Басты бет » Жаңалықтар » Астанада ұлдар мен қыздар үшін ұлттық-танымдық курстар өтуде

Астанада ұлдар мен қыздар үшін ұлттық-танымдық курстар өтуде

Астана қаласында «Заң және тәртіп» акциясы аясында «Ұл тәрбиесі – ұлттың тірегі» және «Қызым, саған айтам – 2» атты жазғы онкүндік курстар жалғасып жатыр, деп хабарлайды Jastar janary Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Курстарды қалалық әкімдікке қарасты Дін істері басқармасының қолдауымен «QAMQOR-ASTANA» қоғамдық қоры ұйымдастыруда.

Іс-шараның басты мақсаты – қазақ халқының рухани-мәдени мұрасын насихаттау, өскелең ұрпақты ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрге баулу, ұлттық тәрбие беру, адамгершілік қасиеттерді, азаматтық пен патриоттық сезімді қалыптастыру.

Мұндай курстар алғаш рет 2024 жылы Бурабай ұлттық паркінің аумағында орналасқан «Жетіқазына» этноауылында басталған болатын. Ал биыл ұлттық-интеллектуалдық курстар Астана маңындағы «Тереңкөл» этноауылында өтіп жатыр.

Курсқа тәлімгер ретінде этнограф, ұлттық құндылықтарды насихаттаушы Тұрар Саттарқызы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ардақ Назаров, «Толағай» ұлттық спорт федерациясының жетекшісі Темір Спатаев, педагог-психолог әрі сарапшы Жұлдыз Жаңабергенова, тарих ғылымдарының докторы, республикалық ақпараттық-ағартушылық топтың мүшесі Жарас Ахан, тарих ғылымдарының кандидаты Зылиха Ибадуллаева, «Қазақ радиосының» редакторы, театр және кино актрисасы Толқын Сұлтанова, қолөнер шеберлері Алтынай Тәңірбергенова мен Амантай Тұрсынбүбі, сондай-ақ қордың теологтары мен психологтары қатысты.

– Қыз баланы тәрбиелеу – тұтас ұлтты тәрбиелеу дейді емес пе?!
Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесі­гіңді түзе» деген аталы сөзі бар. Ал бесікті тербетер, дүние­ге ұрпақ әкелетін қыз тәр­биесіне тек отбасы емес, бүкіл қоғам атсалысуы қажет. Өскелең ұрпақтың өнегелі болып өсуі үшін мұндай танымдық іс-шаралар ұдайы өтуі керек. Іс-шараны ұйымдастырушыларға, ұстаздарға алғысымыз шексіз! Осындай ұрпаққа тигізер пайдасы зор дүниеге атсалысуға мүмкіндік бергендеріңізге шексіз ризамыз! Ұлт болашағына қажет дүние жасап жатырсыздар! – дейді ұлт жанашыры Тұрар Сәттарқызы.

Курс аясында ұлттық құндылықтар, дәстүрлер мен ерліктің үлгілері жөнінде теориялық дәрістер оқылып, тәжірибелік сабақтар өткізілді. Қатысушылар садақ ату, атқа міну, қой сою, ұлттық тағам дайындау, самаурын қою, дәстүрлі әшекей бұйымдарды жасау, сондай-ақ асық ату, садақ ату, найза лақтыру, ләңгі ойнау, қой көтеру сынды ұлттық спорт түрлерінен жарыстарға қатысты.

Әр курс аяқталған соң ұйымдастырушылар тарапынан қатысушыларға ақшалай сертификаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.