болашағын ойлау – кейіпкеріміздің өмірлік ұстанымы. Оның алдына қойған биік мақсаттары – мемлекеттің тұтастығы, тәуелсіздіктің баянды болуы, халықтың бірлігі және ұлттың сақталуы үшін әлі де күресіп келеді.

С. Батыршаұлы: Патшалық Ресей уақытында ағарту министрлігінің «Об образовании инородцев» (Бұратаналарға білім беру туралы) атты арнайы өкімі шыққан, онда «целью образования всех инородцев, имеющихся в нашем отечестве, бесспорно, должно быть обрусение их и слияние с русским народом» деп айқын жазылған. Осы патша билігінің шешіміне сәйкес қазақ жерінде орыс-түзем мектептері (русско-туземные школы) пайда болды.

Мынау орыс патшасының жарлығын көріп отырсыздар, Ресей жаулап алған Сібір, Орталық Азия және Кавказ елдерін бодан ретінде ұстау үшін жергілікті халықтардан орысша білетін адамдарды дайындап, оларды патшалық колониалдық администрацияда қызметке жегу мақсаты болды. Ал совет уақытында қазақ, қырғыз, өзбек және түркімендерге орыс мектептерін ашуы Ресейдің қол астында болған бодан халықтардың сауатын көтеру деп жалған насихаттады.

Ал шын мәнінде жоғарыда көрсетілген орыс патшалығы жарлығының мақсаты – жергілікті азиялық халықтарды қол астында ұстау болды. Оларды тілі, мәдениеті мен әдет-ғұрпынан алыстатып, христиан дініне кіргізуге әрекет жасалды.

Бүгінде көпшілік мен өз отбасымды асырасам болды, ел қамын ойлайтын менен басқа да адамдар бар ғой деп бейқам жүреді. Ия, әркім өз отбасының жағдайын жасау керек. Алайда ұлтқа қызмет ету – бұл болашаққа қызмет ету, егер ұлт, мемлекет жойылса, келешек ұрпақ күң болатынын түсінбейді.

Біріңді қазақ, бірің дос,

Көрмесең істің бәрі бос.

Малыңды жауға, басыңды дауға,

Қор қылма, қорға, татулас, –

деп ойшыл ақын Абай атамыз тегін айтпаған.

Ал кемеңгер Ахмет Байтұрсынұлының «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – оның тілі» деген қағидаларын ұмытпау керек.

Бостандығынан, жері мен суынан айырылып, ұлттық намысы қорланған қазақ халқының аянышты халін ел қамқоршысы Ахмет Байтұрсынұлы күйініп, былай деп жазады:

«Қазағым, елім,

Қайқайып белің,

Сынуға тұр таянып.

Талауда малың,

Қамауда жаның,

Аш көзіңді, оянып.

Қанған жоқ па әлі ұйқың,

Ұйықтайтын бар не сиқың?!»

 Бүгінгі күнде қазақ халқының алдында тұрған күрделі мәселелерді мен былай деп айтар едім:

«Азаттыққа зар болып,

Алла Тағала жар болып,

Тәуелсіздік туын көтеріп,

Мемлекет болдың сен қазақ!

 

Әлемдік бар білімің,

Ешкімнен кем емес ұлыссың.

Дінді, жерді, намысты бермеске,

Әрекет жаса, күреске шық, сен қазақ!»

М. А.: Қазақтың ұлттық статусы Конституцияда қалай бекітілгені қайраткердің назарында. Сіз республикалық, ғылыми-практикалық конференцияда жасаған баяндама және мақалаларыңызда бүгінгі пайдаланып жүрген Конституцияда «қазақ халқы», «қазақ ұлты» деген сөздер жоқ дейсіз. Осының жайын тарқатып айтып берсеңіз…

С. Б.: Ия, бүгінгі Конституцияда «қазақ халқы, қазақ ұлты, қазақ жері, қазақ мемлекеті» деген сөздер жоқ.

Менің бұл жауабым өрескел естілетін шығар, бірақ мына жайға назарыңызды аударғым келеді. Әр адамның жеке паспорты болады. Онда аты-жөні, туған жері, туған жылы мен күні туралы мәліметтер жазылады. Сол сияқты мемлекеттің де паспорты бар, ол – Конституция. Міне, 1995 жылы 30 тамызда қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясынан бұрынғы «қазақ халқы», «қазақ ұлты», «қазақ жері», «қазақ мемлекеті» деген сөздер алынып тасталды. Республикамыздың аты тәуелсіздіктен бұрын Қазақ Советтік Социалистік Республикасы еді. Қазір социализм жоқ, Советтер Одағы да жоқ, сондықтан елде «Қазақ Республикасы» деп қалады деген сенім болды. Өкінішке орай, олай болмады. «Қазақ жері» деген сөзді бір-ақ жерден көресіз. Оның өзі Конституцияның преамбуласында ғана тұр. Оқып көрелік: «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, … егемендiк құқығымызды негiзге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз». Яғни, негізгі заң бойынша бүгінде қазақ жері жоқ, «байырғы», «бұрынғы» тарихта болған қазақтың жері деген сөз. Орысшасында да «на исконной (на бывшей исторической) казахской земле» дейді. Ал Совет Одағы кезінде Қазақ ССР Конституциясында бұл қазақтың жері деп жазылған. Конституцияны алып қарайтын болсақ, қазір «қазақ» деген халық жоқ. Сондықтан «мен қазақпын!» деп кеуде қағып, қазақ газет-журналдарында, радио-теледидар арқылы таңертеңнен кешке дейін ән айтып, өз-өзімізді алдап жүрміз. Мұратжан, екеуміз де «қазақ» емеспіз, «қазақстандықпыз». Оған дәлел – бүгінгі Конституция. Ал орыс тіліндегі республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында (БАҚ) жоғары лауазымды шендер орысша «казахский народ, казахская нация, казахская земля, казахское государство» деген сөздерді мүлдем пайдаланбайды. Олар тек қазақша «қазақ жері, елі, мемлекеті» деп жұртты алдап, жұбатып қояды.

1995 жылғы 30 тамызда жаңа Конституция қабылданды. Оған өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Конституция қабылданарда халықтың, қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың пікірімен санасып жазылуы керек еді. Парламент соңғы Конституцияның баптарын жеке-жеке талқылаған жоқ. Өркениетті елдерде Конституцияның әрбір бабы жеке-жеке талқылаудан, талдаудан өтеді. Ал біз референдумға салдық. Әдетте Конституция референдумда қабылданбайды. Референдумға нақтылы бір немесе екі сұрақ қана қойылады, мәселен, зейнеткер жасын 63-ке көтеру керек пе? – деген сияқты. Бізде 98 баптан тұратын Конституцияны референдумға салдық. Конституциядағы «Қазақстан» деген елдің атауын, «Қазақ» атауымен ауыстырайық деген мәселе қойылса, сонда қазақтардың 99 пайызы «Қазақ Республикасы» деген атауға дауыс беретініне сенемін. Ал осы мәселені Парламент депутаттары дауыс беріп шеше салды. Басқа ұлт өкілдерінің басым көпшілігі де бізді қолдайды. Бұған дәлел ретінде, ең алғашқы референдумға ұсынылған Конституция жобасында «Қазақ Республикасының Конституциясы» деп жазылған болатын. Мұны бүкіл халық талқылап, қолдаған соң, үкіметтің комиссиясы өзінше «Қазақстан Республикасының Конституциясы» деп өзгертіп жіберді.

Биліктің сондағы дәлелі, өзбектер «Өзбекстан Республикасы» деп атайды, тәжіктер де «Тәжікстан Республикасы» деп жазады. Бірақ олардың Конституцияларында «Өзбекстан Республикасы – өзбек халқының мемлекеті, өзбек жері, өзбек Президенті», «Тәжікстан Республикасы – тәжік мемлекеті, тәжік жері», сол сияқты «түрікмен халқы, түрікмен мемлекеті», «әзербайжан, армян, грузин, эстон, т.б. халықтарының жері және мемлекеті» деп тайға таңба басқандай жазылған. Олардан «байырғы замандағы өзбек немесе бұрынғы эстондардың жері» дегенді кездестірмейсіз.

Қырғыздар тәуелсіздік алған соң басқа ұлт өкілдері де тұрады деп қорықпай, Қырғыз Республикасы деп қалдырды. Тіпті, Ресей Федерациясының құрамындағы дербес мемлекеті жоқ шешендер мен ингуштар «Шешен Республикасы», «Ингуш Республикасы» дейді. Әлемде нақты ұлт атымен аталатын мемлекеттер Француз Республикасы, Чех Республикасы, Грек Республикасы, Словак Республикасы және басқа бар. Біз неден шошитынымызды түсінбеймін? Мұның себебі, ол – басшылықта отырғандардың әлі өздерін толық бостандық алғанын сезінбегендіктен. Арамызда «русофилдер» мен «қазахофобтар» бар екендігін, депутаттардың әлемдік жағдайдан, халықаралық құқықтан хабарсыз екендігін көрсетеді.

Сараптап көрсеңіз, «қазақстандық» (казахстанский народ, казахстанское государство) деп өз ұлтының атын өшіріп, жердің, мемлекеттің атауын өзгертіп отырған біз ғана.

Сонда тәуелсіздікті не үшін алдық, ұлтымыздың, мемлекетіміздің атауын, затын өзгерту үшін бе? Осы мәселені көтере қалсаң болды, үкімет «өзге ұлттарды қайтеміз, олардың көңілдеріне қаяу түседі» деп шығады. Ал жоғарыда айтылған елдерде өзге ұлттың өкілдері тұрмай ма екен? Қазір дүниежүзінде жүз пайыз жалғыз ұлттан тұратын, бірде-бір мемлекет жоқ. Сауда-экономикалық байланыс, миграция жүріп жатқан заманда барлық мемлекетте өзге ұлт өкілдерінің болуы заңдылық. Олар жеке халық емес, келімсектер, яғни халықаралық терминде «диаспора» деп аталады. Мемлекет атауы сол елдің, сол жердің иесінің атымен аталуы тиіс. 1995 жылы Конституциядан «қазақ» деген сөзді алып тастағанымен, соңғы жылдарға дейін шетелден мемлекет, үкімет басшыларының атына келген құттықтаулар «Біз қазақ халқын тәуелсіздік күнімен құттықтаймыз!..» деп басталады. Кейін олар да біздің елдің Конституциясында «қазақ халқы» ұғымы жоқ екенін біліп, ресми құжаттарын «қазақстан халқы», «қазақстандық халық» деп жазатын болды. Біз өзбектер, қырғыздар, грузиндер және басқа мемлекеттермен ресми құжаттарға қол қойғанда, қазақ-өзбек, қазақ-қырғыз, қазақ-грузин қатынасы деп жаза алмаймыз, себебі «қазақ» деген ұлт Конституциямызда жоқ, яғни өз құқымызды өзіміз жоғалтып отырмыз. Міне, мәселе қайда? Сондықтан екі мемлекет арасындағы ресми құжаттарда «өзбек мемлекеті» және «қазақстандық мемлекет», «узбекско-казахстанская граница» деп жазылды. Мұны қалай түсінуге болады?

Қорыта айтсақ, біз Конституцияны өзгертіп, «Қазақстан Республикасы» деген сөздің орнына «Қазақ Республикасы» деп түзету енгізуіміз керек. Тіпті болмаса, басқа ТМД мемлекеттері сияқты, Конституцияға «қазақ жері, қазақ ұлты, қазақ мемлекеті» деген терминдерді қосу керек.

Совет Одағы кезінде ғарышқа ұшқан Т. Әубәкіров пен Т. Мұсабаевты «қазақ ғарышкерлері» деп атаған, әр республика, әр халық өзінің ғарышкерін мақтаныш етеді. Ал тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін ғарышкерлерімізді «казахстанский космановт» деп айту ұрпақ алдында ұят іс. ҚР Конституциясында «қазақ ұлтының өзін-өзі билеу құқығын растай отырып» деген қағиданы жоққа шығаруға, азаматтардың ұлтын өзгертуге ешкімнің құқығы жоқ. Шетелдік БАҚ құралдары осы уақытқа дейін біздің қателігімізді түзетіп, «қазақ халқы», «қазақ мемлекеті», «қазақ жері» деп атап келгеніне рахмет.

1959 жылғы бүкілодақтық санақ бойынша қазақтар республикада 29,3% құрғанда да біз қазақ халқы, Қазақ Республикасы болып тұрдық. Орыстар Совет Одағы халқының жартысын ғана құраған, оған қарамастан бүкіл халық орысша сөйледі. Ал Иран елінде көп ұлттың өкілдері – парсы, азербайжан, араб, пуштун, өзбек, тәжік, пенжаб, түрікмен, курд, тіпті қазақтар да бар. Негізі жергілікті халық – парсылардың үлесі 35 пайыз. Бірақ президент, үкімет басшысы, депутаттар, министрлер барлығы парсыша сөйлейді. Ирандағы азербайжандар он төрт миллионнан асады, өзбектер, тәжіктер де аз емес, бәрі парсы тілінде сөйлейді. Келімсектер жергілікті халықтың тілінде сөйлеуі – бұл дүние жүзінде қалыптасқан жағдай. Өйткені, мемлекетті құрайтын бір ұлт болады. Бізді «көпұлтты мемлекет» дейді, бұл – түбірімен қате.

М. А.: Сіз дипломат ретінде шетелдердің жағдайын білесіз. Сонымен, біздің республикада қанша ұлт бар деп есептейсіз?

С. Б.: Қазақстанда бір ұлт бар, ол – қазақ ұлты, қалғандары – диаспоралар, яғни басқа ұлт өкілдері. Әр халықтың өз жері, отаны бар, мысалы: орыстікі – Ресей, украиндікі – Украина, қырғыздікі – Қырғызстан, грузиндікі – Грузия, поляктардікі – Польша, т.б. Үкіметте отырған шенеуніктер білімсіздігінен қателесіп, әр диаспорадан бір-бір ұлт жасап отыр.

Тәуелсіздік алғанда ресми статистика бойынша 56 ұлт өкілі бар болатын. Ол Елбасының баяндамаларында айтылған. Одан көп ұзамай 76, екі жылдан кейін 86 ұлт болды деді. Статистика осыдан жеті жыл бұрын 100-ге жеткізіп еді, енді 130 ұлттар мен ұлыстар дейді. Яғни, мемлекеттік статистика сандарды қолдан жасап жатыр. 2010 жылы «Ел бірлігі доктринасының» жобасында 140 ұлт деп жазып жіберді. Қазақстанда 50-ге жуық диаспора бар, қалғандары жүз адамға да жетпейді. Кеңес уақытында КПСС Бас хатшысы Л.И. Брежнев қартайған шағында «Казахстан – лаборатория дружбы народов», «Казахстан – планета ста языков» деп айтып қалған ғой. Содан шабармандары жанталасып қазақ жерінде тұрып жатқан өзге ұлттардың санын 100-ге жеткізуге тырысып бақты. Сол кездегі СССР статистикасы бойынша Қазақстанда 13 голландық тұрады екен, олар – кезінде шеттен Совет Одағына келіп паналаған коммунистер. Одан кейінгі орындарда 11 коми, 9 чуваш, қалғандары бір-бір чукча, эвенк, ненец, тағы басқа біз білмейтін этностарды жеке ұлт ретінде жазып жіберген. Онда да жүзге жете алмай 90-ға тоқтапты. Сол кезде Қазақ ССР-інің халық саны 19 млн болатын. Бүгінде 1,5 миллионға азайды, басқа ұлттың өкілдері көшіп кетіп жатқанда, қалайша 56 ұлыстан 140-қа дейін көбейеді? Қисынға келмейді, керісінше, азаю керек қой. Ал біздің елде «көпұлтты халық» деген ұғымды қалыптастырғысы келеді. Сонда Қазақстандағы орыстар бір ұлт, Ресейдегі, Украинадағы, Эстониядағы, Латвиядағы, т.б. елдердегі орыстар жеке-жеке бірнеше ұлт болғаны ма?

Осы орайда, Алаш арыстарының бірі, Алаш мемлекетінің негізін салушы Міржақып Дулатұлының өткен ғасырда-ақ жазып кеткен өлеңі еске түседі.

Алыстан Алаш десе, аттанамын

Қазақты қазақ десе, мақтанамын.

Болғанда әкем қазақ, шешем қазақ

Мен неге қазақтықтан сақтанамын?! –

деп, өз ұлтын қастерлеуге шақырған. Ал бүгінде бостандық жағдайда кейбіреулер неге қазақ болудан жасқанады?

Ұлтты ұлт ететін – оның тілі, дәстүрі, мәдениеті және ортақ жері. Белгілі тарихшы, академик Манаш Қозыбаев: «Қазақ халқы – өр халық, білім ізденуші халық. Ұлт намысына мінсең, сен алмайтын қамал жоқ. Ұлт өзінің намысына мінбесе – ол тобыр. Намысы жоқ қазақ ыға береді, бар пәле оған жұға береді» демекші, ендігі жерде ештеңеге жалтақтаудың қажеті жоқ. Негізі ұлт деген түсінікті оның тілі айқындап береді. Тілін ұмытқан адамдардың ұлттық сипатынан айырылғанын үнемі көріп жүрміз…

Пікір жазу