Лудомания – құмаройынға деген тәуелділік. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ойынқұмарлықты ұйымы психикалық ауытқуға душар ететін аса ауыр аурулардың қатарына енгізген. Себебі оны психикалық ауытқу дерті ретінде растаған. Ол наркомания, алкоголизм секілді аурулар қатарына жатады. Зерттеулерге сүйенетін болсақ, әрбір сегізінші адам құмаройын ойнайды екен. Құмаройынның шырмауына әйелдерге қарағанда көбінесе ер адамдар мен жастар жиі ілігеді. Оның салдарынан көптеген шаңырақ шайқалып, ажырасып жатыр, тіпті өмірден өзін жоғалтып, өз-өзіне қол жұмсау деректері де анықталуда.
Сурет: kazislam.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында лудоманияға қатысты пікірін айтқан болатын.
«Мен былтырғы Құрылтайда балалар мен жастардың денсаулығына, яғни тұтас ұлттың болашағына орасан зор зиян келтіріп жатқан «вейптердің» таралуына тосқауыл қою үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігін айттым. Қазір Парламентте вейптерді елге әкелген, оны өндірген және таратқан адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды көздейтін заң жобасы қаралып жатыр. Бұл қадам бүгінде сәнге айналған осы бір қауіпті кеселдің таралуын едәуір шектеп, бетін қайтаратынына сенімдімін.
Сондай-ақ ақпарат құралдары арқылы жан-жақты түсіндіру жұмысы жүргізілуге тиіс. Бұл – ұлт саулығына да, еліміздің абырой-беделіне де кесірін тигізетін әдет. Біз өркениетті ел боламыз десек, одан толық арылуымыз керек.
Сол сияқты тағы бір қауіпті кесел – лудомания, яғни құмарпаздық. Кейбір мәліметтерге қарасақ, 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті. Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіш. Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмаройын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн-ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады. Құзырлы органдар былтыр интернет-казиноның белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы құмаройынға шалдықққан адамдардың жағдайын қалай өзгертуге болатынын да айтқан болатын.
«…Балаларды, жасөспірімдерді футболға қызықтыру арқылы лудомания, нашақорлық мәселесін біршама шешуге болады. Осы салаға жауапты министрлік, Футбол федерациясы, жергілікті атқарушы органдар, кәсіпкерлер клубтық футболды коммерцияландыруға нақты кірісуі керек.
Клубтар облыстық бюджеттерге ғана арқа сүйемей, шетелдердегі секілді өздері де табыс табуды үйренуі керек», – деді Президент.
Психологтардың айтуынша, қарапайым адамның бір мезетте лудоманияға айналып кетуі бір-ақ сәт. Себебі құмаройынның буына кірген адамда тәуелділік артып, күн сайын ойнау әдетке айналып, ойынға соңғы ақшасына дейін тігіп жібереді екен. Дейтұрғанмен, құмаройын құрығында жүрген адам өзінің лудоман екенін мойындамайды. Десе де, оны ойынқұмардың көңіл күйі мен жүріс-тұрысына қарап, айналадағы адаммен қарым-қатынасын бақылай отырып аңғаруға болады. Әдетте, лудоман адамдардың басым көпшілігі үнемі күйзеліс пен уайым-қайғыда жүреді. Сондай-ақ оның қасында жүретін досы мен жақынына да бұл дерттің жұғып кетуі мүмкін екен.
Психология саласында 7 жылдық тәжірибесі психолог-аддиктолог Жұлдыз Байұхановамен осы тақырып аясында сұхбаттасып, бұл дертің мән-жайын толығырақ сұрап білдік.
Психолог алкогольдік, нашақорлық және құмаройындарға тәуелділіктен шығуға адамдарға көмектеседі. Психологиялық әдістермен қатар, коучинг техникасын қолданады, клиенттерге мақсаттар қоюға, міндеттерді анықтауға көмектеседі. Сондай-ақ діни аспектілерді қозғайды, себебі адамдарға өз әрекеттері үшін жауапкершілік алуға көмектеседі және оны басқа адамдарға жүктемеуге үйретеді.
Жұлдыз Байұханова – «Стоп ойын» кітабының авторы. Кітап – тәуелділіктің қалыптасуы мен одан шығу жолдарына арналған оқу құралы. Мақсаты – балаларда өз әрекеттері үшін жауапкершілік қалыптастырудың маңыздылығын кең аудиторияға жеткізу. Сонымен қатар психолог созависимді адамдармен жұмыс істейді, оларды «құрбан» күйінен шығуға, басқаларды құтқаруды доғарып, өз өмірлерімен айналысуға көмектеседі. Арнайы коучингтік әдістер мен жарақаттарды өңдеу техникасын қолданады.
– Жұлдыз ханым, лудомания дегеніміз не? Ол қалай пайда болады?
– Лудоман дегеніміз – өмірі қанша құлдыраса да ойнауды жалғастыра беретін адам. Елестетіңізші, ойыншының миы – бала сияқты, дүкен сөресіндегі кәмпит секілді болады. Сіз оған бір кәмпит бересіз (ұтыс), ол қуанады. Бірақ тіпті кәмпит берілмесе де (жеңіліс), себебі бала бәрібір күтіп, үміттенеді: «Келесі жолы беріп қалар?» Құмаройындары дәл солай жұмыс істейді: ми тек жеңістен ғана емес, оны күтуден де ләззат алады. Уақыт өте келе адам өз-өзін тоқтату қабілетін жоғалтады. Ол рахат үшін емес, тоқтай алмайтындықтан ойнай береді – бейнебір біреу «ойнай бер» деген батырманы басып тұрғандай. Ақшасы болмаса да, отбасы зардап шексе де, бәрібір жалғастыра береді. Лудомания – жай ғана жаман әдет емес, есірткі немесе алкоголь сияқты тәуелділік. Және кез келген тәуелділік сияқты, ол да күрделі емдеуді және мәселені түсінуді талап етеді. Құмаройындарға тәуелділіктің салдарынан адам өзінің салған ставкаларын бақылай алмай қалады.
– Лудоманияны ауруға жатқызудағы себеп қандай?
– Иә, лудомания – бұл жай ғана зиянды әдет емес, ресми түрде мойындалған ауру. Ол Халықаралық аурулар жіктемесіне (ICD-11) «Құмаройындарға патологиялық тәуелділік» ретінде енгізілген. Бұл жай ғана «жігердің жетіспеуі» емес. Бұл – ми жұмысының бұзылуы, ол кез келген тәуелділік сияқты күрделі емдеуді қажет етеді.
– Ойынқұмарлықтан адам өздігінен арылуы мүмкін бе?
– Лудоманиядан өз бетінше арылу өте қиын, бірақ егер тәуелділік әлі тым асқынбаған болса, арылу мүмкін. Ең бастысы, бұл – әлсіздік емес, ауру екенін түсініп, тәуелділікті емдеуге дұрыс қарау. Бірақ бұл созылмалы ауру, яғни адам әрқашан «құлдырау» қаупіне ие болады, алкоголизм немесе нашақорлық сияқты. Бірақ дұрыс емдеу және өзін-өзі бақылау арқылы толыққанды өмір сүруге болады.
Біріншіден, мәселені мойындау – құмаройындар сізді басқаратынын түсіну.
Екіншіден, ойындарға толықтай қолжетімділікті жабу – қосымшаларды өшіру, аккаунттарды бұғаттау.
Үшінші, азартқа балама табу – спорт, жаңа хобби, адреналин беретін, бірақ ақша жоғалтпайтын жұмыс.
Төртіншіден, ойнаудың себебін түсіну – стресс, іш пысу, тез ақша табу ниеті. Егер түпкі себебі жойылмаса, тәуелділік қайталануы мүмкін.
Бесіншіден, жақын адамдарға айту, олардың көмегін сұрау – жасырын күрес сазбалшықтан жалғыз шығуға тырысумен тең.
– Қандай жандар ойынқұмарлыққа бейім келеді? Лудоманияға не себеп болады?
– Лудомания құрбандарын кездейсоқ таңдамайды. Құмаройындарға бейім адамдарды белгілі бір ерекшеліктер мен жағдайлар біріктіреді. Мысалы, адреналин іздеушілер, импульсивті адамдар, депрессия немесе мазасыздық бар адамдар, жалғызбастылар үшін ойын эмоциялардың орнына жүреді. Қаржылық қиындықтары бар адамдар – тез байығысы келетіндер. Құмаройындар ортасында өскендер – егер ата-анасы ойнаса, олар да бұл әрекетті қалыпты деп қабылдауы мүмкін. Лудомания – бұл мінездің әлсіздігі емес, адамның әлсіз тұсын дәл тауып, соны пайдаланатын ауру.
– Ойынқұмар адамның жақындары қандай ақыл-кеңес бересіз?
– Егер жақыныңыз лудоман болса, не істеу керек?
Лудомания – бұл тек бір адамның мәселесі емес, себебі ол жағдайдан бүкіл отбасы зардап шегеді. Бірақ айыптау, қорқыту және тыйым салу көмектеспейді.
Не істеуге болады?
- Оны құтқармаңыз – қарызын төлеу арқылы оған ойнауды жалғастыруға мүмкіндік бересіз.
- Айла-тәсілдерге түспеңіз – олар уәде береді, жалынады, бірақ іс-әрекеттеріне қараңыз.
- Қаржылық бақылауды өз қолыңызға алыңыз – қолма-қол ақша бермеңіз.
- Айғайсыз, нақты сөйлесіңіз – «Мен саған ақша бермеймін, егер сен емделуге бармасаң».
- Кәсіби көмек іздеуге көмектесіңіз – психолог, анонимді ойыншылар тобы.
Не айтуға болмайды?
- «Сен бізді құрдымға жібердің!», «Балаларды ойламайсың ба?!» Бұндай сөздер тек агрессияны тудырады.
Оның орнына:
- «Мен сенің қарыздарыңды жаппаймын», «Саған көмектескім келеді, бірақ сен алдымен ем қабылдауға дайын болуың керек».
Лудомания – бұл бүкіл отбасының күйреуіне әкелетін мәселе. Жақыныңыздың тәуелділігі үшін өз өміріңізді құрбан етпеңіз.
– Жас бала ойынқұмар болмау үшін не істеу керек?
– Лудоманияны емдегеннен гөрі алдын алу оңайырақ.
- Қаржылық сауаттылықты дамыту – «тегін ірімшік тек қақпанда» болатынын түсіндіру.
- Құмаройындардың қалай жұмыс істейтінін түсіндіру – казино – бұл бизнес, олар ұтылуы үшін құрылған.
- Стресті дұрыс шешуді үйрету – спорт, саяхат, шығармашылық арқылы ләззат алуды үйрету.
- Сын тұрғысынан ойлауды дамыту – «егер біреу жеңіс формуласын тапса, неге оны маған сатады?» деп ойлау.
- Балалар мен жасөспірімдерге бақылауды күшейту – интернеттегі құмаройындарға шектеу қою.
- Шынайы оқиғаларды көрсету – миллиондарын жоғалтқан адамдар туралы деректі фильмдер көру.
Құмаройындарға түспеу үшін ақшаны, эмоцияларды және тәуекелді басқаруды үйрену керек.
Жұлдыз Байұханованың авторлық «Ойынды тоқтат» кітабынан үзінді ұсынамыз.
АЛҒЫ СӨЗ
Бұл кітап – өмірі тәуелділіктің тұтқынына айналған жандарға арналған. Психологиялық жарақаттың, генетикалық бейімділіктің немесе ауыр өмірлік жағдайлардың құрбаны болған адамдарға арналған. Бұл – күрес, азап және тәуелділіктің адамның өмірін қалай талқандайтыны туралы әңгіме. Ол тек өмірдің қуанышын ғана емес, адамның өзін де тартып алады.
Қандай өкінішті, сен бұл білім менің қолыма түскен күнге дейін өмір сүрмедің. Егер мен сол кезде қазір білетінімді білгенімде…
Менің жастарға үндеуім:
Жастар, тәуелділік – бұл басыңызды ұрып өтіп кететін кетпен емес, ол – қақпан. Одан шығу – екінің біріне бұйырмайтын мүмкіндік. «Жай ғана қызығушылық» үшін байқап көрудің қажеті жоқ. Әрбір талпыныс сізді құрдымға жақындатады. Мен өмір жолына енді ғана қадам басқан жандарға айтқым келеді: тоқтаңыз, өз әлсіздігіңізге немесе қызығушылығыңызға ерік беріп, бұл жойқын әлемге түспеңіз.
Нашақорлық, алкогольге немесе құмаройындарға тәуелділік – бұл «көңілді уақыт өткізу» емес. Бұл – бостандықтан, абыройдан және болашақтан айыратын жол. Бұл әлемді құрған адамдар сіздің бақытыңыз туралы ойламайды. Оларға сіздің ақшаңыз ғана керек. Олар сіздің өміріңізді азапқа айналдырып, соның есебінен байып жатыр. Сақ болыңыз. Бостандық пен бақыт – бір сәттік елес үшін жоғалтуға болмайтын ең құнды нәрсе.
Неге мен бұл жолды таңдадым?
Тәуелді адамдармен жұмыс істеу – менің саналы таңдауым. Мүмкін, мен бәріне көмектесе алмайтын шығармын. Бірақ егер осы кітапты оқыған бір адам болсын әлі де кеш емес екенін түсініп, өмірін өзгертуге шешім қабылдаса, онда менің еңбегім бекер болмағаны.
ҚҰМАРОЙЫНДАР ЖӘНЕ ЛУДОМАНИЯ
Тәуелділік мені әрдайым аңдып жүрді, бірақ өмірімдегі ең қиратушысы – ойын автоматтарына байланыстылығы болды. 2000 жылдардың басы, бұл жарқыраған машиналар барлық жерде тұрды: дүкендерде, базарларда, қараңғы бұрыштарда, мен сияқты адамдар жиналатын жерлерде. Алғашында мен оларды қызығушылықпен байқап көрдім, ұсақ тиындар салып, жай ғана ойнадым. Бұл зиянсыз ермек сияқты көрінді, тек азғантай тәуекел мен толқу. Оның үстіне, басында мен жеңіске жететінмін, бұл менің қызығушылығымды одан әрі оятты.
Уақыт өте келе, бұл толқу шынайы әуестікке айналды. Бірде мен іссапармен Талдықорғанға бардым. Қолымда іссапарлық қаражат және маған сеніп тапсырылған кассалық ақша болды. Сол жерде құрбыммен кездестім, біз жазғы кафеде отырып әңгімелестік. Бірнеше бокал сыра ішіп, қайтуға дайындалып жатқанымызда, есік алдында әлгі қарғыс атқан автоматты көріп қалдым. Әрине, жай ғана өтіп кете алмадым. Алғашында азғана ақша жоғалттым, бірақ қолдарым дірілдей бастады, көздерім жайнап, жүрегім қатты соғып, қаным шекеме ұрғаны соншалықты, тыныс алуым қиындап кетті. «Тағы бір рет, тек бір рет, міндетті түрде қайтарамын» – бұл ой санамда мантрадай қайталанып тұрды. Бірінен соң бірі тиындарды салып жаттым, ал автомат менің ақшамды мүлдем аяусыз жұтып жатты. Соңғы ақшамды ұтылып қалғанымды түсінген сәтте менің ішімде бәрі қирады. Саусақтарым қатты күйзеліспен түймелерді баса берді, бейнебір менің өмірім соған тәуелді болғандай.
Құрбым менің ақыл-есімді жоғалтып бара жатқанымды көріп, қолдарымнан ұстап, автоматтан алып кетуге тырысты, маған гипноздан оятып жатқандай көрінді. Бірақ мен босап шығуға тырыстым, жылап, қарызға ақша сұрадым. «Мен міндетті түрде ұтамын! Өтінемін, аз ғана ақша бере тұр, бәрін қайтарып беремін!» – деп айқайладым дірілдеген дауыспен. Құрбымның көздерінде таңданыс, үрей және маған деген жанашырлық болды, бірақ ол берік болды – бір тиын да бермеді. Ол мені автоматтан жұлып алып, жойылудан сақтап қалды. Мен ессіз адамға айналған едім, ойыннан басқа ешнәрсе ойлай алмадым.
Біз оның үйіне бардық, мен ашу үстінде болдым, жүйкем жұқарды, бірінен соң бірі темекі тарта бердім. Түнде көз іле алмадым, төбеге қарап, басымда ойлар тасқындай берді. «Мен қалайша бәрін жоғалттым?» – бұл сұрақ қайта-қайта ойымнан кетпеді. «Қайтарып алуым керек, қайтарып алуым керек» – бұл ойлар мені жынды қылып жібере жаздады.
Қарыздарды өтеу ұзақ уақытқа созылды, бастыққа өтірік айтуға, ақтала білуге, шығатын жол іздеуге тура келді. Айлар өтті, мен бұл шынымен бітпейтін тұзақ екенін түсіндім. Әр жолы мен ақшаны қайтаруға тырысқан сайын, өзімнің мойныма ілінген жіпті одан әрі тарта бердім. Бұл өмір емес еді, бұл жай ғана сәттілік елесінің соңынан қуалаған бітпейтін жарыс екенін түсіндім.
Перизат САПАРОВА,
Jastar janary