Арман Әубәкір, журналист
Жастарды әлеуметтендіру дегеніміз – шығармашылық, спорттық, әкери-патриоттық, зияткерлік, қоғамдық белсенділік, ұлттық құныдылықтарды тану, өз-өзін бағалау тұрғысынан жас толқынның болашақ тұлға ретінде қалыптасуына жалпы жағдай жасау. Әрбір баланың дамуы – ең әуелі оның өз-өзіне деген сенімділігін арттырумен тікелей байланысты.
Абай атамыз айтады: «Жүректе оты жоқ адамда ми болмас» деп. Расында, жүректе оты бар бала кез келген қиындықты жеңіп шығады, биік асуларды бағындырады. Сол жүректегі от ұшқынын дарытатын – отбасында ата-ана, мектепте ұстаздар қауымы.
Ең бірінші, ата-анадан кейін ұстаздар қауымы балалардың өз-өздеріне деген сенімділіктерін арттыруда өте маңызды қызмет атқарады. Баланы көтермелеп, оның бойында жасырынып жатқан жақсы қырларын танып, соны дамыту арқылы үлкен тұлға қалыптастыруға болады. Атаулы жоба ең әуелі балалардың өз-өздеріне деген сенімін арттыруға көмектеседі деп сенеміз.
«Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап», — деп Абай атамыз да жастарды өзгеге емес, өз-өздеріне сенуге шақырып тұрған жоқ па?
Бала кезімде математика сабағынан нашарларды төмендетіп, есепке жүйріктерді көтермелейтін үрдіс болатын. Есепке қырсыз болса да, бойында өзге қабілеттері жақсы дамыған балалар тасада қалып қоятын жағдайлар кездесетін. Қазір де сондай болуы мүмкін. Жастарды қабілет-қарымдарына қарай бағыттап, салалап дамыту көптеген дамыған елдерде бұрыннан жолға қойылған. Атаулы жоба жастарды әлеуметтендіруде осы мәселені басты назарда ұстайды. Жастар мен балалар өз жан қалауы мен сұраныстарына орай жоғарыда аталған 6 бағыттың кез келгенін таңдау арқылы бойындағы қабілетті шыңдауға мүмкіндік алмақшы.
Сонымен бірге, бұл жоба жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға таптырмас мүмкіндік. Байқау үлгісінде балаларды қызықтыру, өзара бәсекелестікті арттыру бұрыннан бар әдіс. Осы әдісті қолдана отырып, ғылым-білімге ұмтылған жас ұрпақтың сапалы тұлға ретінде қалыптасып, ел болашағына үлес қосу көзделеді.
«Күнi-түнi дей көpмe, ғылым iзде,
Қалсын десең артыңда адам атың», — деп Шәкәрім атамыз жас толқынға уақытты тиімді пайдаланып, ғылым-білімге көңіл бөліп, тұлға ретінде қалыптасуға үндейді.
«Жасымда ғылым бар деп ескермедім.
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ер жеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім», — деп Абай атамыз да жастық шақтағы ғылым-білімнің қадірін ұқтырады.
Ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, бабалар ерлігін жадына тоқып өскен бала ертең елге қызмет етер ірі тұлға болып қалыптасары сөзсіз. Әл-Фараби «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас-жауы» дейді. Ол тәрбие әлбетте ұлттық тәрбие болуы керек. Қаншама өте білімді азаматтар жағдайын жасап алып шет елдерге көшіп кетіп жатыр. Олардың тәрбиесі нашар ма? Жоқ. Олардың өз еліне, жеріне деген махаббаты төмен. Сол дүниені беретін ең бірінші ұлттық тәрбие, ұлттық құндылықтарымыз ғой.
«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек», — деп Абай толық адам болудың жолын сілтейді. Жүрегінде оты бар адам алдыға ұмтылады. Алдыға ұмтылған кісіде қайрат-жігердің болуы заңды. Талпыныс, ұмтылыс, әрекет, еңбек – ақылды толықтырады, білімді арттырады. Толық тұлға дегеніміз – осы.
ҚР Қоғамдық даму министрлігі мен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» қолдауымен Батыс Қазақстан облысы бойынша іске қосылып жатқан жастарды әлеуметтендіру бойынша жобамызда ұлттық құндылықтарға да ерекше көңіл бөлудеміз.
Жастарды тұлға ретінде өзіндік көзқарасын қалыптастыруда өз тәжірбиелеріңіз бен ұсыныстарыңыз болса, пікір ретінде жаза отырыңыздар.